- Advertisement -

Тарих толқынындағы Тараз

72

- Advertisement -

Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтында «Қарахан мемлекеті тұсындағы Ислам» атты халықаралық ғылыми-танымдық конференция өтті.

Конференцияға қатысушылар әуелі Қарахан кесенесіне зиярат етіп, Құран бағыштады.

Конференцияның мақсаты – Орта Азия даласына Ислам дінінің келуі, қазақ халқының діни ұстанымы мен Қарахан мемлекеті тұсындағы қазақ жерінен шыққан белгілі тұлғалар мен олардың еңбектерін насихаттау.

М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты директорының орынбасары, доцент Төрәлі Қыдыр төрағалық еткен жиынды облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев ашты.

– Қасиетті Әулиеата өңірі тұнған тарих пен тағылымға толы мекен. Мұнда ежелгі және орта ғасырлар тарихының керемет таңданарлық тарихи ескерткіштері сақталып, бүгінгі күнге жеткен. Солардың ішінде тек Қарахан бабаның, Айша бибі мен Бабаджа Хатун кесенелері айналасындағы аңыз бен ақиқаттың өзінде тағылымы мол деректер жетерлік.

Тарихы 2000 жылдан асатын бұл киелі өлкеде ежелгі дәуірлерден, орта ғасырлардан жеткен мыңдаған тарихи-мәдени мұралар бар. Әр ескерткіште ғасырлардың қайталанбас өрнегі бейнеленіп, Әулиеата жерінің келбетін осындай тарихымен ерекшелейді. Бұл қасиетті мұралар тек бір елдің, бір ұлттың мүддесі үшін емес, бүкіл адамзат үшін қызмет етіп келеді, – деген Еркін Құлымбайұлы бүгінгі таңда Қарахандар дәуірінің ел мәдениетінің дамуына қосқан тарихи үлесіне тоқталды.

Әрі қарай сөз алған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы талай тұлғаларды түлеткен Тараз шаһары – қазақ даласындағы дін Исламның алғаш дәні егілген жер екенін айтып, Қарахан мемлекеті тұсындағы ел билеушілері және Ислам діні туралы кеңінен баяндады.

Конференцияда сонымен қатар Түркия, Өзбекстан, Қырғыз елдерінің және отандық зерттеуші ғалымдарының баяндамалары тыңдалды.

Мұнан соң, Наурызбай қажы Тағанұлы «Һибатулла Тарази» орталық мешіті жанынан бой көтерген «Qamqor-Sharapat» салттық қызмет көрсету орталығын ашты.

Бас мүфти халық арасында ас беру, зират көтеру және қабірлерді зиярат етудің шариғатқа сай әдебі мен мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Зират және зиярат мәдениеті», «Ас беру мәдениеті» құжаттарының қабылданғанын, сондай-ақ, осы бағытта басқарма жанынан «Qamqor-Sharapat» салттық қызмет көрсету орталығы жұмыс істеп жатқанын атап өтті.

– Дүниеден өткен адамның ақтық сапарын шариғатқа сай атқару керек. Бұл орталық шариғат талаптарына, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы бекіткен құжаттарға сай жерлеу рәсімін жүзеге асыруға көмектеседі. Бүгінде бастамамыз жолға қойылып, бірқатар өңірде «Qamqor-Sharapat» орталығының мәйітханалары жұмыс істеуде. Міне, бүгін осындай орталық Жамбыл облыстық мешіті жанынан ашылып отыр. Біз мешіттер жанынан мәйітханалар ашу арқылы қазалы үйге барынша көмек көрсетіп жатырмыз. Себебі, қайғы жамылған қазалы отбасыға жерлеу рәсімдерін атқару оңай іс емес.

Сондықтан, халықтың әлеуметтік жағдайын ескере отырып, марқұмды жуындыру, кебіндеу, жерлеу секілді жоралғыларды шариғат талаптары бойынша атқаруға жәрдем беріп келеміз, – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Бас мүфти «Тараз-Арена» спорт кешенінде «Қазақстан барысының» үш дүркін чемпионы Бейбіт Ыстыбаев бастаған облыстағы спорт майталмандарымен кездесіп, «Ислам және ізгі қоғам» тақырыбында насихат жұмыстарын жүргізді.

Келесі кезекте Айша бибі ауылындағы «Һибатулла Тарази» медресе колледжінің ашылуына қатысты. Бұл орталық мешіт жанындағы медресенің бөлімшесі болып саналады. «Бейбіт Ата» ғимараты арнайы қыз балалардың діни сауатын ашуға бағытталған.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support