Әлеумет

Жұмыспен қамтылғандар саны артты

Жұмыспен қамтылғандар саны артты

Екі қолға бір күрек табу – әрбір азаматтың өмірлік мақсаты. Ал, халықты жұмыспен қамту – мемлекеттің алға қойған басты міндеттерінің бірі. Осы тұста өңірімізде тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету бағытында іске асып жатқан жобалар аз емес. Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ғалижан Мейірманов жұмыссыздықты жоюға бағытталған іс-шаралар жөнінде баяндама жасады.

Биылғы жылдың І тоқсаны бойынша облыс халқының саны 1 миллион 220,5 мың адамды құраса, оның жұмыспен қамтылғаны – 543,2 мың. Жалдамалы жұмысшылар – 361,8 мың, ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 181,4 мың адам. Аймақта жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрап отыр. – Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба аясында биыл облыс бойынша жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 54 156 адамды тарту жоспарланып, 1 мамырға барлығы 23 847 адам тартылды. Сондай-ақ, жұмысқа орналастырудың жылдық жоспары 45 242 адам болса, есепті кезеңге 16 863 адам жұмысқа тұрған. Сонымен қатар, «Жұмыспен қамтудың өңірлік картасы» аясында электронды еңбек биржасына енгізілетін жұмыс орындарының жоспары 67 968 орын болып бекітілсе, оның ішінде тұрақтысы – 52 360. Есепті кезеңге барлығы 22 321 жұмыс орны құрылып, жалпы жоспар 32,8 пайызға орындалса, оның ішінде 12 374 адам тұрақты жұмысқа тұрып, жоспары 23,6 пайызға орындалды, – деген басқарма басшысының орынбасары сан салада жұмыспен қамту шараларын айтып өтті. Мәселен, әлеуметтік жұмыс орындарына 955 адамды жолдау жоспарланып, әзірге 978 адам жолданған. Жастар практикасына 3044 түлекті жолдау жоспарланып, есепті мерзімге 631-і жұмысқа жолдама алған. Ақылы қоғамдық жұмыстарға 7333 адам тартылса, «Алғашқы жұмыс орны» жобасымен 574 адамды қамту жоспарланып отыр. – Бүгінгі таңда қайтарымсыз гранттар әлеуметтік осал топтарды қолдаудың ең тиімді құралдарының бірі болып отыр. Биыл облыс бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарына, яғни 1054 адамға Ұлттық жоба аясында кәсіпкерлікті дамытуға 1454,5 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз гранттар беру жоспарланып отыр. Есепті кезеңге 267 адам 368,4 миллион теңгенің гранттарын алды. Сондай-ақ, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша онлайн оқыту курстарына 4982 адам жолданып, 3347 адам оқуларын аяқтады. Ел Президентінің Жолдауына сәйкес, биыл жастарға 2,5 пайызбен микрокредит беру қаралып отыр. Осы мақсатта облыс бойынша 347 адамға 1735,0 миллион теңге көлемінде микрокредит беру жоспарлануда, – деді Ғалижан Советұлы. Басқосу барысында басқарма басшысының орынбасары қайтарымсыз гранттардың шарттарын жан-жақты таныстырып, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ