- Advertisement -

Әлем чемпиондары Әулиеатаға оралды

141

- Advertisement -

Бокстан Өзбекстан елінің Ташкент шаһарында өткен Әлем чемпионатында ҚР Ұлттық құрама командасы сапында жамбылдық екі боксшы қатысып, Асланбек Шымбергенов – Әлем чемпионы, Дулат Бекбауов – Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанып қайтты. Кеше әулиеаталықтар қос чемпионды Тараз қаласының шығыс қақпасынан құрметпен күтіп алып, ел үмітін абыроймен ақтаған перзенттерін жеңісімен құттықтады.

Жасыратыны жоқ, талай байрақты бәсекеде Алаштың атын алты құрлыққа аян еткен былғары қолғап шеберлерінің кіндік қаны тамған киелі Жамбыл жері мұндай жеңісті көптен бері күтіп жүр еді. Араға 24 жыл салып қос боксшымыз Жамбыл спортының дүбірлі дәстүрін өз жеңістерімен қайта жалғап отыр. Айтулы чемпионатқа Қазақстан құрама командасынан 13 спортшы қатысса, соның екеуі Жамбыл облысының саңлақтары. 67 килограмм салмақ дәрежесінде бақ сынап, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған Дулат Бекбауов пен 71 килограмм салмақ дәрежесінде шеберлік көрсетіп, Әлем чемпионатының жеңімпазы болған Қазақстан құрама командасының капитаны Асланбек Шымбергеновті туған өлкеде күтіп алу салтанатында айтыскер ақын Нұрлыбек Құрманов спортшыларға арнауын жолдап, жерлестерінің тебіренісін жырмен жеткізді.

Мұнан соң жампоздардың құрметіне арнайы ұйымдастырылған салтанатты шарада облыс әкімі Нұржан Нұржігітов чемпиондарды жеңісімен құттықтап, жерлестерінің атынан марапаттады.

— Әлемдік бәсекеде көк Туымызды биікке көтерген өрендеріміз Асланбек пен Дулатты айтулы әлемдік жеңісімен шын жүректен құттықтаймын!

Жамбыл бокс мектебінің жарқын дәстүрін сақтаған спортшыларымыз өздерін нағыз шебер боксшы екендіктерін осы Әлем біріншілігінде айрықша көрсете білді!

Бүгінгі бокс әлемінде өздерінің дара талантымен талайды мойындатқан Асланбек пен Дулат кешегі Жамбыл боксының даңқын төрткүл дүниеге паш еткен Серік Қонақбаев, Болат Жұмәділов, Ермахан Ыбрайымов, Болат Ниязымбетов, Бақтияр Артаев, Ғани Жайлауов, Олжас Сәттібаев, Әбілхан Аманқұл сынды хас шеберлердің жеңісті жолдарын табысты жалғастыра білді.

1999 жылы Хьюстонда (АҚШ) өткен Әлем чемпионатында Болат Жұмәділов алтыннан алқа тақса, араға 24 жыл салып Асланбек Шымберегенов сол жеңісті, сол ерлікті қайталап отыр. Бұл біз үшін үлкен қуаныш, жоғары мәртебе. Боксшыларымызды үлкен рингке баулып, халықаралық дәрежедегі спорт шебері деңгейіне көтерген Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы Нұрлан Ақүрпеков пен Ермек Ертаевтардың ерен еңбектерін де айрықша атап өткім келеді, – деген облыс басшысы Нұржан Молдиярұлы боксшылардың ата-аналарына да ризашылығын жеткізді.

Сондай-ақ, аймақ басшысы Асланбектің алтын, Дулаттың күміс медалі – алдағы Париж Олимпиадасының алтын медаліне ұласуына ниеттестігін білдірді.

Салтанатты шарада Әлем чемпионы Асланбек Шымбергеновке 3 бөлмелі пәтердің кілті табысталды.

Ал, жеңімпаздың жеке бапкері, жоғары санатты жаттықтырушы Ермек Ертаевқа 5 миллион теңгенің сертификаты берілді. Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Дулат Бекбауов 2 бөлмелі пәтердің кілтіне ие болса, жеке бапкері, бокстан Қазақстан Республикасына Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Нұрлан Ақүрпековке 3 миллион теңгенің сертификаты табысталды.

Жамбыл спорты үшін тарихи сәтте облыстық бокс федерациясының тұңғыш президенті Қайрат Шотпақов, бокстан ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, спорт ардагері Дамир Буданбеков сөз алып, чемпиондарға батасын берді.

Шара соңында Асланбек Шымбергенов «Қолдау көрсеткендеріңізге көп рақмет. Біз сіздердің қолдауларыңызды ерекше сезіндік, соның арқасында еліміздің намысын қорғап қайттық. Алдағы уақытта да өңіріміздің, Отанымыздың абыройын асқақтататын спортшыларымыз көп болсын!», – деп жерлестеріне алғысын жеткізді.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support