- Advertisement -

Ән өнеріндегі әйгілі тұлға

129

- Advertisement -

Қара шалдың қасіреті мен қара кемпірдің қайғысын, жетілмеген жетімнің мұңы мен сайын даланың сандуғаш үнін үкілі домбырасына «сыйдырған» әнші-композитор Алтынбек Қоразбаев 75 жасқа толды. «Баласағұн» орталық концерт залында өткен кешке жиналғандар әйгілі өнерпаздың әндерін сағына жеткені көрініп тұрды. Мерейтой иесінің кешінде зал лық толды. Шымылдық ашылып, ән шырқалған сәттен-ақ әр әнді қосыла шырқағандардың дені кезінде әр кештің төрінде Алтынбектің әнімен сайын даланы әнге бөлеген замандастары еді.

– Мен Алтынбектің даусын есту үшін, бауырларым мен бала- шағамды ертіп Талас ауданынан келдім. Бұл кешке мені ғана емес, әрбір адамды әнге деген махаббат, сазгерге деген құрмет пен шексіз сүйіспеншілік алып келді, – дейді Ұлтуар Абдрахманқызы.

Кеште әнші мерейтойының құрметіне «Ән-жырым саған, туған ел!» атты ІІІ халықаралық эстрадалық әншілер конкурсының жеңімпаздары марапатталып, мерейтой иесінің ән-күйлері орындалды.

Облыс әкімдігінің қолдауымен өткен байқауға 50-ден аса өтініш түсіп, 20-ға жуық жас талант иесі өнерін сынға салды.

Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның көркемдік жетекшісі Аида Смағұлова, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Тараз» триосының әншісі Асылхан Шүңіреков, композитор, кәсіби ән өңдеуші Арман Бексұлтан, дәстүрлі және эстрада әншісі, ҚР Өнер қайраткері Алма Аманжолова, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, конкурс төрағасы Жұбаныш Жексенұлы өнерпаздардың қарым-қабілетін бағалап, жеңімпаздарды анықтады.

– Күллі қазақ даласы саф алтындай ән өнерінің дүлдүлі ретінде танитын композитор туған жер топырағынан бойына ұлттық рух жинап, мәдениеттің асқақтауына үлес қосқан азамат. Алтынбек Қоразбаевтың әндерімен бірге өнер сүйер қауым бірде патриоттық рухқа бөленсе, енді бірде махаббат жырын жырлайды. Туған жерде еңбек еткен жылдары республикаға, алыс- жақын шетелдерге танымал болған облыстық «Алатау» эстрадалық ансамблінің көркемдік жетекшісі әрі әншісі болып қазақ өнерін насихаттады. Нәтижелі еңбегінің арқасында әр жылдары түрлі марапаттарға ие болып, мәдениет және өнер әлемінде есімі жиі аталып, тағылымды жолы көптің аузынан түспей, биік бағаға ие болып келеді. Сонымен қатар, дәстүрлі өнерді насихаттап, өскелең ұрпақты өнерге баулып, патриоттық сезімге тәрбиелеп жүрген ұлағатты ұстаздың мерейлі тойы құтты болсын, – деп аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов кеш иесіне ізгі лебізін жеткізді.

Әулиеатаны әнге бөлеген кеш барысында тыңдармандар бірде сырғалымның сыңғырымен бірге сыңғырлай күлсе, енді бірде махаббаттың бесігінде тербеле түсті, енді бірде қасіретті қара шалдың мұңын жеткізер тұста әншінің тамағына кептелген өксікпен бірге дүйім жұрттың көзіне жас келді. Бұл жүректен шыққан жырдың жүрекке жеткен сәті еді…

Өнер иесінің құрметіне ұйымдастырылған байқаудың нәтижесі бойынша бас жүлдені К.Әзірбаев атындағы облыстық филармония әншісі Дулат Жасұзақ жеңіп алды. Ал, жамбылдық Ербосын Қасымбекке I орын, жетісулық «Браво» дуэтіне II орын, маңғыстаулық Азамат Амангелдіұлына III орын бұйырды.

– Жалпы, байқауға қатысар кезде- ақ, алдыма «бас жүлдені жеңіп аламын» деп мақсат қойғанмын. Міне, нәтижесінде бағым мен бабым қатар шапса керек, жеңіс тұғырынан көріндім. Байқауда алдымен Алланың, одан кейін халқымның қолдауын сезіндім. Алтынбек ағамыздың әндері жүрегіме жақын. Жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын. Алдағы уақытта да түрлі байқауларға қатысып, өзімді шыңдай түссем деген ниетім бар, – деді бас жүлде жеңімпазы Дулат Жасұзақ.

 

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support