Әлеумет

Жақсылық пен жаңалық жаршысы

Жақсылық пен жаңалық жаршысы

4Қазақ радиосының 93 жылдан бері әуе толқынына шығып, халқымыздың рухани дүниесін байытуға қосып отырған үлесі орасан. Ғасырға жуық елдің тыныс-тіршілігін, ахуалын қалың тыңдарманға өзіндік үнімен жан-жақты жеткізіп қана қоймай, ұлттық өнеріміздің кәусар бұлағымен сусындатып келе жатқан бұл қара шаңыраққа барша жұрт дән риза.

Қазақстанға белгілі талай өнер майталмандарының бала кезінен Қазақ радиосын тыңдап, талабын шыңдап өскені анық. Орындалған әрбір даналық ойларды, әуелеген әндерді, күмбірлеген күйлерді естіп көкірек түкпіріне түйген бұрынғы жасөспірім – бүгінде нағыз ел азаматтары, халқының патриоттары.

Тәлім-тәрбиелігі зор әңгіме, хикаяттарды ертеректе атақты диктор Әнуарбек Байжанбаев нақышына келтіре әрі тыңдарманын тебіренте оқыса, кейінірек Сауық Жақанова, Әбдірәлі Бөлебай және басқа да көркемсөз оқу шеберлері сөйлеу мәнерінің озық үлгілерін паш етуде. Осылай қазақ тілінде майын тамыза сөйлеудің өнер екендігін Қазақ радиосын тыңдай отырып түсінесің де мойындайсың. Осы жерде Қазақ радиосының облысымыздағы қазіргі меншікті тілшісі Бақытжан Әлімқұлов туралы тілге тиек еткеніміз жөн. Бірнеше сатиралық кітаптың авторы Бақытжан Советұлы өзекті де өткір материалдарын әуе толқынына шығарып, тыңдарман қауымды қуанта білуде. Өңіріміздегі жаңалықтарды жалпақ жұртқа жариялап, экономика, ауылшаруашылығы, мәдениет, спорт тақырыптарын қаузап, «Жұмыспен қамту-2020», «Сыбаға», «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламаларының орындалу барысын талдап, таразылап, әңгімелеуде. Сонымен қатар, ол «Қазақ елі», «Отбасы», «Әдеби саз», «Жерұйық» айдарына да белсене атсалысады. Облысымыздағы тарихи орындарға байланысты қызықты да мазмұнды хабарлар дайындап келеді. Жергілікті өнер адамдары жайлы радиоочерктері, репортаждары әуе толқынынан жиі берілуі көңіл марқайтады десек, артық айтқандық емес. Қысқасы, еліміздегі, оның ішінде Жамбыл жеріндегі өмірдің шынайы көрінісін, күнгейі мен көлеңкесін тыңдарманға ұсынып отыратын Қазақ радиосы – халықтың жанына жақын тұтар жақсылық жаршысы. Заман үнін, уақыт талабын Қазақстанның түкпір-түкпіріне жедел жеткізіп, бағыт-бағдар беруде оның алар орны айрықша. Ертеректе ауыл-аймақ орталығында радио торабы жұмыс істеп тұратын. Ел-жұрт күнделікті жаңалықтарды содан естіп хабардар болушы еді. Шырқалған әуезді әндер мен орындалған жүрек шымырлатар күйлер құлаққа сіңісті болып, өнер иелерінің есімдері санада жатталып қалатын. Тыңдарманға қолайлы осы үрдіс қазір де жалғасын тауып жатса, құба-құп. Қазақ радиосы әрқашанда әр отбасының қуанышына айналсын деп тілейміз.

Лесбек Сайлаубек, «Ақ жол».