Мемлекет басшысы бокстан әлем чемпионатының жүлдегерлерін қабылдады
Мемлекет басшысы бокстан әлем чемпионатының жүлдегерлерін қабылдады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бокстан Өзбекстанның Ташкент қаласында өткен әлем чемпионатының жеңімпаздары – Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Асланбек Шымбергенов, Нұрбек Оралбай және күміс медаль иегері Дулат Бекбауовты, сондай-ақ бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелері мен бапкерлерін қабылдады. Мемлекет басшысы спортшыларды әлем чемпионатындағы жарқын жеңісімен шын жүректен құттықтап, бұл күллі еліміз үшін айтулы оқиға екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы қазақ спортының жаңа белеске көтеріліп келе жатқанына назар аударды.
Президент елімізде спорт саласын дамытуға айрықша мән берілетінін, жастардың жаппай спортпен айналысуына қажетті жағдай жасалатынын айтты. Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, спортшыларға сәттілік тілеп, алдағы байрақты бәсекелерде ел намысын лайықты қорғайтынына сенім білдірді. Сондай-ақ Қазақстан бокс федерациясының басшылығына, спортшылар мен бапкерлерге Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталарын табыс етті.