«Келші, Құланға!»
«Келші, Құланға!»
...Бұл күні Құландағы Шалтау мен Қарақыстақ арасын лирикалық әндер тербеп тұрды. Сайын даланың самалынан сауылған сазға бәрі де ғазиз пейілмен риза болысты. Әлбетте, мұның бәрі Мэлс Өзбековтің ән әлеміндегі айрықша орнын аңғартады. Біз бұған сазгер атындағы «Келші, Құланға!» атты облыстық конкурста тағы бір көз жеткіздік.
Мэлс Өзбеков – Тұрар Рысқұлов ауданының тумасы. Г. Чайковский атындағы Алматы музыка училищесінің дирижер бөлімінің түлегі. Ол тірісінде Тұрар Рысқұлов ауданы мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі, өзінің туған ауылында автоклуб меңгерушісі қызметтерін атқарған. Оның «Жазылбекшілер маршы», «Ақтамақ қарлығаштар», «Келші, айым», «Асыл арманым», «Арман гүлім» әндері халық арасында кең тарағаны мәлім.
Конкурстың ашылу салтанаты алдымен сазгер атындағы аудандық мәдениет үйінің алдындағы өмірім – өнерім деп өткен ерен азаматтың еңселі ескерткішіне гүл қою рәсімінен басталды. Одан кейін қонақтар мен үміткерлер мәдениет үйінің фойесінде әзірленген Мэлс Өзбековтің шағын көрмесін тамашалады. Ондағы сазгердің өзі қолданған, танымал тұлғалардан сыйға алған заттары мен кітаптары және суреттерін көрушілер қызыға тамашалады. Шараның алғы сөзінде облыс әкімдігі мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев пен аудан әкімінің орынбасары Бейсенбек Әлпейісов өңіріміздің әр аймағынан келген өнерпаздарға сәттілік тіледі. – Мэлс ағамыз туралы өте көп естеліктер айтуға болады. Оның лирикалық сезім мен туған жерге деген ыстық махаббатынан дүниеге келген әндер өзінің шынайылығының арқасында құңдылығын жоғалтпай келеді. Әндері қаншама танымал десек те, Мэлс ағамыздың үлкен сахналарда көп айтыла бермейтін «Асыл қайнар», «Шал тауында ауылым», «Көкдөнентау» секілді ғаламат туындылары да жетерлік. Өз шымылдығын үшінші рет түріп отырған бұл конкурстың мақсаты да сол талантты сазгердің туындаларын жалпақ жұртқа жеткізу, әнсүйер халыққа насихаттау – дей келе Дүйсенәлі Дыбысалыұлы сазгер жайлы татымды естеліктермен де бөлісті. Бұдан соң, байқауға қатысушы жиырма үміткер бірінен соң бірі сахнаға көтеріліп, өнерлерін ортаға салды. Олар талапқа сай бірінші кезеңде Мэлс Өзбековтің шығармашылығынан бір ән орындады. Осы тұстағы «әттеген-ай» дейтініміз үміткерлердің дені сазгердің танымал бір-екі әнін қайталаудан әріге аса алмағаны. Әйтсе де, әндерін сауатты әрі құлақ құрышын қандыра шырқаған өнерпаздар да жоқ емес. Олармен бірге залға лық толған қалың тыңдармандар да ән қанатында тербеліп отырды. Осы шараға Алматыдан арнайы келген Қыздар педагогикалық университетінің «Өнер және мәдениет» факультетінің деканы, сазгер, ҚР-ның Мәдениет қайраткері Гүлнұр Өмірбаева бастаған құрамында белгілі әнші-композитор Әбиірбек Тінәлиев, мәдениет қайраткері Оңал Азаматовалар бар қазылар алқасы келесі кезеңге жиырма қатысушының онына ғана жолдама берді. Екінші кезеңде еркін тақырыпта өз өнерлерін паш еткен он үміткер жеңіс үшін барын салып бақты. Бұл айналымда өнерпаздар патриоттық, лирикалық тақырыптардағы әндерді шырқау биігіне жеткізіп орындауға талпынды. Кей үміткерлердің ұлттық аспабымыз домбыраны сахнаға алып шыққандары көңілімізді бір марқайтып тастады. Сонымен, бақ та, бап та шапқан байқау қорытындысы бойынша ынталандыру сыйлығын байзақтық Дина Нұрланқызы, Жамбыл ауданының әншісі Ербол Қоқымбаев, құландық Ерболат Құлышевтер иеленді. Ал, жүлделі ІІІ орынға Нұрдәулет Исатаев, мойынқұмдық Бақытжан Әбекенов, тараздық Балнұр Ақубайлар лайық деп табылды. Жүлделі ІI орыннан жуалылық Айбар Сәбит пен меркілік Сағыныш Қоянбаевалар көрінсе, І орынды шулық Ербосын Қасымбеков иеленді. Бас жүлдені құландық Рысбек Қадырқұлов жеңіп алды. Байқау жеңімпаздарына сазгердің өмір жолына арналып шығарылған кітапша, ақшалай сыйақы және бағалы заттар табыс етілді.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».
Т. Рысқұлов ауданы.