Әлеумет

Өрт қауіпсіздігін қадағалау қажет

Өрт қауіпсіздігін қадағалау қажет

Өрт – бұл заттық құндылықтарды жоятын және адамдардың өміріне қауіп-қатер туғызатын жанудың бақылауға алынбайтын үрдісі. Өртті сөндіруден гөрі алдын алу анағұрлым жеңілірек екенін бәріміз білеміз. Сондықтан, барлық сақтық шараларын сақтау маңызды. Өйткені, өрт негізінен электр құралдарын дұрыс пайдаланбау немесе отты абайсыз пайдалану салдарынан туындайды. Ауа райының жылынуына байланысты құрғақ шөп пен қамыстың тұтану қаупі де арта түседі. «Сақтансаң, сақтайды» демекші, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары оқыс оқиғаларды болдырмау мақсатында тұрғындар арасында қарапайым қауіпсіздік ережелерін айтып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Дегенмен, «төтеншеліктердің» айтуынша, өңірде оқыс өрт оқиғаларының орын алуы азаяр емес.

13 мамыр күні таңға жуық Тараз қаласы, «Қарасу» шағынауданындағы 4 қабатты көппәтерлі тұрғын үйдің (бұрынғы жатақхана) үшінші қабатындағы қосалқы бөлмеде тұрмыстық заттар мен жиһаздардың жануынан көлемі 3 шаршы метрді құраған өрт оқиғасы орын алды. Өртті сөндіруге облыстың төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметінің 19 қызметкері мен 6 техникасы жұмылдырылды. Қою түтін, нөлдік көру мен өртке оранған бұйымдардың қауіптілігі туындауы салдарынан құтқарушылар күшімен үш иінді саты арқылы 20 адам құтқарылды, оның ішінде 5 бала бар. Сонымен қатар, баспалдақ маршымен 50 адам, оның ішінде 7 бала басқа орынға көшірілді. Осы күні түске қарай облыстық төтенше жағдайлар департаментінің күштер мен құралдарды жедел басқару орталығына Тараз қаласына қарасты Шөлдала ауылы, Победа иінінде орналасқан тұрғын үй өртке оранғандығы жөнінде хабарлама келіп түскен. Ауданы 50 шаршы метрді құраған өрт салдарынан үйдің бөлмелері зақымданып, шатыры жана бастаған. Оқиға орнына дереу жеткен №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің 2 автотехникасы мен 8 қызметкері, оның ішінде 1 газ-түтіннен қорғау қызметінің өкілі жұмыс атқарып, «қызыл жалын» жарты сағатта ауыздықталды. Медициналық апаттар орталығының мамандары да дер кезінде оқиға орнынан табылды. Дәл сол күні кешкі уақытта Қордай ауданының Отар ауылында үйдің ас бөлмесі өртке оранған. Оқиға орнына жеткен №13 өрт сөндіру бөлімінен 1 автотехникасы мен 3 адамы өртті 47 минутта өшірген. 50 шаршы метрді құраған өрт салдарынан үйдің жиһаздары зақымданып, шатыры өртеніп кеткен. 14 мамыр күні таңға жуық Мойынқұм ауданының Қылышбай ауылындағы тұрғын үйдің ауласында өртенген шөпті сөндіруге №18 өрт сөндіру бөлімінің автокөлігі мен қызметкерлері қатысып, жалынның бетін 2 сағаттан астам уақытта қайтарған. 250 шаршы метрді құраған өрт салдарынан 500 орам (60 тонна) шөп жанып кеткен. Осы күні түскі уақытта облыс орталығындағы Жамбыл даңғылында қараусыз қалған үйдің және жанында орналасқан жарнама кеңсесінің шатыры өртке оранған. Өрттің ауданы 100 шаршы метрді құраған оқиға орнына жеткен 4 автокөлік пен 18 өрт сөндіруші «қызыл жалынды» 40 минутта ауыздықтаған. Дегенмен, тұрғын үй мен кеңсенің шатыры және кеңсенің бір бөлмесі зақымданды. Өткен аптада Қордай ауданының Отар ауылында тағы бір өрт оқиғасы тіркеліп, тұрғын үйдің шөп қорасы отқа оранған. Салдарынан шөп қора және оның ішіндегі 100 түк (2 тонна) шөп жанып кеткен. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер жалынмен 1 сағаттан астам уақыт алысқан. Өткен сенбіде облыста тағы бір оқыс оқиға тіркеліп, кешкі сағат 10-ға таман Меркі ауданының орталығынан 14 километр қашықтықта, «Тұран» демалыс аймағының аумағына жақын жерде орналасқан бір қабатты төрт ағаш ғимаратта (әкімшілік ғимарат, дәмхана және екі қонақ үй) жалпы ауданы 400 шаршы метрді құрайтын өрт оқиғасы орын алды. Өрт облыстың төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің күшімен (37 қызметкер және 12 техника) сағат 00.13-те ауыздықталып, бір сағаттан астам уақытта толық сөндірілді. Бір қуанарлығы, өткен аптада орын алған өрт оқиғаларынан зардап шеккендер мен қаза болғандар тіркелмеген. Қазіргі уақытта өрттің шығу себептері мен келтірілген материалдық шығындар анықталуда. Жалпы, екі күннің ішінде облыстың өрт сөндіруші-құтқарушылары қураған шөп пен қоқыстың жану оқиғасына 8 рет, электр сымдарының қысқа тұйықталуы бойынша – 2, авариялық-құтқару жұмыстарына – 2, полиция қызметіне көмек көрсету мақсатында – 2, тұрғындардың құлыптанып қалған есіктерін ашып беру жұмыстарына 5 рет шыққан. Осыған байланысты облыстың төтенше жағдайлар департаменті облыс пен қала тұрғындарына және қонақтарға үйден шыққан кезде газ және электр аспаптарын қуат көздерінен ажыратуды естен шығармай, балалар мен қарттарды үйде қараусыз қалдырмай, өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырады.  

Жүрсінгүл ЖАҚЫП