- Advertisement -

Тәлімді жинақ қолыңызда, оқырман!

32

- Advertisement -

Бұл дүниеден тек жақсылықты, адамгершілікті, әдемілікті, әділдікті іздейтін әрі көре білетін және сондай қасиеттерді қылаусыз сүйетін нағыз азаматпен таныстырып, арманшыл, бала көңіл, кіршіксіз таза замандас бейнесін көз алдыңа әкелетін кітаптың нақ өзі екен!..

Кітапқа құрастырушы және жауапты шығарушы Талғат Айтбайұлы «Үміт құсын үкілеген Алпысбай» деп, әсерлі де әдемі астарлы, нәзік тақырып қойыпты…

…Сонау жетпісінші жылдардың соңына қарай, «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінің елу жылдығын лайықты атап өтуге бағытталған жұмыстар қолға алынған-ды. Олардың бәрі сол шақтағы балалар қозғалысының ұрандарына сай, газет бетінде «Біздің өмірбаян» операциясы» деп аталған айдар ауқымында ұйымдастырылатын. Бұлар және де қоғамдық-шығармашылық жұмыстарда қолдануға лайықты еді. Пионер ұйымы мен оның үні болған республикалық газеттің жарты ғасырлық тарихын жаңғыртуға жас оқырмандардың өздерін қатыстыру, сөйтіп жеткіншектер мен жасөспірімдерді тарихпен, тарих арқылы тәрбиелеуге атсалысу мақсат етілді. Осы газет операциясының негізгі жүргізушісі Алпысбай Шымырбаев болған-тын. (Ол кейінірек газеттің елу жылдығына орай шығарылған «Біздің өмірбаян» кітабындағы материалдардың жинақталуына да белсене атсалысқан).

Сондай істер жүзеге асырылып жатқан күндердің бірінде жаңашылдығымен, идеяшылдығымен танылып жүрген биязы, момын да батыл жас қызметкеріміз өзінің Жамбыл облысы, Жуалы ауданында мектепті бірге бітірген сыныптасы, бүгінде Қазақ радиосында істейтін әріптесі Талғат Өтегеновтің (бүгінде Айтбайұлы тегімен қалың жұртшылыққа кең танымал болған белгілі қаламгер) балалар газеті жайында арнайы дайындаған хабары эфирден берілетінін айтты. Бірге тыңдағанымыз, сосын оның, ізденімпаз жас радиожурналистің, пионер газеті жұмысын арқау еткен танымдық- насихаттық хабарына ризашылығымызды білдіріп, радио басшылығына алғыс сезімге толы хат жазғанымыз есімде. (Кейін белгілі бір кезеңде Алпысбай мен Талғат балалар баспасөзінің қарашаңырағында қатар қызмет атқарды).

Міне, сол баяғы балалар журналисі Талғат, қазіргі зерделі зерттеу еңбектерімен, заманауи мәселелерді дер кезінде қозғайтын өткір көсемсөзімен әйгілі болған, аты көпшілікке мәшһүр жазушы һәм публицист Талғат Айтбайұлы өзінің парталас досы, ерекше шығармашылық ғұмыр кешіп, балалар мен жастар, жалпы қазақ баспасөзінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған Алпысбай Шымырбайұлының туғанына жетпіс жыл толуына орай осы кітапты құрастырып, оқырман назарына ұсынып отыр…

Кітап Талғаттың «Жаңа өмір» газетінің тілшісі Перизат Шымыртайқызына берген мазмұнды сұхбатымен ашылады. Сұхбатында ол жуалылықт ардың айтулы жерлесі, халықаралық «Ғажайып Үндістан» журналының негізін қалап, ширек ғасыр бойы шығарған белгілі журналист және жазушы Алпысбай Шымырбаевтың 70 жылдық мерейтойы орайында өткізілетін іс-шаралар хақында әңгімелейді. Солар жайында айта отырып, қиялшыл бала Алпысбай-Алпанның қаршадайынан нысанасына алған жайттар жайындағы ойларын буырқантып жаза келе, қалам сілтеу мәнерінің өзгеше өрнектілігін танытқандықтан, «Қазақстан пионері» газетінің айрықша белсенді жас тілшісі ретінде Қырымдағы «Артек» атты атақты пионер лагерінде демалу құрметіне ие болғанынан және жоғары мектепті бітіргеннен бергі өмір жолынан, журналистік қызметінен хабардар етеді.

Осылай басталған кітаптың алғашқы бөліміне Алпысбай Шымырбайұлының бірер шығармашылық жұмысы, өмірінің соңғы уақытында фейсбукте жария болған сырлы жазбалары және лирикалық өлеңдері топтастырылыпты. Содан кейінгі бөлімге естеліктер шоғыры берілген. Мұнда жерлестері, сыныптастары, қызметтестері, қаламдастары, ағайындары, ұстазы, зайыбы оны әр қырынан еске алып, сағынышты сыр шерткен екен. Солардың бәрі қосыла келе бала мінезді, қиялшыл да адал азаматтың ағайын-туыстары, жолдастары, әріптестері және әрине, жары үшін айрықша қимас бейнесін толымды етіп сомдайды…

Естеліктерде атап өтілетін Алпысбайдың сезімтал, әсершіл қасиеті өмірінің соңына дейін лапылдап тұрғанын жинақтың бірінші бөліміндегі тамаша поэзиялық туындыларынан, әсіресе «Алпекеңнің соңғы жазбасы!!! 2017 жылдың қаңтар мен мамырының арасы» деген ескертпемен берілген топтамадан айқын көруге болады.

Ақын Алпанның:

«Жауынды жаным сүйеді,

Шақпақ оты жағылған,

Кезім бұл керім, киелі

Нөсер дұғаға малынған!

Жаныма түсті жай оты,

Сезімім сері, алдаспан,

Жүзіме жауын парлатып,

Сиреньге гөзал жармасқам.

Бұрқырап тұр бұйрагүл,

Көктемнің жұпар деміндей!

Құпия ма толы сырға бұл,

Кербез бе жүрген көрінбей.

…Ойхой, дүние, жарқ-жұрқ,

Сілкініп, толсын талайың,

Төк, төк нөсеріңді, ашып құлып,

Сілкініп мен де алайын!!!

Сілкініп мен де алайын!!!» – деген поэтикалық серпілісі сүйсінтеді. Мына:

«Күн сұлу іліп Ай, жұлдыз сырғасын,

Дүние тұтас тұрғасын,

Дүниеге болдым мен ғашық,

Мәңгілік менің мұңдасым!» – деп келген жолдары терең ойға жетелейді…

«Құлағымнан өбіп өтті үп самал…» делінген «бір жолдық өлеңі» сезімтал жандүниесінің бір серпілісі секілденсе, мына бір:

«Анардың бүртігіндей,

Жанардың кірпігіндей

Дүние оянып келеді!

Түсте емес, өңде!

Дүр сілкініп, боялып келеді!

Қарашы!..» – дейтін, жаратылысқа сүйінісін бедерлеген «сиясы кеппеген өлеңі» сол серпілістің жаңғырығы екенін айғақтайды…

«Жыр дәптерінен» ұсынған мынандай тебірентерлік жолдарында:

«Қарашы, анау арайлап атқан ақ таңға, алма бақтарға!

Қарашы, анау Алатаудың ақбас шыңына!

Құлақ салшы, ғазиз бір анау сары сандуғаш жырына! – дей келіп,

«Жарқ еткен бір ізгі шаққа қуана біл Өмірде»:

…арайланған таң, алаулап барып бататын,

шымқай жұлдыздары шымылдық құрып жататын

Әр күнің – бір Өмір!» – деген жасампаз, шат түйін жасайды…

Жандүниесімен, бүкіл болмысымен романтик Алпысбай өзіне АЛШЫ деген псевдоним таңдап алыпты. Бас әріптермен жазылған осы лақап ат іспетті сөздің өз есімі мен тегіндегі алғашқы екі әріптің қосылысынан шыққаны түсінікті, дегенмен соны бас әріптермен жазуы ерекше көзге ұратындай. Бұлай етуі арқылы ол өзінің ештеңеге мойымайтынын, өткінші қиындықтарға қарамастан, әрдайым асығы алшысынан түсіп отыратынына сенетінін меңзесе керек. Қайран, Алпан!

Естеліктерде айтылатындай, мен Алпысбай Шымырбайұлымен «Қазақстан пионері» газеті мен «Білім және еңбек» (кейін «Зерде» аталып, ұзамай қазақ балалары мен жастары арасында ғылым мен техника жетістіктерін насихаттайтын жалғыз ұлттық журналдың басты мақсатына мән беруден гөрі, өресі тар мүдделерін күйттеген «ақылды реформаторлардың» «уақыт талабы» деген желеумен жүргізген залалды іс- әрекеттері салдарынан ақыры жабылып қалған) журналында қызметтес болдым.

Қашанда басы идеяға толы Алпан журналда жас ұрпаққа пайдалы болуға тиіс деген сеніммен түрлі журналистік ізденістерге барды. Қысқаша «АТОМ» деп аталған «Алғырлар, Тапқырлар, Ойшылдар мүйісін» ашты, әріптесі Әшірбек Амангелдиевпен бірлесіп, заманауи ғылыми-техникалық революцияның жетістіктерін, оның халық шаруашылығын дамытудағы орнын, еліміздің болашақ қоғамдық құрылысшыларына аса қажет жалпы экономикалық білімді насихаттауды көздейтін жоспарлар жасады. Бұларды орындау үшін тиісінше әр сала мамандарын, соның ішінде ардагер, тарихшы-экономист ғалым Бөлебай Исабековті авторлыққа тартты.

Орайы келгенде айта кету ләзім, Бөлебай аға танымдық мақалаларын балалар газетінде де жариялап тұрушы еді. Естеліктерде бұл кісінің Алпысбайға көптен қамқор болып келе жатқаны, сол арқылы редакция қызметкерлеріне үй- жай бөлінуіне көмектескені жайында сөз болады. Бұл шынында солай-тын.

Ертеректе Орталық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімін басқарған, бертініректе министрлер кеңесінде жауапты қызмет атқарып зейнетке шыққан, аппараттық жұмыстың ұңғыл- шұңғылын, қыр-сырын жақсы білетін байырғы партия-совет қызметкері ағамыз маған бұл ретте редакция журналистерінің атынан жазылатын хат мәтінін түзуге көмектескеніммен, қол қоймағаным дұрыс деп практикалық кеңесін айтқан- ды. Сөйтіп, не керек, өзіне Алпан мен Әшірбек апарып берген үй-күйсіз балалар газеті қызметкерлері ұжымдық өтініш хатының үлкен кісіге жетуін ұйымдастырған еді.

Теріс пиғылды шолақ белсенділер мен бастығына құлдық ұрғыш функционерлер жас ұрпақ ғылыми-техникалық басылымының төбесіне қара бұлт үйірді. Сөйтіп, құлшына таққан саяси, тіпті небір қисынсыз айыптары қатарына «Исабеков деген біреудің экономика тақырыбындағы материалдарын журналдың әр санына басып» жүргенімізді де тізген болатын. Бір қиын кезең еді, дегенмен маған орынсыз қиянат жасалғаны мойындалып, мен республикамыздың бас газетіне бөлім меңгерушісі қызметіне бардым. Сонда Бөлебай аға маған арнайы хабарласып: «Бұл реабилитация ғой!» деп қуанған еді.

Бірақ менен кейін Алпанда жазықсыздан-жазықсыз қызметінен қуылды. Журналдың жаңа бастығы оны әй-шәй жоқ орнынан босата салыпты. Содан Алпысбай комсомолдың Орталық комитетінің табалдырығын тоздырып, естеліктерде айтылған қиындыққа кезікті. Мұны естіген мен оған, жағдайдың мән-жайын баяндаған жазбаша өтініш дайындап алуына көмектесіп, құзырлы орындарға баруға кеңес бердім. Нәтижесінде Алпан редакцияға қайтып оралды, еңбекақысын басқа қызметке ауысқанына дейін Орталық комсомол комитеті төлеп тұрды. Бұл да, Бөлекең айтқандай, реабилитацияның дәл өзі болатын.

Бұларды мен бала мінезді, ақ- адал, өз ісінің шебері Алпысбай замандасымыз басынан өткерген, бірер естелікте тілге тиек болған кей жәйттерді айқынырақ ете түспек оймен еске алып отырмын. Менің бүгінде өмірден өткен досым, Зоотехникалық- малдәрігерлік институттың оқытушысы, ғалым, профессор Аманбай Ахметов біздің осы белді журналисіміз, тұрпаты шағын, өңі жап-жас, тура бір мектеп шәкірті тәрізді Алпанды әр көрген сайын: «Құдды 7 «Б» класының оқушысы!» – деп, өзіміздің жеткіншек шағымызбен салыстырып сүйсінетін. Шынында да ол, тіпті халықаралық «Ғажайып Үндістан» журналын шығарып жүрген жылдарының өзінде, жасөспірімге тән алаулаған романтикалық көңіл-күйден арылмағандығымен қайран қалдыратын тамаша азамат болатын. Жинақта бұған талай мысал келтірілген.

Жалпы, бұл кітап кейінгі ұрпақ біліп жүруге тиіс тамаша журналист, жазушы, ақын Алпысбай Шымырбайұлына орнатылған рухани ескерткіш екені даусыз.

Ал, енді, мархабат, қадірменді оқырман, тәлімді жинақ қолыңызда, оқыңыз…

 

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,

жазушы.

Алматы қаласы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support