Ырыс қайда барасың? ынтымағы жарасқан елге барамын
Ырыс қайда барасың? ынтымағы жарасқан елге барамын
Біздің достық
бір үзім наннан басталған
«Бір үзім нанның дәмін басқа білмесе де біз жақсы білеміз» дейді жасы жетпістен асқан шешем Римма. Сонау, ат ауыздықпен су ішіп, ел басына аумалы-төкпелі күн туған шақта біздің аталарымыз Оралдан, яғни, Уфадан осы Ақыртөбеге көшіп келіпті.
Виль Баязитов, Ақыртөбе орта мектебі алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі.
Әкем: «Біз бір үзім нанға зар едік. Қазақтар «бөтен, бөгде» деген жоқ, бәрімізді бірге туғанындай қарсы алып, бауырына басты. Сол бір елді аштық жайлаған зар заманда жеген бір үзімнің дәмі аузымыздан әлі кеткен жоқ. Сендер де соны ұмытпаңдар, балаларым» деп отырушы еді. Қарға тамырлы қазақпен кейін құда болып, әпкеміз Райсаны Тереңөзектегі қазақ Әшекеге тұрмысқа бердік. Әпкем он бір бала тауып, Батыр ана атанды. Ақыртөбе темір жол бекетіндегі шағын ауыл қазір үлкен қалашыққа айналды. Қазақтар: «татар көше» деп атап кеткен көшеде бес-алты үйлі татар әулеті әлі тұрады. Иә, біз қазақстандықтармыз! Жақында Елбасы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты халыққа Жолдауын жария етті. Жергілікті орыс, қазақ, түрікмен, өзбек, қырғыз және басқа ұлт өкілдерімен бір отбасының балаларындай тату-тәтті тұрып, өмір сүріп жатырмыз. Өйткені Елбасының саясаты сол, жүзі басқа екен деп ұлтына, тілі басқа екен деп ұлысына бөлмейді. Мен өзім он сегіз жылдан бері жергілікті орта мектепте балаларға әскери-патриоттық тәрбие беріп келемін. Қазақстанның мықты Армиясы болғанын қалаймын. Сондықтан мектеп түлектерін Отан қорғауға әзірлеп жүрмін. Қазір мектепте оқып жүрген 80-ге жуық шәкірт осы алғашқы әскери дайындық пәнінен дәріс алуда. Солардың тең жартысы әскерге қызмет етуге дайындалып отыр. Мәселен, бұрын мектеп бітірген Ернар Әшекеев қазір Астанада, полковник шенінде, Рашид пен Фарид Ихсановтардың біреуі медициналық Академияны тәмамдаса, біреуі Қорғаныс министрлігінде қызметте жүр. Дәлірек айтқанда Отан қорғау қызметінде. Мен өзімнің шәкірттерімнің Елбасы айтқандай нағыз елін сүйген, елін қорғайтын азамат болса екен деймін. Осы арманымның орындалғанына мың да бір тәуба. Бірлік – біздің туымыз. Біз осылайша ынтымағымыз жарасқан қалпымызда кемел болашаққа бірге баратынымызға сенімім мол.
Нұрлан Жарашуев, Қазақстанның жеті дүркін түйе палуаны, самбодан әлем, КСРО чемпионы, аудандық қарашай-балкар этномәдени бірлестігінің төрағасы.
Осыдан 70 жыл бұрын біздің аталарымыз қуғын-сүргінге ұшырап, тағдырдың тәлкегімен қазақ жеріне, осы мерейлі Меркі өңіріне көшіп келген екен. Содан бері 150 қарашай мен балкар ұлысы қазақтармен тонның ішкі бауындай болып, араласып-құраласып кетті. Біздің ақсақалымыз, Ұлы Отан соғысына қатысушы Ахмад ата Этезов: «Балаларым, қазақпен құда болыңдар, ол өте меймандос халық. Одан жаманшылық көрмейсіңдер» деп айтып отырады. Ал Кавказдан келген біздерде үлкенді тыңдау, олардың алдын кеспеу – өміріміздің ең басты критериі. Содан болар біздің әпкелеріміз де, қыздарымыз да қазақтарға тұрмысқа шыққан. Бәріміз бір-ақ тілде – қазақ тілінде сөйлеп, қазақ мектебінде оқып, білім алдық. Бұл тіл біздің ана тіліміздей болып кетті. Жақында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауын жариялады. Онда ұлттар достығы, бірлік пен ынтымақ туралы анық айтылыпты. «Ырыс қайда барасың?» дегенде Ырыс: «Ынтымағы жарасқан елге барамын» деген екен. Алдағы жылы Қазақ елі Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуын атап өтпекші. Мен осынау ұлан-байтақ қазақ жерін сыртқы жаудан қорғап қалған Жәнібек пен Керей, Абылай хандар туралы, төбе би Төле мен Қаз дауысты Қазбек және Әйтеке билер туралы көп естідім. Шетелде жүріп жеңіс тұғырына көтерілгенде талай мәрте Қазақстанның көкбайрағын желбіретіп, қазақтың Әнұранын шырқаттым. Сонда мен туған жерім Қазақстанды шын сүйіп, көзіме ыстық жас алдым. Өйткені, мен Қазақстанымды, онда тұратын бауырластарымды жанымдай жақсы көремін. Жақында менің Келісім Рақмышев есімді шәкіртім Грекиядан жеңіспен оралды. Ол да дүниежүзілік додада еліміздің Туын желбіретіп қайтты. Міне, біздің бүгінгі өрендердің рухы биік, ары да, жаны да таза. Иә, біз қазақстандықтар Елбасы айтқан нұрлы жолмен келеміз. Ендеше ынтымағымыз баянды болсын, ағайын!
Меркі ауданы.
Т. Рысқұлов ауданы.