- Advertisement -

Дәрігерлердің шипасынан дауа таптым

25

- Advertisement -

Мен, ақ халатты абзал жандарға өз ыстық ықыласым мен алғысымды жеткізгім келеді. Өйткені, 2023 жылдың 20 қаңтар күні оқыс оқиға орын алып, мен және балам екеуміз күйіп қалдық. Екеуміздің де жағдайымыз өте ауыр еді. Өмір мен өлімнің ортасында болдық. Бізге Мойынқұм аудандық ауруханасында білікті дәрігер Медет Мұқашев алғашқы жәрдем көрсетіп, Тараз қаласындағы күйікті емдеу бөліміне жіберді.

Біз түскен күйікті емдеу бөлімінің басшысы Әбілсейіт Ақылбекұлы басқарған ұжым алғашқы сәттен-ақ ұлым екеуміздің өмірімізге араша болып, зор ыждаһатпен емдеуге кірісті.

Расында, сау кезінде адам көп нәрсені елей бермейді екен, денемізді күйік шалып, ажал аузында жатқанда бар үмітіміз дәрігерлерде болды. Адам басына түспей денсаулықтың қадірін білмейді екен, жаныңды қоярға жер таппай, қазір кеудеңнен шығып кететіндей әсерде болып, азапты күндер мен түндерді басымыздан өткеріп, аурухана төсегіне таңылып жаттық. Міне, осы мезетте ауырған жаныңа демеу болатын, ең бірінші олардың біліктілігі, жылы қабағы мен мейірімділігі екен.

Әсіресе, Әбілсейіт Ақылбекұлының адам жанының күйзелісін тап басып, тура өз басынан өткеріп отырғандай қамқорлықпен, әрі өзінің кәсіби біліктілігі мен шеберлігіне сүйене отырып сөйлеген сөздері бойыңа шипа болып дарып, сауықтыра түседі. Күдікті ойыңа сенім ұялатып, үмітіңді жағып, өмірге деген құштарлығыңды арттырып, тез сауығып кетуіңе жол ашады. Олар күйік шалған әр жасушаға зер сала қарап, шебер тігіншідей қиюластыра емдей білді.

Мен және менің отбасым дене күйік бөлімінің меңгерушісі Сыдықов Әбілсейт Ақылбекұлына шексіз алғысымызды білдіреміз. Алған мамандығы бойынша терең білімді, өз ісінің майталманы, білікті басшы, сырқат жанның психологиясын тап баса білетін көреген, қамқор, алтын қолды дәрігерге сансыз теңеуді қосып айтсаң да еш артықшылық етпейді. Майталман басшысына сай ұжымы да уақытпен санаспай еңбек ететін белсенді де білікті мамандар. Аса қауіпті дерттен өмірге қайта оралтқан басшы мен ұжымға алғысымыз шексіз, Алланың рақымына бөленіп, өздері мен отбасыларына зор денсаулық пен ұзақ та бақытты ғұмыр тілейміз!

 

Қанатбек АМИРКУЛОВ.

Мойынқұм ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support