- Advertisement -

Ерлік ешқашан ұмытылмайды

61

- Advertisement -

Отан үшін от кешкен соғыс ардагерлерінің ерлігі ұмытылмайды. Ұлы Отан соғысының ардагері, жазушы-журналист Сырайыл Керімбаевтың құрметіне өзі тұрған үйде ескерткіш-тақта ашылып, бүгінгі ұрпаққа өшпес із қалдырған майдангердің рухына жерлестері тағзым етті.

Әулиеата өңірінің бүгінгі Т.Рысқұлов ауданы Қазақ ауылынан Керімбай ақсақалдың төрт ұлы Мырзахмет, Сыдықназар, Байназар, Баудан және екі немересі Сырайыл мен Смайыл соғысқа аттанады. Сырайыл соғысты 1942 жылы Сталинград шайқасынан бастайды. Майдангер майдан даласында танкіні жоятын 482-артиллерия полкінде шайқасады. Ростов қаласын, Қырымды, Белоруссияны, Латвия, Литва, Эстонияны фашистерден азат етуге және 1945 жылы жау бекінісі Кенигсберг қаласын алуға қатысып, елге оралады. Жеңістің 45 жылдығына орай арнайы шақырумен Мәскеудегі әскери шеруге қатысып, үлкен құрметке ие болған жауынгер, соғыстан кейін жарты ғасыр бойы облыстық «Ақ жол» газетінің редакциясында бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарған.

Жауынгердің құрметіне орнатылған мемориалдық тақтаның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев, Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова, жазушы Елен Әлімжан, техника ғылымдарының докторы Жұмабай Байнатов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев қатысты.

– Ұлы Отан соғысының ардагері, облыстық «Ақ жол» газетінде қолтаңбасы қалған майдангер Сырайыл атамыздың құрметіне мемориалды тақтайша орнатып отырмыз. Ешкім ешқашан ұмытылмайды. Болашақ ұрпақтың келешегі жарқын болуы үшін қан майдан даласында тер төккен соғыс ардагерлеріне бүгінгі ұрпақтың құрметі зор, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Майдангерді еске алып, естелік айтып, тағзым етушілер арасында соғыс ардагерінің балалары мен туған-туыстары да болды. Әкелерін елжіреп еске алған олар майдангердің ұрпағы екендіктерін мақтан тұтатындықтарын жеткізді.

– Әкем өте мейірімді, ақкөңіл адам еді. Алдына келген адамның қолын ешқашан бос қайтармайтын, ақ жүрек адам ретінде есімізде қалды. Біз әкемізді мақтан тұтамыз. Кейінгі ұрпақ әкемнің атын ұлықтап, ұмытпай, ескерткіш-тақта орнатып отырғаны біздің де мәртебемізді биіктетті. «Жақсының аты өлмейді» деген осы. Әкем біздің жүрегімізде мәңгі сақталады, – деді қызы Аманкүл Сырайылқызы.

 

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Тараз қаласы

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support