Ақ халаты арының айшығындай
Ақ халаты арының айшығындай
Інім Дүйсенбай Қоянбай Шу ауданы, Бекқайнар ауылында тұрады. Аяқ астынан ауырып, инсульт алды. Шу орталығындағы ауруханаға жатқыздық. Екі айдан соң ауруханадан шықты. Сонда да жағдайы мәз болмады. Өздігінен дәретке бара алмайды, сөйлей алмайды. Сосын Тараз қаласында орналасқан облыстық аурухананың хирургия бөлімшесіне жатқыздық. Осы жерге жатқалы сөйлеп, көзі көре бастады. Оған жақсы қарап, өз ісіне адалдық танытқан травмотолог Дәулет Аманға, хирург Кәрімбай Ермолаевқа, нақты ем ұсынған бөлім меңгерушісі Айгүл Момыналиеваға алғысымды айтамын. Өз істеріне тиянақты, жылы сөз, ізгі лебіздерімен адам жанын жадыратқан дәрігерлердің әр жасаған ем-домдары да көңілге қонымды. Әрқашан бауырымның жанынан табылған оларға алғысым шексіз. Қаншама адамның өмірге деген құлшынысын арттырып, ертелі-кеш ерінбей, ел үшін еңбек етіп, халықтың алғысын арқалаған ақ халатты абзал жандарға халық та дән риза деп ойлаймын. Қызылды-жасылды қызығы көңілден кетпес мынау жарық дүниеде адамның бірінші байлығы – денсаулық екені даусыз. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздай қалса болды, осы бір денсаулық сақшыларының көмегіне мұқтаж болып, жанымызға сая іздейміз. Алдына келген науқастың денсаулығын сақтау үшін тынымсыз еңбек етіп жүрген барша ақ желеңді абзал жандарға біз де өз алғысымызды жеткіземіз. Дәрігерлер, сіздерге мың алғыс!
Бейсенбай ҚОЯНБАЕВ.
Шу ауданы