Экономика

Жұмысшыларына жағдай жасаған кәсіпкер

Жұмысшыларына жағдай жасаған кәсіпкер

Мемлекет басшысы ауылды дамыту, шаруа қожалықтарды қолдау туралы үнемі айтып, аграрлық салаға ерекше назар аударып келеді. Мемлекет тарапынан ауылға көрсетілген қолдаудың арқасында аяғынан тік тұрып, шаруасын жолға қойып алған ірі шаруа қожалықтар бар. Солардың бірі – Шу ауданы, Ақсу ауылындағы «Асхат» шаруа қожалығы. Төрағасы – Асхат Айтқожаев. Шаруа қожалық ашуды ол осыдан он жылдай бұрын ойлаған. Сол кезде жоғары білімімен ауылда еңбек етуге бел буған 24 жастағы жігіт көп кедергілерге ұшырайды. Малы болғанымен, жемі де, шөбі де сатулы. Біреудің қолынан удай бағаға сатып ала берген соң Асхат өзі шаруа қожалығын ашуға бел буады. Осы ойын әкесіне айтқанда, соңғы жылдары дүкен ашып, кәсіпкерлікке бет бұрып жүрген әкесі Бауырхан: «Балам, талабың дұрыс. Заман қазір нарықтық бағытқа бұрылды. Қожалық ашып, ісімді дамытамын дегеніңді қолдаймын» деп батасын берген. Бұл шаруа қожалық осылай ашылады. Сол уақыттан бері 5 жылдан асып барады.

Бұл күнде аталған шаруа қожалық 1 мың гектарға бидай, 1 мың гектар алқапқа арпа, 50 гектарға пияз, 50 гектарға жүгері, 30 гектарға картоп егіп отыр. Онда оншақты адам еңбек етеді. Осынша көлемдегі егістікті суару, шөбін шабу, күтіп-баптау оңай емес. Жер-Ана да еңбек еткенге, терін төккенге береді. Оны отыздан енді асқан жас төраға Асекең жақсы түсінеді. Сондықтан, диқандардан, механизатор, сушылардан жалақыны аямайды. Шаруа қожалықта 5 трактор, 4 комбайн бар. Ауылшаруашылық техникалары мен тіркемелері жеткілікті. Техниканың көпшілігі жаңа. Соңғы жылдары лизингке жаңа трактор алып, ол шаруашылық ісіне қарқын беріп отыр. Механизаторларды қолдауы да көңілге қонады. Мәселен, мұндағы тракторшылар жылына 8-9 ай ғана еңбек етеді. Сол 8 айдың ішінде озат тракторшылар орта есеппен 5 миллион теңге табыс табады. Тіпті, кейде еңбегіне қарай одан да артық пайда табуына мүмкіндік бар. Озат механизаторлар Ернар Арғынбай, Берік Смағұлов, Талғат Сұлтанбековтер – істің адамы. Нұртілеу Бауырхан трактор да айдады, ұйымдастыру жағында да жүр. Озат еңбеккерлердің қатарында Болатбек Момышов, Азамат Батырбеков те бар. Жұмысшы, сушылардың да жалақысы жаман емес. Мұнан бөлек, аталған шаруа қожалықта мал шаруашылығы да жақсы дамып отыр. Қазіргі таңда шаруашылықта 700 бас қой, 150 мүйізді ірі қара, 30 жылқы бағылып, күтімге алынған. Екі малшы отбасымен осы малдарға қарайды. Олардың да жалақылары жақсы және тұрақты. Одан бөлек, әр 100 қозының 10 қозысы малшылардың еңбегіне сыйақы ретінде беріледі. Асхаттың ауылға жасап жатқан қайырымдылық істері де мол. Ауылға арка салып беріп, заманауи алтыбақан орнатып берді. Басқа да игі істері аз емес. Жалпы, 25 азаматты тұрақты жұмыспен, науқан кезінде тағы 50 адамды маусымдық жұмыспен қамтып отыр. Бұл – ауыл тұрғындарына деген үлкен көмек. Бұл шаруа қожалықты аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков те назарында ұстап отыр. Ал, Ақсу ауылдық округінің әкімі Айдар Айтбай: «Ауылдық округ жұмысын алға жүргізуде шаруасын ілгері басқан ірі шаруа қожалықтарға арқа сүйейміз. Сондай ірі қожалықтың басшысы – Асхат Бауырханұлы. Оның жұмысына, іскерлігіне көңіліміз толады» деді. «Енді мал шаруашылығын дамытып, асылдандыру, малды бордақылау ісін қолға алсам деген ниетім бар. Тұрақты малшы табу қиын болып барады. Біздің қожалықта еңбек етем деген кісіге жұмыс бар», – дейді А.Айтқожаев.  

Есет ДОСАЛЫ

Шу ауданы