Әлеумет

Өндірістік сала жұмысшыларымен кездесті

Өндірістік сала жұмысшыларымен кездесті

Облыстабастауыш кәсіподақ ұйымдарымен кездесулер жалғасуда. Бұл жолы облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Бағлан Қарашолақовтың төрағалығымен Мойынқұм ауданындағы «Алтыналмас» АҚ-ның Ақбақай кен өндіру филиалында аудандық үшжақты комиссия отырысы өтті.

Оған Мойынқұм ауданының әкімі Әлихан Балқыбеков, аудандық кәсіпкерлік бөлімі мен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшылары, кәсіподақ ұйымының төрағалары мен Ақбақай кен өндіру филиалының басшылары қатысты. Алдымен комиссия мүшелері «Алтыналмас» АҚ-ның Ақбақай кен өндіру филиалы жұмысшыларының еңбек жағдайымен танысып, вахталық әдіспен жұмыс істейтін жұмысшылардың жататын орындарын, асханаларды және спорттық жаттығу залдарын аралап көрді. Жалпы барлық жұмысшыларға санитарлық талаптары толық сақталған заманауи жеке жатын орындарының берілгеніне көз жеткізді. Қазіргі уақытта Ақбақай кен өндіру филиалында 1200-ден аса жұмыскер қызмет етеді, 300-ге жуық кәсіподақ мүшесі бар. Биыл жұмыскерлердің жалақысы 20 пайызға артып, кәсіпорында орташа жалақы мөлшері 397 мың теңгені құрап отыр. Одан бөлек, өндірістік жоспар орындалған кезде айлық жалақыға 20 пайыз сыйақы әр ай сайын төлене отырып, орташа жалақы 465 мыңды құрайды. Жыл соңында жылдың қорытындысы бойынша барлық жұмысшыларға 13-ші жалақы төленеді. Басқосуда Бағлан Жиенәліұлы кәсіподақ ұйымдарының атқарып отырған жұмысын айтып өтті. Бүгінде Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен әр өңірде, бастауыш кәсіподақ ұйымдарында кездесулер өткізілуде. Аталған кездесулердің негізгі мақсаты – еңбек ұжымдарындағы көтерілген мәселелерді ашық жеткізе отырып, оларды шешу үшін оңтайлы шаралар қабылдау. Сондай-ақ, Бағлан Қарашолақов кәсіпорын жұмысшыларына биылғы жылды Кәсіподақтар федерациясының «Қауіпсіз еңбек жылы» деп жариялағанын, елімізде өндірістік жарақаттану деңгейі әлі де жоғары екенін және ондағы өндірістік жарақаттан қарапайым жұмысшылардың зардап шегіп отырғанын атап айтты. Бүгінде өндірістік жарақаттанулардың ең көп себептері, ол өндіріс орындарында жұмыстың қанағаттанарлықсыз ұйымдастырылуы, жұмыс беруші тарапынан қауіпсіз еңбек жағдайларының жасалмауы және тағы да басқа жұмыс берушінің кінәсінен болған себептер екенін атап айтты. Жиында аудан әкімі Әлихан Балқыбеков кәсіпорын басшылығына осы Ақбақай ауылының жергілікті тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету қажеттігін жеткізді. Ақбақай кен өндіру филиалы басшысының орынбасары Нұрлан Молдабаев кәсіпорынның жұмысымен таныстырып, алда атқарылатын жұмыстардың жоспарына тоқталды. Сонымен қатар, комиссия мүшелеріне Ақбақай ауылына қатынайтын жолды жөндеу мен ауыл тұрғындарының ауыз су мәселесін шешу қажеттігін ортаға салды. Өз кезегінде аудан әкімі Әлихан Балқыбеков көтеріліп отырған мәселелер назарда тұрғанын, алдағы уақытта кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді. Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Байсерік Бақбергенов 2016 жылы кәсіпорында кәсіподақ ұйымы құрылып, осы уақыттан бері жұмысшылардың және олардың отбасы мүшелерінің денсаулығын жақсарту мақсатында еліміздің бірқатар шипажайларына қызметкерлер 70 пайыз жеңілдікпен емделуге жолданатынын айтты. Жұмысшыларға одан басқа да көптеген көмектер көрсетіліп жатқанын атап өтті. Кездесу соңында Бағлан Жиенәліұлы кәсіподақ тарапынан қашанда еңбек адамдарының мұң-мұқтажы тыңдалып, мүддесі қорғалып, сондай-ақ оларға әлеуметтік қолдау көрсетілетінін жеткізді.  

Бауыржан ҚОҢЫРБАЕВ,

облыстық кәсіподақтар бірлестігінің бас маманы-баспасөз хатшысы.

Мойынқұм ауданы