- Advertisement -

Әлем жаңалықтары

75

- Advertisement -

Сингапур президенті Қазақстанға келді

Сингапур Республикасының президенті Халима Якоб Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Алдымен ол Астанадағы мешітке барды.

Содан соң шетелдік делегация Қазақстан халқы ассамблеясы өкілдерімен кездесті. «Достық үйінде» қонақтарды әжелер ансамблі ән айтып, шашу шашып қарсы алды. Кейін дөңгелек үстел өтті. Онда Қазақстан халқы ассамблеясының қызметі жайында кеңірек мағлұмат берілді. Ресми бөлімнен кейін мәртебелі қонақтарға «Достық үйінде» экскурсия ұйымдастырылды.

Айта кетейік, Халима Якоб Сингапур президенті болып сайланған алғашқы мұсылман әйел. Ол 2017 жылы ел тізгінін қолына алған болатын.

Шетелдегі түріктер дауыс беруді бастады

Елден тыс жерде тұратын түрік азаматтары 20 мамырдан бастап президенттік сайлаудың екінші турында дауыс бере бастады. Осыған байланысты әлемнің 73 елінде 167 сайлау учаскесі ашылған.

Жоғарғы сайлау кеңесінің мәліметінше, республикадан тыс жерлерде 3,6 миллион азамат сайлауға қатыса алады. Шетелде тіркелген түрік сайлаушыларының ең көбі Германияда – 1,5 миллиондай адам тұрады.

Түркияның шет мемлекеттердегі өкілдіктерінде дауыс беру 24 мамырға дейін жалғасады. Сайлау республиканың шекарамаңы пункттерінде, жер үстіндегі бақылау-өткізу бекеттерінде, әуежайлар мен теңіз айлақтарында 28 мамыр, сағат 17.00-ге дейін жалғасады. Дауыстарды санау Түркияның өз ішінде дауыс беру аяқталған уақытта басталады.

Айта кетейік, Түркияда президенттік сайлаудың екінші кезеңі 28 мамыр күні өтеді. Онда қазіргі мемлекет басшысы Режеп Тайып Ердоған мен Кемал Кылычтароғлұ бақ сынайды. Бірінші турда Ердоған 49,52 пайыз, ал Кылычтароғлұ 44,88 пайыз дауыс жинады.

Дабылдың «қызыл деңгейі» жарияланды

Сенбі күні Италияның Эмилия-Романья аймағында су тасқынына байланысты дабылдың «қызыл деңгейі» жарияланды. Өткен аптаның басында Италияның солтүстік-шығысындағы су тасқыны 14 адамның өмірін қиғаны белгілі.

Кең аумақтар әлі де су астында, ал көшкіндер, әсіресе Апеннин тау бөктеріндегі аудандарда үлкен проблема тудыруда. Су тасқыны салдарынан эвакуацияланған тұрғындар саны 36 мыңнан асқан. Олардың көпшілігі – 27 775 адам Равенна провинциясындағы үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды.

Шетелдік ғалымдардың пайымдауынша, ауа райының ыстық толқыны, қатты дауыл, су тасқыны және құрғақшылық сияқты экстремалды құбылыстар адам баласының парниктік газдар шығарындыларынан туындаған климаттың өзгеруіне байланысты жиі және қарқынды болып келеді.

Қытай – ең ірі көлік экспорттаушы ел

Қытай көліктің ең ірі экспорттаушысы ретінде әлемде бірінші орынға шығып, Жапонияны басып озды.

Алғашқы тоқсанның нәтижесі осындай. Биыл 3 айда күншығыс елі 1 миллион 47 мың «темір тұлпар» экспорттаса, қытайлықтарда ол көрсеткіш 1 миллион 69 мыңға жеткен. Қытайдан көлік сатып алған мемлекеттердің алғашқы бестігіне Ресей, АҚШ, Мексика, Ұлыбритания мен Бельгия кіріп отыр.

Франция билігі бағаны төмендетуге кірісті

Франция ірі бірлестіктермен бағаны төмендету бойынша келіссөз жүргізе бастады. Инфляцияны ауыздықтаудың басқа амалы жоқ. Азық-түліктің жылдық өсімі 15 пайызға жеткен.

Ірі сауда желілері тұрмысқа аса қажетті заттардың бағасын арзандатты. Енді үкімет азық-түлік тасымалдаушы 75 ірі бірлестікпен баға саясатына қатысты ортақ мәміле жасамақ. «Бәсекелестік мәселелері жөніндегі бас басқарма 1 мың 700 тауардың бағасын саралады. Оларды зерттеу елде инфляциямен күрес шараларын енгізгенге дейін жүргізілді. Осы ретте ірі сауда жүйелері тұрмысқа аса қажетті кей заттардың құнын шамамен 13 пайызға түсіргенін айта кету керек», – деді Францияның сауда және туризм министрі Оливия Грегуар.

Дубайда жүзетін арал салынады

Дубайда медициналық инфрақұрылымы бар Dubai Healthcare City атты жүзетін арал салынады. Сондай-ақ, арал суасты транспорт жүйесімен қамтылмақ.

Жобаны Kalbod Studio сәулет бюросы әзірлеп жатыр. Аралдың пішіні жарты ай секілді болады, ал ғимараттар футуризм стилінде салынады. Оның үстіне аумақта көлік қозғалысына тыйым салынады. Жобаға сәйкес аралды негізгі үш аймаққа бөледі. Орталықта білім беру және зерттеу нысандары орналасады. Шеткі аудандарында медицина мен тұрғын үй нысандары салынады. Сондай-ақ, науқастарға арналған 24 қонақ үй бой көтереді. Биік ғимараттар әртүрлі биіктіктегі аспалы жолдармен байланыстырылады.

Қазақ өнері – Пусан төрінде

Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында ашық аспан астындағы сахнада қазақтың әні мен биі орындалды. Шара халықаралық мәдени фестивалі аясында өтті. Құрметті қонақтардың арасында қазақ эстрада жұлдыздары да болды.

Концертке қатысу үшін Қазақстаннан 56 адам келді. Пусан тұрғындары 20-дан астам елдің өкілдері қатысып жатқан көрмеге ерекше қызығушылық танытты. Ұйымдастырушылар жағы Қазақстанға ерекше құрмет көрсетіп, төрінен орын берді. Осында жергілікті тұрғындар қазақтың кәдесыйлары мен кітаптарын сатып алып, ұлттық тағамдарымыздан дәм татты. Жәрмеңкеде Қазақстан делегациясы 5 шатырға орналасты. Оның біреуінде Кореядағы жалғыз қазақ дәмханасы жергілікті тұрғындарға көже мен құрт ұсынды.

Кореяда 30 мыңнан астам қазақстандықтар тұрады. Биыл Қазақстан мен Корея арасында мәдени жыл ғана емес, қыркүйек айында Алматы мен Пусан арасындағы мәдени және экономикалық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғанына 1 жыл толады.

 

Дайындаған Жүрсінгүл ЖАҚЫП.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support