Әлеумет

Ата-әжесінің үкілеген үміті

Ата-әжесінің үкілеген үміті

Үшемге Тараз қаласының әкімі тарту-таралғы жасады

6 5Жаңа ғана жас ананың қуаныштан жүзі нұрланып тұрған. Үшемнің біреуі іңгәлап жылағанда әнтек қабағын шытынып, әп-сәтте бәйек болды да қалды. Нәрестені қолына алып, әлдилеп, уатып көріп еді, «сыңарымнан қалмайын» дегендей екіншісі қосылды. Енді үшіншісі «әндетпей» тұрғанда үлкендерді көмекке шақыру қажет екенін бәріміз бағамдағанбыз... Тығырықтан шығар жолды Ақмарал өзі тапты. Оқыс басын көтеріп: «Кешіріңіздер, біреуіңіз апамды шақырып жібермес пе екенсіздер» дегені. Мұнысы – үлкендердің үстіне кіріп баруға ұялып әрі үйіне қала әкімі бастаған сыйлы меймандар келіп жатқанын ескеріп, әдеп сақтағаны. Ал біз бұдан осы шаңырақта сәбилердің күтіміне әжесі жауапты екенін түсіндік. Әдемі, Айбике, Аянұр есімді қыздардың әжесі Майкен Аққұлиева үшемдерге тарту-таралғы жасаған Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеровке алғысын жаудырып та, нәрестелердің бабын тауып, айналып-толғануға да үлгеруде. «Өркендерің өссін, біздің отбасымыздағы қуанышты елеп, көмек қолын созып жатырсыңдар», – деп ішкі толқынысын жасыра алмаған ақ жаулықты ана батасын берді. Қанша дегенмен қазақ үшін әже тәрбиесінің жөні бөлек емес пе?! Көпқабатты пәтерде үй тарлық етеді демей, үшемнің әрқайсысына бөлек бесік алыпты. Бір аптадай қалалық перинаталдық орталықта дәрігерлердің арнайы күтімінде болған сәбилердің қазір денсаулығы жақсы екен. Ептеп тарлық еткені болмаса балалардың бөлмесі жылы әрі жарық. Осы отбасындағы үлкендердің бәрі нәрестелердің қамқоры. «Олар бұл шаңырақтың көптен күткен қуанышы десек те болады. Екі ұлым бар. Қыз жоқ деп жүр едік, Алла бізге үш қыз берді», – дейді үшемнің атасы Мұрат. Тараз қаласы әкімінің орынбасары Маржан Қожаеваның айтуынша, Әдемі, Айбике, Аянұр Тараз қаласында дүниеге келген төртінші үшем көрінеді.Үшемнің ата-анасы Ақмарал мен Бауыржан қазір уақытша жұмыссыздар қатарында. Бірақ, олар бірде өрге сүйрейтін, бірде еңіске тартатын тіршілік түйткілін кедергі санамайтын секілді. Тағдырдың осындай ерекше сыйына риза.

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».

Суретті тсрген Ақәділ Рысмхан