- Advertisement -

Кітап оқығанның көкжиегі кең

96

- Advertisement -

«Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» республикалық жобасы аясында отбасылық құндылықты, ұлттық дәстүрді сақтап, өскелең ұрпаққа жеткізу мақсатында «Анаға тағзым» орталығы биыл екінші рет «Анаммен бірге кітап оқимын» отбасылық шығармашылық байқауын ұйымдастырды.

Байқауға 12 мен 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер анасымен бірге қатысты. Дайындық барысында анасы мен баласы 3 ай уақыт ішінде бірлесе отырып, 9 жазушының шығармасын мұқият оқып, сол шығармадан алған әсері туралы бейнеролик түсіріп, әлеуметтік желіде бөлісті.

Жастардың шығармашылық қабілетін шыңдауға бағытталған сайысқа 35 жұп өтінім білдірген. Барлық талаптарды орындаған қатысушылардың ішінен 10 жұп қана екінші кезеңге өтуге мүмкіндік алды.

Екінші кезеңде анасы мен баласы бір-біріне сырласу хатын жазды. Қазылар алқасы сайыста хат ішіндегі мазмұнды тіркес пен мағыналы сөзге көңіл бөлді.

Топтан дара шығып, жүзден жүйрік атанған Б.Момышұлы атындағы №45 гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айжан Амангелдиева мен осы гимназия оқушысы Жарқынай Берікқызы бас жүлдені жеңіп алды.

– Біз отбасымызбен кітапқа жақынбыз. Балаларым кітапханадан үйге кітап жаздырып оқуды әдетке айналдырған. Қызым Жарқынайдың өзі «Анашым, қатысайық» деп ниет білдірді. Сайыс бізге оңайға соқпады. Уақыттың тапшылығы кедергі келтіргеніне қарамастан, оқуға берілген кітаптардың әсері одан сайын қызығушылығымызды арттыра түсті. Мәселен, қызым әдебиет арқылы қазақ әйелдері тағдырының салмағын түсінді. Қазақ қыздарының төзімділігіне тәнті болғанын әлі күнге дейін айтып жүр. Ал бейнебаянға түсіріп, әдебиеттерді әлеуметтік желіге жүктеген сайын қолдаушылардың пікірін оқып, жігерлене түстік. Ал, соңғы оқыған Ділдар Мамырбаеваның «Индиго» шығармасы шаршағанымызды ұмыттырып, ұйқымызды шайдай ашты. Әсіресе, ана мен баланың бір-біріне хат жолдау сәті ерекше әсерге бөледі. Тоғыз шығарманы оқу барысында үлгере алмай, қиналғаннан бөлек, түрлі кейіпкермен бірге, сан алуан сәттерді басымыздан кешірген едік. Міне, хат жазу процесінде бастан өткен осы түрлі сезімді хат арқылы жеткізгенде, бала мен ананың ортасында ерекше жақындық пайда болатынын түсіндік. Әдебиетке деген махаббат бізді аталған сайысқа қатыстырса, осы сайыстағы түрлі сынақта бізді жақындастыра түсті, – дейді бас бәйгені жеңіп алған Айжан Амангелдиева.

І орын биігінен №56 мектептің оқушысы Сабина Дүйсен мен анасы Нүрилә Маханова көрінсе, ІІ дәрежелі диплом №20 мектептің білім алушысы Әмина Маралбек пен анасы Арайлым Кулебаеваға және №8 гимназиядан Айзат Қарабасова мен анасы Әсел Тілеулиеваға бұйырды. ІІІ дәрежелі дипломды №5 Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Аяулым Кенжеболат пен анасы Махаббат Наурызалиева, №3 мектеп-лицейінен Мерей Тұрсынбек пен анасы Айзат Көшкінбаева, №16 мектептің оқушысы Иргенай Кәусар мен анасы Жұлдызай Шойынбаева иеленді.

 

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Тараз қаласы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support