Әдебиет

Әріптесіміздің тұңғыш жинағы жарық көрді

Әріптесіміздің тұңғыш жинағы жарық көрді

«Жегені жантақ, арқалағаны алтын» деп Шерағамыз айтқандай, журналистика саласының ауыр жүгін нәзік иығымен көтеріп жүрген әріптесіміз, облыстық «Ақ жол» газеті мәдениет бөлімінің тілшісі Гүлжан Рахманның «Айтпайын деп едім...» деп аталатын алғашқы жинағы жарық көрді. Жаңа жинақ «Тұғырлы тұлғалар», «Эсселер», «Тектінің тұяғы», «Ой толқындары» сынды төрт бөлімнен тұрады. Кітаптың алғысөзін журналист, әдебиеттанушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бауыржан Омарұлы жазыпты. Әріптесіміздің қабілет-қарымы, талант-дарыны туралы ой қозғаған Бауыржан Омарұлы Гүлжанның «Астана ақшамы» газетінде үлкен мектептен өткендігін, қандай мақала, сұхбат жазса да, көңілден шығатынын, өзінің ойын тереңдікпен, нақтылықпен жеткізе білетін шеберлігін сөз етіпті. «Гүлжан қыз сөз өнерінің айдынына қалт-құлт еткен қайығын салып, бір тұтам желкенін көтеріп, жолға шықты. Талмай еңбектенсе, желкені биіктеп, қайығы кемеге айналмақ. Сапарың ұзақ болсын!» деген ізгі оймен түйіндепті Бауыржан ағамыз өз ойын. Иә, төрт бөлімнен тұратын журналистің жазбаларының алғашқы «Тұғырлы тұлғалар» бөліміне еліміздің беткеұстар азаматтары, жазушылар, алаштанушылар, ақындар, қоғам қайраткерлері, тарихшылар, жезтаңдай, күміскөмей әншілермен жасаған сыр-сұхбаттары енгізіліпті. Мұнда журналист ұлт әдебиетінің мақтаныштары, қабырғалы қаламгерлер Қабдеш Жұмаділов, Төлен Әбдік, Күләш Ахметова, қоғам қайраткері Кеңес Аухадиев, тарихшы ғалым Мәмбет Қойгелді және өзгелерді сан қырынан ашуға тырысқан. Қоғамдағы әрқилы мәселелерге олардың бүкпесіз ойларын еркін жеткізген. Екінші бөлімдегі эсселері де әріптесіміздің қалам тербеудегі ширақтығын, тілді жақсы меңгергендігін, жазу машығындағы өзіндік қолтаңбасын, мөлдірлігін байқата түседі. Соңғы «Ой толқындары» деп аталатын бөлімде Гүлжан өзінің көкейінде жүрген біршама көкейтесті мәселелерді орамды тілімен, терең ойымен ашып көрсеткені ризылығыңды тудырады. Бір сөзбен айтқанда журналистің жазбасына «Ақ жол», «Ұлт таймс», «Астана ақшамы» газеттерінде жарияланған еңбектерінің таңдаулылары енгізілгені бірден көзге түседі. Кітапты бір деммен оқып шығасыз. Біз өз кезегімізде қаламының желі, тілінің ебі бар әріптесімізге әрмен қарай да шығармашылық табыстар тілейміз. Қаламы тоқтамасын, оқырманы жоқтамасын!

Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».