Денсаулық

Жер дауы – бітпейтін мәселе

Жер дауы – бітпейтін мәселе

Жер заңнамасымен мемлекет меншігіндегі жер учаскелерін немесе жер учаскелерін жалға алу құқығын сату жөніндегі сауда-саттық аукциондары мемлекеттік мүлік тізілімінің веб- порталында электрондық түрде ұйымдастырылып, өткізілуде.

Осыған орай, өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында жер қатынастары саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баспасөз мәслихаты өтті. Онда облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Бахтияр Көпбосынов баяндама жасады. Оның айтуынша, өткен жылы 44 аукцион ұйымдастырылып, 34 жер телімі 112 миллион теңгеге сатылса, жыл басынан бері 9 аукционда 10 жер телімі 138 миллион теңгеге сатылған. – Биыл 5 ай қорытындысы бойынша 8 жер пайдаланушыға 280,5 гектар жер учаскесі берілді. Атап айтсақ, «Қаратау- Цемент» ЖШС әктас өндіруге, «TSED Group» шағал қоспасын өндіруге, «Қазфосфат» ЖШС фосфор өндіруге, «Zhambyl Keramzit Company» ЖШС-не гипс өндіруге жер учаскелері берілді. Облыс аумағында 5 аудан, нақтырақ айтсақ, Шу, Қордай, Жамбыл, Жуалы және Меркі аудандары шекара сызығымен шектесетін болғандықтан, шекара жолағын 30 метрден 100 метрге ұлғайту бойынша жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда Шу ауданы бойынша 200 гектар жер телімін мәжбүрлеп иеліктен шығару бойынша барлық шаралар жүргізіліп, жер телімі шекара қызметіне табысталды. Қалған аудандар бойынша бағалау жұмыстары жүргізілуде. Биыл Қордай ауданы аумағынан инженерлік құрылыстар мен бөгеуіштер шебін орнатып, қызмет көрсету үшін көлемі 0,0987 гектар жаңа шекара бөлімшесінің құрылысын жүргізіп, қызмет көрсету үшін көлемі 2,5 гектар жер учаскесі тұрақты пайдалануға берілді. Облыс бойынша Қордай, Меркі және Т.Рысқұлов ауданы аумағында туындаған жер даулары мәселелерін шешу бойынша жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобының атқарған жұмыстары нәтижесінде Қордай ауданында «Ақтас – Қордай», Т.Рысқұловта «Күнту», Байзақта «Үлгілі – 2030» ЖШС-ның тағы басқа мәселелері шешімін тапты, – дейді Бахтияр Бейсембайұлы. Басқарма басшысы баспасөз мәслихатында жоғарыда аталған серіктестіктермен қатар, Меркі ауданындағы Ақермен ауылының жер және мүлік мәселелеріне қатысты даулы мәселелерге кеңірек тоқталды. Сонымен қатар, жер даулары мәселелерін шешу жолында атқарылып жатқан басқа да жұмыс барысымен таныстырып өтті. Жиын соңында басқарма басшысы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қойған сұрақтарға жауап берді.  

Мақпал СҮЙІНБАЙ