- Advertisement -

Ана мен бала өлімі азаймай тұр

147

- Advertisement -

Ана мен бала өлімінің деңгейі – ел медицинасының дамуын сипаттайтын маңызды көрсеткіштердің бірі. Өмірге дені сау сәби әкелетін ана – қоғамның байлығы. Алайда, туабітті түрлі аурулардың әсерінен, басқа да патологиялық өзгерістерге байланысты орын алатын келеңсіздіктер ойландырмай қоймайды. Жыл басынан бері облысымызда 3 ана өлімі тіркеліп, 55 нәресте шетінеген. Ана мен бала өлімін болдырмау – мемлекеттің басты индикаторларының бірі десек, бұл мәселеге аса қатты мән беруіміз керек. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте денсаулық сақтау саласына қатысты өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды.

Бүгінде аймақта 389 денсаулық сақтау нысаны қызмет көрсетеді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанованың айтуынша, былтыр 8,6 миллиард теңгеге 26 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізіліп, оның 20-сы пайдалануға берілсе, 474,7 миллион теңгеге 8 нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.

«Биыл денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын жақсарту мақсатында 2,8 миллиард теңгеге 19 жоба басталып, оның 17- сі тапсырылады деп отырмыз. Осы жылдың екінші тоқсанында құны 14,1 миллиард теңгені құрайтын 200 төсектік облыстық онкологиялық диспансер пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, өткен жылдан өтпелі 5 нысан жобасы да биыл аяқталады», – деді Жанар Оспанова.

Тағы бір қуанышты жаңалық, биыл Меркі, Шу, Талас аудандарында ауданаралық көпбейінді орталық ауруханалар ашылады. Қажетті мамандармен және тиісті инфрақұрылыммен қамтылатын медициналық нысандар арқылы шұғыл және орта технологиялық медициналық көмек алу мәселелері шешілетін болады.

Соңғы 3 жылда жергілікті бюджет есебінен 9,1 миллиард теңгеге медициналық құрал-жабдықтар және медициналық мақсаттағы бұйымдар алынды. Оған қосымша, қаржы лизингі шарттарымен облыстық жедел жәрдем стансасы 12 дана санитариялық автокөлікпен толықты. Нәтижесінде осы жылдың 3 айында медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету облыс бойынша 90,8 пайызды құрап, 3,8 пайызға өсті. Алайда, тозығы жетіп, жөндеуді қажет ететін автокөліктер әлі де бар.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдар аралығында облыста 5,2 миллиард теңгеге 30 нысанның құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, жоба шеңберінде 3 ауданда ауданаралық көпбейінді орталық ауруханалар құру бойынша қайта жаңғырту жұмыстары көзделуде.

Жоба барлық ауылдарды тиісті медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге және халықты сапалы қызметпен қамтуға мүмкіндік береді. Денсаулық сақтау ұйымдарының тозу деңгейі 36,7 пайызға дейін төмендейді.

Облыс бойынша 80 медициналық қызметкер қажеттілігі бар. Кадр тапшылығын шешу мақсатында облыстың грантымен жалпы медицина мамандығы бойынша 42 студент білім алуда.

Бұдан бөлек, басқосуда бірыңғай әлеуметтік-медициналық сақтандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың есебі тыңдалды. Облыс әкімі осы мәселенің халық арасында түсіндіру шараларын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ, өңір басшысы денсаулық сақтау саласындағы кадр тапшылығын жою, мамандарды оқыту, барлық елді мекендерді алғашқы медициналық көмек көрсететін нысандармен қамту, қызмет сапасын арттыру сынды мәселелер бойынша жауаптыларға нақты міндеттер жүктеді.

 

Гүлжан РАХМАН

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support