Деңгене деген не?
Деңгене деген не?
Ілкіде ауылдың іші пысқан жігіттері ауқатты үйге түсіп: «Деңгене! Деңгене жегелі келдік», – дейді екен. Үй иесі олардың қалауы бойынша ірі қара малдың етін түгел асып, сорпасымен бірге алдарына қояды. Егер жастар асты түк қалдырмай жеп кетсе, мал құны сұраусыз қалады. Үй иесі батасын беріп, жігіттерді аттандырады. Ал, тауыса алмаса, бір малдың орнына екі мал беріп кетеді. «Халқымызда бір қойдың етін бір өзі жеген мықтылар көп қой. Оның ішінде өзіміз де бармыз. Етті тауысқаннан кейін мұздай суға түсетін едік. Тек мойнымызды ғана шығарып, 1-2 сағат суда отырамыз. Сонда сенсеңіз де, сенбесеңіз де су бетіне екі елідей май кілкіп шығатын. Қазір бұл дәстүрді ұстанған жандардың соңғы сарқыншақтары біз болып қалдық қой. Ауыл жастары мұны білмейді де. Білгісі де келмейді. Білген күннің өзінде бір малдың етін тауысатын палуандар қазір жоқ-ау», дейді Амангелді ауылының тұрғыны Жаңбырбай ақсақал. Этнографтар бұл дәстүрдің бірнеше халыққа ортақ дәстүр екенін айтып отыр. Қырғыз тілінде бұл ұғым «Қонаққа ұсынылатын тағамның бірі» деген мағынаны білдіреді екен. Деңгене жеуге тек ер адамдар қатыса алады. Сондай-ақ, дәл осы дәстүр қарақалпақтарда да кеңінен таралған. Ал, бізде мұны кей жерлерде сірне деп айтады. Қазақстанның оңтүстік жағында деңгененің қолданылуы басқаша. Бұл жақта 4-5 үй бірігіп, бір малды ортақтасып сойып алады. Ол біткен соң тағы бір малды ортақтасып сояды. Сөйтіп кезектесе береді. Бұл негізінен қыс күндері жылы өңірде соғым еті көп сақтауға келмейтіндіктен туған амал болса керек. Бұл туралы жазушы Шархан Қазығұл: «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген сөз нағыз большевиктердің тезисі екенін жақсы білемін. Менің түсінігімде, дәстүр – халықтың тарихи мұрасы. Дәстүрі жоқ ұлт болмайды. Тіл категориясынан кейінгі ұлттың идентификациясын білдіретін белгі осы. Кей халықтың басқа ұлттың дәстүрін ерсі көріп жататындығының да сыры әлі күнге дейін ашылған жоқ. Сондықтан да мен романымда ең басты ойымды айту үшін дәстүрімізге кең орын бердім. Ал, деңгененің өзіне келетін болсақ, бұл дәстүрдің астарында «тұрмысы нашар адамға жасаған жақсылығыңды білдіртпей жаса» деген зор халықтық философия жатыр», дейді. Қай халықтың да өзіне тән тұрмыс- тіршілігі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі болады. Салт-дәстүр сол халықпен бірге жасасып, оның тарихында өшпес із қалдырады. Алайда, біздің ұмыт болып бара жатқан ұлттық салт-дәстүрлеріміз де жоқ емес. Сондықтан, салтымыз санамызда мәңгілік жаңғырып тұруы үшін дәстүрді де сөйлетіп тұру керек-ау.
Гүлжан РАХМАН