Әлеумет

«Ақ жолға» жазылайық, ағайын!

«Ақ жолға» жазылайық, ағайын!

Облыстық «Ақ жол» газетінің жарты ғасырға жуық уақыттан бергі оқырманымын. Сонау бір жылдары «Еңбек туы» деп аталған тұста газетті Ғайса Сармурзин, содан кейін ұзақ жыл бойы Баттал Жаңабаев басқарды. Сол тұста газет облысымыздың бет-бейнесін, тіршілік-тынысын көрсетуде аз еңбектенген жоқ. Баттал ағаның өзі де ысылған, тәжірибелі журналист еді, талай кадрларды «ұстаханасынан» шыңдап шығарғанын да білемін. Соның бірі – белгілі журналист, қоғам қайраткері Арғынбай Бекбосын. Арғынбай ағаның тұсында өткір проблемалық мәселелер жиі көтерілді. Өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдары қуаңшылық қайталанып, Киров су қоймасының салынуымен су тапшылығы сезілгенде алғаш дабыл қаққан да осы облыстық газет еді. Содан кейін де газет басшылығы танымдық дүниеге ден қойып, оқырмандардың ойынан шығып тұрды. 

Қалай дегенде де ақпараттың молдығы мен сан түрлілігінен, түрленуінен қазіргі «Ақ жол» газетінің айдарынан жел есе бастады деп ойлаймын. Оны облыс оқырмандары байқап, мойындап та қойды. Бұрыннан қалыптасқан қасаң жүйеден арылып, ең өзекті мәселелерді оқырманға жеткізу газеттің басты мұратына айналғанына қуаныштымын. «Ана жерде анау өтті, мына жерде мынау өтті» деген ресми хабарлардың өзін тілшілердің қан жүгірте жазуы да қуантарлық. Әсіресе, тарихи-танымдық, ашық әңгімеге шақыру, өндірістің өзегіне ұмтылу, ауылдың хал-ахуалын нақты суреттеу соңғы кезде анық сезіліп отыр. Оқырманға керегі – жалаң ақпарат емес, жанды мақала. Оқиғаның ақ-қарасын ажырата білу. Ол – тілшіден терең білімділікті қажет ететін бірден-бір талап. «Ақ жол» қай жағынан да түлеп, түрленіп, оқырман асыға күтетін басылымға айналды. Оны асыға күтіп отыратын болдық. Сіз де асыға күтіңіз, ол үшін 2015 жылға газетке жазылыңыз, өкінбейсіз.

Тыныс Сейдуанов, зейнеткер, Талас ауданының  Құрметті азаматы.

Қаратау қаласы.