- Advertisement -

Балалар қайда демалады?

207

- Advertisement -

Осы оқу жылын облыс бойынша 574 мектепке дейінгі, 492 орта және 44 техникалық, кәсіптік білім ошақтары аяқтайды. Биыл бірінші рет соңғы қоңырау 31 мамырда соғылады. Балалар 1 маусым мен 1 қыркүйек аралығында демалады. Ендігі мәселе – сол демалыс қалай ұйымдастырылады? Жылда жыр болып жүрген лагерь мәселесі биыл шешімін таба ма? Балабақшалар мен мектептердегі ыстық тамақ жайы қалай болады? Білім саласына қатысты қаптаған сауалдардың жауабын журналистерге кеше облыстық білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбек берді.

Дәстүр бойынша оқу жылының бірінші күні 1 қыркүйек, биылдан бастап соңғы оқу күні 31 мамыр болады. Бұл өзгерістер оқу жылы басталмай тұрып та хабарланған еді. Яғни, осы оқу жылында барлық мектептер 5 күндік оқу аптасына көшті. Бұл педагогтер жұмысының тиімділігін арттырып, күрделі тақырыптарды оқудың қарқынын төмендетеді, оқылған материалды қайталауға және бекітуге уақыт береді деген мақсатта қабылданған шешім болатын.

«Мектептер салтанатты шара өткізу туралы шешімді де өздері дербес қабылдайды. Оқу-ағарту министрлігі тарапынан соңғы қоңырау өткізуге қатысты барлық мектеп дәстүрлерін қолдайтындығын хабарлаған болатын. Дегенмен, министрліктің нормативтік құжаттарында мұндай шаралар бұрын болмаған және қазір де жоқ екенін атап өту қажет. Жалпы, министрлік тарапынан соңғы қоңырау шарасын биыл 1 маусымда Балаларды қорғау күніне орайластырып, соның форматында өткізу ұсынылып отыр», деді Мейірхан Азатұлы.

Биылдың жаңалығы бұл ғана емес, алдағы оқу жылында Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығына сәйкес, мектептің 10-11-сынып оқушыларына жұмысшы біліктілігі бойынша эксперименттік білім беру бағдарламалары енгізілетін болады. Оны облысымызда Тараз сервис және технология колледжі мен Жамбыл политехникалық жоғары колледжі жүзеге асыратын болады. Бағдарлама талаптарына сәйкес, оқушылар 16 мамандықтың ішінен қалағанын таңдай алады. Олардың дені техникалық мамандықты құрайды. Басқарма басшысының айтуынша, 1 жыл 5 ай оқыған оқушы қорытынды аттестаттаудан өткен соң білікті маман болып, орта білім жөніндегі аттестатпен қоса, қосымша кәсіптік білім жөнінде мемлекеттік үлгідегі құжат алып шығады. Қолына куәлік қана емес, диплом да алып шығатын маман уақыттан да ұтады. Мұның тиімді немесе тиімсіз екенін уақыттың еншісіне қалдырғанымыз дұрыс болар.

Жадырап шыққан жазбен бірге келетін тағы бір мәселе – оқушылардың дұрыс демалуы. Санасын сабақтан арылтып, балалық шақтың аралында алаңсыз сайрандауды армандамайтын бала жоқ. Алайда, бұл мәселе қанша рет талқыланып, он жылдан астам назарда тұрса да, шешімін сол күйі таппаған. Жалпы, облысымыз бойынша 4 ауданда ғана мемлекеттік лагерь бар. Қалған 6 ауданның балалары мемлекеттік сатып алудан қай жекеменшік балабақша ұтып алады, сол ауданға қарай амалсыз ағылады. Жылда осы мәселе. Оның үстіне сол жекеменшік демалыс орындарының өзі бесеу ғана. Бәрін қосып есептегеннің өзінде айналдырған 11 лагерь балаларды толық қамтамасыз ете алмайды. Әрі жекешелендірілген лагерьлерге бару үшін берілетін жолдамалардың құны мемлекеттік лагерьлермен салыстырғанда екі есеге қымбат. Осы себепті, көптеген ата-аналардың балаларын жекеменшік лагерьлерге жіберуге қалтасы көтермейді. Балалардың жазғы демалысын дұрыс ұйымдастыру көптеген түйткілді мәселелердің алдын алатынын ескерсек, бұл іске білім саласының ғана емес, ірі компания жетекшілерінің де көмектері қажет.

Жаңа оқу жылының тағы бір жаңалығы балалар тамағына қатысты болады. «Алдағы оқу жылы бастауыш сынып оқушылары түгел ыстық тамақпен тегін қамтылады. Сондай- ақ, әлеуметтік осал топтардың балалары балабақшаға баратын болса, оларға да тегін тамақ бөлінеді. Ал, қалтасы көтеретін ата- аналар ішінара келісіп, құнарлы тамаққа көбірек қаржы бөлсе болады» деді басқарма басшысы. Өйткені, балабақшаға баратын әр бала үшін мемлекеттен бөлінетін қаржының ішінде тамақ қарастырылмаған. Ол еліміз бойынша ата-аналар тарапынан төленеді.

 

Гүлжан РАХМАН

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support