- Advertisement -

Депутаттар өзекті мәселелерді қарады

39

- Advertisement -

Облыстық мәслихаттың экономика, бюджет, салық және жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері жөнінде тұрақты комиссияның кезекті отырысында облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасына бағынышты мекеме мен кәсіпорындарға жүргізілген аудит нәтижелері тыңдалды. Комиссияның кезекті отырысында тексеру комиссиясының мүшесі Асылхан Шаймерденов баяндама жасады.

Оның айтуынша, облыстың спорт саласындағы қырықтан астам мекеме – кәсіпорынға аудит тексерісі жүргізілген. Оның ішінде 36 мекеменің жұмысы қанағаттанарлық деп танылып, 5 мекемеде қаржының жұмсалуында олқылықтар анықталған. Оның ішінде «Тараз» футбол клубында «Тараз-Арена» мекемесі бойынша қаржылар мақсатты жұмсалмағаны анықталып отыр. Осы орайда облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков жағдайды түсіндіріп, аталған мекеме басшыларының жауапкершілігі басқарма алқасында қаралғанын, тиісті жаза берілгенін айтып өтті.

Сондай-ақ, жиында Байзақ, Меркі, Мойынқұм аудандарының мектепке дейінгі білім беретін оқу орындарының материалдық-техникалық базасы және оларды қаржыландыру жағдайы қаралды. Бұл мәселе туралы аталған аудандарда депутаттық жұмыс комиссиясымен тексеру жүргізген облыстық мәслихаттың депутаты Алтай Райқұлов баяндады. Депутаттың айтуынша, Мойынқұм ауданындағы Хантау ауылында 25 балаға ғана арналған бөбекжай балабақшасы тек сағат 8 бен 12 аралығында ғана жұмыс істейді. Аталған аудандағы «Ақбөпе» бөбекжайында медициналық тексеруден уақтылы өтпеген қызметкерлер еңбек етіп жүр. Меркі ауданындағы 1984 жылы салынған 50 орындық «Балдәурен» бөбекжайында 70 бала тәрбиеленуде. Алайда, мектепке дейінгі осы мекемеде ән-күй, дене шынықтыру сабақтары өз деңгейінде өтпейтіні анықталған. Аталған пәндерге лайықталған бөлмелер де жоқ. Баланың дамуына толық жағдай жасалмаған. Меркіде апатты жағдайдағы балабақшалар бар. Ал осы аудандағы Ойтал ауылында 11 мың 300 адам тұрады, 57 бала балабақша кезегінде тұр. Осындағы «Ақбөпе» балабақшасы күрделі жөндеуді қажет етеді.

Депутат Алтай Райқұлов Байзақ, Талас аудандарындағы мектепке дейінгі мекемелердің жағдайына да тоқталып өтті. «Барлық ауданда мәселелер бар. Оның барлығы кезең-кезеңімен шешімін табуы тиіс», деді депутат.

Мұнан соң облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбеков аталған аудандағы мектепке дейінгі мекемелердің жағдайынан толық хабардар екенін, алдағы уақытта аталған ұсыныстар мен мәселелерді назарына алатынын айтты.

Комиссия отырысына барлық аудандағы дене шынықтыру және спорт, білім бөлімдерінің басшылары қатысып, бірқатары өз аудандарының мәселелері бойынша ойларын айтты. Облыстық мәслихат депутаттары да аталған мәселелер бойынша ұсыныс айтып, сала басшыларына сұрақтар қойды.

Жиында әртүрлі мәселелер бойынша қаулы қабылданды. Аталған комиссия төрайымы, облыстық мәслихаттың депутаты Фарида Жүнісова отырысты қорытындылап, бюджет қаржысы негізсіз жұмсалмауы тиіс екенін, әр бөлінген қаржының жұмсалуы қатаң сұралатынын ескертті.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support