3000 жылдық тарихы бар қазан табылды
3000 жылдық тарихы бар қазан табылды
Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры, тарихшы-археолог Сауран Қалиев Бесағашқа арнайы барып тарихи жәдігермен танысты. Тарихшы көне қазан біздің заманымызға дейінгі V-III ғасырдағы сақ дәуіріне жататынын айтады. Қола мен қалайының қосындысынан жасалған қазанның бойы – 70, диаметрі – 66 сантиметр. – Қазан табылған маңда ортағасыр қалашығы – «Ақтөбе» елді мекенінің орны бар. Бірақ, қазан темір дәуіріне жататындықтан, Ақтөбенің тарихы да сонау ерте темір дәуірінен басталуы мүмкін. Бұл аумақта осы уақытқа дейін кешенді түрде ешқандай археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілмеген. Осы жәдігердің табылуы Жамбыл облысының Шу-Талас өңіріндегі ерте орта ғасырлық және темір дәуіріне тән нысандарда кешенді түрде ғылыми- зерттеу жүргізіледі деп үміттенеміз. Сондықтан, ерте қола мен темір дәуіріне қатысты кенжелеп қалған зерттеу жұмыстарына көңіл бөліну керек, – дейді тарихшы-археолог Сауран Қалиев. Тарихшы қазан ернеуіндегі ою- өрнектің геометриялық дәлдікпен жасалғанына қарап, сол кездегі сақ мәдениетіндегі тайпалардың математикалық есептеулерді мықты меңгергендігін шамалайды. Ал ою-өрнек нышандарының қазанның аузы мен сыртқы бетіне шығарылып жасалуы молшылықтың белгісі. Қазан Бесағаш ауылындағы мектеп мұражайына берілді.
Мадияр ЕРАЛЫҰЛЫ,
Ш.Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығының ғылыми қызметкері.
Жамбыл ауданы