- Advertisement -

Жаныңда жүр жақсы адам

193

- Advertisement -

Өмір деген қайшылықтарға толы дүние. Өз өмір жолымда бірге қызмет істеген адамдармен жақсы әріптес болдым десем де, ұзақ жылдар дос пейіл, тілектес болып, бір-бірімізге деген сыйластығымыз үзілмеген азаматтың өмірдегі тұлғасын ойдағыдай баяндау маған оңайға соқпады. Себебі, әр адам өз өмірінің суретшісі.

Бәтес Егембердиева досымыз мерейлі жасқа келгенде «Жаныңда жүр жақсы адам» деп, оның табиғи саналығын, интеллектісін, өнегелі істерін, рухани мықтылығын, жалпы болмысын ашуды мақсат тұтып, жазып отырмын.

Бәтес Шәйменқызын қателеспесем, 1975 жылы 30 қыркүйекте Талас аудандық комсомол комитетінің IX Пленумында хатшы болып сайланған күннен бастап білемін. Себебі облыс көлеміндегі 4 қалалық, 11 аудандық комсомол комитеттерінің салалық хатшыларын жақсы білуші едім десем, шындыққа сәйкес келе қоймас.

Бәтес Шәйменқызы аудандық комсомол комитетінің хатшылығына сайланған күннен айтар ойын, пікірін тұспалдамай, астарламай ашық айтып, ішкі рухани еркіндігінің өресін көрсете білді. Облыстық комсомол комитетінің қызметкерлері және өз әріптестерінің арасында салыстырмалы түрде жақсы жағынан жиі айтылатын.

Кейбір құнды жаңалық – санадан көмескілене бастаған бұрынғының бір көрінісі.

«Бүгінгі кейбір жаңалықтар кешегі күндердің ұмытылған жақсы істері» дегендей, Кеңес Одағының тұсында партия, комсомол органдарында резерв құру, резервтік тізімге алынған азаматтың іскерлігін, талапкерлігін, тиянақтылығы көземелде (бақылауда) болуы дұрыс жолға қойылған болатын.

Сондай көземелдеудегі Бәтес Шәйменқызы 1978 жылы 28 қаңтарда өткен XIX облыстық комсомол конференциясына қатысқан 563 делегаттың бірауыздан қолдауына ие болып, Пленум мүшелігіне кандидат болып сайланды.

Аудан көлемінде жастармен жұмыс жасауда әдептілігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен Бәтес Шәйменқызы облыстық комсомол комитетінің салалық хатшысы болып қызметі өсті. Ашық айтқанның алысы айқын, астары ашық келеді. Облыстық партия комитеті, біз де жаңылыспаппыз, оның өз саласын ұршықтай үйіріп алып кеткені күмәнімізді жоққа шығарып, үмітімізді оздырды. Жоспарлаған іс-шараларында ойы үйлесімді, пікірі нанымды, шешімін табанды түрде уақытпен тіл табыстыра өткізуде шеберлік көрсетіп, жаңалықтармен жанастыра білді.

Бұрынғы жылдары Кеңес Одағы бойынша мектеп оқушыларының жазғы демалысы кезінде Бүкілодақтық «Теңбіл доп» (кожаный мяч) ойындары жылма жыл сатылап, алдымен аудандар мен қалаларда, соның ішінде жеңімпаздары облыс көлемінде шеберлік спорттық сынға түсетін. Облыс көлеміндегі жеңімпаз команда республика бойынша өткізілетін турнирге Жамбыл облысының атынан қатысатын.

Қалыптасқан дәстүр бойынша өңірдің әр ауданынан, қаласынан келіп қатысатын жеңімпаз командаларын орталық стадионда мерекелік сапқа тұрғызып, біздер және спортқа қатысы бар басқарма басшылары жеңіске жетулеріне ниет-тілек білдіру салтына айналған.

Бәтес Шәйменқызы жарыстың басталу сәтіндегі команда мүшелеріне айтылатын мерекелік рәсімді «Достық» алаңында өткізуді ұсынды. Егер де орталық алаңда өткізсек, бүкіл облыстық партия, атқару комитетінің басшыларын қатыстырып, облыстың сол уақыттағы бірінші басшысы Хасан Шаяхметұлы Бектұрғанов ақ тілегін айтар болса, жас жеткіншектерге өмірінде ұмытылмас сәттердің бірі болары ақиқат. Тосын жаңалықты қолдап, солай өтетін болып шешілді. Ойы оңынан туып футбол ойынының жанкүйері, қолдаушысы Хасан Шаяхметұлы жас теңбіл доп ойыншыларына жүрекжарды тілегін айтып, мерейлерін өсірді.

Ауылдан келген балаларға тек облыс басшысы емес, сонымен қатар еліміздің «Қайрат» құрама командасының белді мүшесі, жерлесіміз Сейілда Байшақов, бокстан Кеңес Одағының үміті, Серік Қонақбаев ақ ниеттерін жеткізді. Атақты спортшылар ниеттерін жолдағанда команда мүшелерінің жүзіне сәуле, көңілдеріне шуақ сыйлаған сәттің куәсі болдық. Осының өзі Бәте стің т абандылығы, өжеттілігі, тайсалмай, жөнін тауып пікірін мақұлдатуы, табиғи текті жаратылысының дәлелі.

Облыстық комсомол комитетінің салалық хатшысы лайықты еңбегіне, бітірген ісіне қарай, Шу аудандық партия комитеті хатшысы болып қызметі өсті. Уақыт өте келе, іскер азаматты білім саласында пайдалану жөн деп шешілген болса керек.

Облыс әкімдігінің білім басқармасында 1991 жылдан бастап, басшының орынбасары, кейін қалалық білім бөлімінің басшысы, 1999 жылдан облыстық білім басқармасының басшысы болып табысты қызмет атқарды.

Облыстық білім басқармасының бірінші басшысы қызметінде табанды істердің қолдаушысы, іске асырушылардың бірі болды.

Жас басшы бола тұра, білімділігімен, болмысының бөлек, дүниетанымы кең, мол екендігімен оқу-ағарту саласы қызметкерлерінің шынайы бағалауына ие болды.

Осы тұста жаңа оқу жылының басталар алдында аудан, қала, облыс көлемінде тұрақты өткізілетін тамыз кеңесіндегі баяндамасынан үзінді келтірсем деп отырмын: «Оқу-тәрбие жұмысында баса көңіл бөліп, барлық сәті келген тұстарда аудандық оқу-ағарту бөлімінің басшыларына «Егер мектеп қабырғасындағы оқушылардың білім сапасының көтерілгенін ойласаңдар, онда мұғалімнің беделін көтеруді жан-жақты қолға алыңдар. Кешегі мұғалімнің беделі мен бүгінгі ұстаздың беделін салыстыруға келмейді», – деді. Өздеріміз оқушы кезімізде мұғалім ағайымыз әлде апайымызбен қарама-қарсы кездесіп қалғанда әскери тәртіптің сарбазы сияқты тік тартылып, әдептілік көрсету санамызға мызғымастай сіңген сезім емес пе еді?

Аталаған мәселеге баса көңіл бөлу себептерінің бірі – аудандық оқу-ағарту бөлімдерінің, мектеп директорларының мәлімдеуінше, мұғалім кадрларының жетіспеушілігінен. Ауылдық мектептерде ішінара орт а білімімен мұғалім атанып, өздерін ұстаз санап жүргендерден не үміт, не қайыр?

Тамыр-таныстар арқылы дене тәрбие сі, ән, музыка, сызу пәндерінен мұрнына исі келмейтіндердің сабақ беруі әрине тек оқушылардың алдында ғана емес бүгінгі ауыл тұрғындарының алдында беделден жұрдай болуының бір көрінісі. Осы мәселені дұрыстап қолға алу бәріміздің міндетіміз», – деп сөзінің тоқетерін айтты.

Шындықты айта алатын адамның өзі әдетте өршіл, өжет болып келеді. Оған қоса білімділігі мен міндетін білуі, ойына алған мақсатын іске асырып жатса, атқарған еңбегі ел қазынасына – ұрпақтың болашағына қосқан үлесі деп түсіну керек.

Ата-анасының тәлім-тәрбиесі болар, әз бойында жасанды сөйлеу, жалған сыпайысудан аулақтығы, әрдайым ақиқатқа жүгінуі, әділетсіздікті көрсе қызметіне қарамай тіке айтатын ерекше мінезділігі қызметтестерінің көңілінен шықты.

Қай қызметте болсын жаңадан жұмысқа келген қызметкерлер арасында кемшіліктер жіберілуі мүмкін. Басшы Бәтес кемшіліктерді көргенде ешбірін кінәламай, даттамай, ақылын айтып, өзіндік көмегін аямайтын. Иманды, саналы адам өзінің тікелей қызметтегі міндетімен шектелмей, өзгенің міндетіне де жауапкершілігін е сіне ұстайды.

Сарысу ауданында қызмет жасап жүргенімде ақылгөй қария Елемес Тоқаевпен сирек те болса кездескен сайын ұзын- сонар әңгімеміз таусылмайтын.

Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары емес пе, әңгімеміздің төркіні еліміздің болашағы, жекешелендіру барысының ретсіздігі, тіршілікте тәжірибесі жоқ адамдардың жөнсіз жерден басшылыққа тағайындалуы, жайында болатын.

«Өмірге өкпе жүрмейді, бұйырғанның бәрі жақсы» дейміз. Дегенмен, өз қатарларының ішінде кезінде кісілігімен, пайымдылығымен көптің құрметіне ие болған таныс азамат туралы ол былай деді «Жылқы ішінде бір жүйріктің елеусіз қалғаны- ай. Уақытында талай бәйгеге қосылып елге атақ алып беріп еді» деп айтқаны осыны жазып отырып ойыма келгені.

Қасым Аманжоловтың «Он нашарлау өлеңім – бір жақсы жырымның азығы» дегеніндей, өмірдің сараңдығын көңілдің жомарттығымен, атқарған істерін еш бұлдамай жүрген Бәтес Егембердиеваға облыстық мәслихаттың «Облыстың Құрметті азаматы» деген шешімі шығатын кезі келер деген сенімдеміз.

Менің негізгі мақсатым, жастар ойлана жүрсін, түйсікті болсын, үлгі алсын деген ниет қана. Ел сыйлаған зиялы, адами құндылығы өзгермеген азаматқа денінің қуатты, өмірінің шуақты болуына, талабына дәт, ісіне сәт тілегеніміз лазым деп білемін.

 

 Сағынхан ӘМІРЕҚҰЛОВ,

Жамбыл облысының

Құрметті азаматы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support