- Advertisement -

Ашық қоғамды озық ойлар жетелейді

211

- Advertisement -

Жақсы адам әр дәуірде де, әр қоғамда да бар. Санасы сергек ұрпақтар ұлтына жанын беріп, қанын төгіп адал қызмет еткен жандарды құрметтеп, қадірлей алады деп ойлаймыз. Еліне еңбегі сіңген қайраткерлер кімдер, ал кімдердің қоғамға пайдасынан гөрі зияны басым, жиіркенішті екенін біліп, аражігін ажырату кезінде абай болғанымыз да абзал. Өтірік пен өнеге өмірде қатар тұрмауы керек. Бұл орайда тарихшы ғалымдар мен саясаттанушыларға, қоғамдық пікір иелеріне әділетті пайым, шынайы көзқарас, терең зерттеулер, зор жауапкершілік жүктеледі. Бұл өміршең мәселе.

Мұны айтып отырғанымыз, бұрынғылардың жіберген қателіктері мен олқылықтарын түзету күрескерлігі де бүгінгілердің қажыр-қайраты мен білім-біліктілігіне тән нәрсе болып отыр. Әсіресе, мемлекеттік қызметте.

Әділетті Қазақстан үшін тіпті ерекше маңызға ие. Мемлекеттік қызметші атану адамның кәсіби білімді, рухани-мәдени өресі жоғары, жауапкершілігі мол әрі білікті маман болуын талап етеді. Сонда ғана олар қоғам мүддесі жолында шешім қабылдай алатын тұлға деңгейіне көтеріле алады. Мықты кадрлар корпусынсыз өркениетті нарыққа өту мүмкін емес. Ал нарықтық қатынастарда барлық әлеуметтік-экономикалық сала бойынша биік деңгей мен өре керек. Онсыз халықпен ашық диалог орната алмайды. Мобильді жұмыс істей білуді меңгеру де талап өлшемі.

Мемлекет басшысының жеке бастамасымен кадр саясаты жөнінде түрлі мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Ел ертеңіне сенімді күш-қабілетті жас мамандар резервін әзірлеу, меритократия қағидатын енгізу, қазақстандық мемлекеттік қызметтік моделін қалыптастыру белгілі бір деңгейде өз нәтижесін беруде. Қоғам алдында есеп беру, ашықтық, меритократия қағидаттары орныққан мемлекеттік басқару органдарында жұртшылыққа ұнамды көзқарастар туғызуда. Қоғам талғамының өсуінің нәтижесінде мемлекеттік қызметке де жаңа талаптар қойылды. Бұл міндеттер мен талаптар Қаңтар оқиғасынан кейін қатая түскенін және азаматтық қоғамның да бұл бағытта бақылау мен қадағалау жұмыстары жанданғанын сезінбеу мүмкін емес.

Мемлекет басшысының жаңа саяси мәдениетті қалыптастырудағы барлық бастамасы мен табанды ұстанымына сай адалдық таныту бұқаралық іске айналуы тиіс. Ескі дағдыны күресінге лақтырып, қоғам өмірінен парақор, жемқор шенеуніктерден аластату ісі әлеуметтік мәселенің ең зоры екенін жаппай сезіндіру саясатын жүргізуге басқалай сипат берген жөн. Ол – халықпен пікірлесіп, ашық диалог жүргізу және қалың бұқараның соған көзін жеткізу. Келеңсіздікті жоюдың барлық іс-шарасын жария ету. Ұлт үшін адал қызмет ететін азаматтар ғана қоғамды алға сүйрей алады.

Сондықтан, Әділетті Қазақстан құру ісінде, реформаторлық талаптарға ілесе алмаған кадрларды алмастырудан басқа ештеңе қалмай отыр. Қоғамда әлі күнге шейін қызу талқыланып келе жатқан кадр мәселесінде, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап айтқанындай, өз ісін жетік білетін кәсіби мамандар, отаншыл азаматтар қашан да бағалы. Бұл тұста отаншыл, мемлекетшіл қасиеттерді Алаш арыстарынан үлгі етіп алсақ та артық болмас еді. Сосын мемлекеттік қызметші жайында да бізде ұнамсыз сөз көп айтылады. Себебі… Мысалы, Францияда мемлекеттік қызметші санымен емес, сапасымен, білімді және кәсіби біліктілігімен өлшенеді. Тіпті француз халқы «мына үйде мемлекеттік қызметші тұрады» деп мақтанып айтады екен. Ал бізде ше? Ала-құла пікір. Қызғаныш пен жақтырмаушылық. Және …Көзге шұқып тұрады емес пе?

Бұл нені көрсетеді? Әбден ығыр еткен, түрлі себептермен, бюрократия мен жемқорлық секілді жағымсыз құбылыстар арқылы сіңісіп кеткен теріс ойдың салдары. Әйтпесе, шенеуніктің бәрі жаман емес, иығына түскен ауыртпалықты көтере білген, адал да алғыр өкілдері болған, олар қазір де бар.

Негізінен кадрлар құрамын жаңартып, біртіндеп ауыстыру керек, деген ойды құп аламыз. Әсіресе, аса бір ерекше қабілеті жоқ, алайда құр кеуделі, тіптен өзі қатарлы әріптестерінен ой-өрісі көп төмен, алайда жоғары тұрғандарға жағымпаздығымен не жерлестік пиғылымен жаққан қоңыртөбел, шіренген шенеуніктердің еш қиындықсыз көтеріліп, майлы жілікті мансапта отыратын жағдайға жол бермеуіміз керек.

Қалай? Ол үшін халықтың арасында айтылатын әртүрлі көзқарастар мен пікірді қатаң ескеру қажет. Жалпы, ел басқару жұмыстарында түрлі ұйымдар мен қоғамдық кеңестердің ықпалы мен ұсыныстары нақты ел тілегіне сай естіле бермейді. Бұл да ойланатын мәселенің көкейкесті түрі. Халықтың көңіл-күйінде дәл осы жергілікті кадрларды қызметке іріктеп, орналастыру, тамыр-таныстықтың әлі де етек алуы сияқты жағымсыз әрекеттерге, руластық-сыбайластық байланыстардың бұзылмауына алаңдаушылық бар. Бұл ұрлықты жасырғанмен бірдей емес пе?

Жақында белгілі қоғам қайраткері Жақсыбек Құлекеев өзінің «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған көлемді сараптау мақаласында жергілікті өзін-өзі басқару деңгейінде жаңа үлгідегі басшылар қашан пайда болады, деген сауалға қатысты мынадай ой айтыпты: «Әлі күнге дейін әкімдер мен министрлер арасында басқарудың кейбір үлгілерін экс-президенттен қабылдаған адамдар бар. Өйткені олар тікелей соған қызмет етті. Олар халықтан бұрын соған жағуды ойлады. Енді мәдениеті, көзқарасы, басқару принципі тіпті басқаша қалыптасқан жаңа Президентіміз бар».

Жуық арада соған ұқсағысы келетін басшылар көбейеді деген ойын да білдірген. Солай болуы өмір заңдылығы. Қоғамға керегі де сондай парасатты, адал, мәдениетті, сыйлы, халықшыл азаматтар. Тойымсыздық психологиясынан ада, жаңа үлгідегі басшыларды тәрбиелеп шығару да оңай іс емес. Ең бастысы, қоғамдық орта қажет. Жұртты айтқан сөзіне сендіре алатын, еліне тыңдата алатын табанды, турашыл, ақылды тұлғалар мен ай мүйізді, айбарлы қайраткерлер болмаса, ықпалды қоғамдық, мемлекетшіл ортаның қалыптасуы қиын. Қазір орта және аға буын өкілдері алыптардың сарқытындай болған адуынды, айтқан сөзі мірдің оғындай елтұтқа жандарды көргісі келеді. Қай жерде болмасын сол кісілердің өнегесі мен өсиетін үлгі етеді.

Иә, ел тәуелсіздігінің қалыптасуына өздерінің алмас қылыштай өткір сөздерін айтып, қоғамдық мәдениет пен ұлттық ой-сананы сергітуге зор тарихи үлес қосқан тарландар, атақты академик-заңгер Салық Зимановты, өмірдің өжет сөзін табан тіреп айтып өткен Шерхан Мұртазаны, ұлылықтың ойшылы, ақылдың кені Әбіш Кекілбайұлын, қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған Герольд Бельгерді, қоғам мен ұлт мүддесінде жеке батыр Алдан Айымбетовті және көптеген елінің бүгіні мен ертеңі үшін әділеттіліктің, шындықтың қанын сорғалатып, билікке тік қарап, қоғамның сөзін айтып, санастыра білген танымал азаматтардың орнын жоғалтпайтын, аманатты жүгін одан әрі жалғастыратын қоғамдық пікірдің көшбасшыларын шын сағынады. Жоғарыда аты аталған кісілер тақілеттес көптеген дара тұлғалар атойлап тұрғанда көпшілік уайым жемей, тағдырлы мәселелердің дұрыс шешілуінде арқа тұтып жүретін еді. Тек Алматы мен Астанада емес, өңірлерде де сол кезеңдерде қалың ел құрметтейтін қоғам қайраткерлерінің қатары толыға түскен-ді. Мәселен, Ақтөбеден философ-профессор Аманкелді Айталы ұлттану туралы, Оралдан көрнекті ақын Ақұштап Бақтыгереева ұрпақтар тәрбиесі, Шымкенттен талантты жазушы Мархабат Байғұтов пен әдебиетші ғалым Құлбек Ергөбек және басқа да абыройлы азаматтар ел бірлігі, өмір шындығы, мансаптың терең мағынасы жайында жазған тартымды дүниелері сол аймақтарда ғана емес, республикамызда ортақ қоғам мәдениетін қалыптастыруға өз қолтаңбаларын қалдырды.

Бүгіндері осындай ірі және еті тірі тұлғалардың шоғыры аймақтарда аздау ма деп қаламыз немесе кейбіреулерінің көзге түсетін «белсенді қызметі» тек жергілікті дәу шенеуніктерді бас-көз жоқ мақтаудан асып кете алмай жүрген секілді. Себебі, жұртшылық аузындағы шығармашылық адамдардың күнкөрісі мен күйбең тірлігі бір басқа болса, кешеге дейін мемлекеттік қызметте ұзақ жүрген жылдарында бірыңғай бастығына жағынып, жалпақтап өмір сүрудің иір-қиырын білетін кейбір кісілер өкінішке қарай, жергілікті әкімдерге жұрттың мұң-мұқтажын айтудың орнына, ел сөзінің шырпысын шығармай, жақсы істерге жол сілтеудің орнына көпе-көрнеу жалған мадақ-мақтау сөзден тау тұрғызып, бәйек болуымен теріс әсер қалдыруда. Жалпақшешейлік үдей бастағандай. Ал бұған жол беруге бола ма? Мұндай сорақылыққа өршіл рухтағы жастар жағы әрине, өкпелейді. Өсіп келе жатқан саналы да сергек ұрпақтар толқыны өнегені өрбіткенді дұрыс санайды. Қайсар тірлік пен батыл қадамдарға қарап бой түзейді. Сөз түзелмесе, құндылықтар қадірленбесе, сосын «Қураған ағаштан қобыз шықпайды» деп жүрсе не дейміз? Олай айта қоймас десек те. Асыл жандар мен абыз кісілерге сөз келтірмеу – парыз. Күнбағар құбылыспен қайда ұзаймыз, кімге қадірлі болмақпыз? Өмір өзгерді. Жылжып жылдар өтуде. Талғам мен талап та жылдам өзгеруде.

Негізі бір есте ұстайтын жағдай бар. Мемлекетті басқарудың жаңа үлгісін үйренетін кейінгі жас буын үшін адамшылық қарым-қатынас пен кісілікке көлеңке түсіретін ұсақ-түйек кемшіліктер де болмауы керек. Ел ішінде болып жатқан өзгерістерді ілгерілетуге барлық белсенді азаматтардың тікелей қатысы бар және солай болуы керектігін есте ұстаған жөн.

Әділетті Қазақстан құру ісінде қандай қоғамдық міндеттер тұр? Мақсат айқын. Үлгі бар, үйрену керек. Үмітті ақтайтын және сенімге ие бастамалар қажет, ол жер-жерде идеялық-тәрбие мәселесі ретінде күн тәртібінде алға шығуы қажет. Түйіндеп айтар болсақ, бұл күндері әртүрлі қоғамдық ортада озық заман тынысын тап басып, жүйрік уақыт талаптарын терең түсініп, реформалық өзгерістерді жүзеге асыруда ұлтжанды, ойлы тұлғалардың орны мен пікір қажеттігі айқын сезілуде. Сондай биік парасатты, сын мен мінді мемлекетшіл сипатта алға тартып, ашық айта білетін шыншыл және абыройлы, беделді жандардың ел ішінде, ауыл, аудандарда, жалпы қоғамда көп болуы бәрінен маңызды. Сол себепті бұл рухани-саяси іске де қолдау мен бағалай білу тұрғысында толыққанды жаңа көзқарас қажет. Ашық қоғамды озық ойлар жетелейді.

Мемлекеттік басқарудың жаңа дәуіріне өтпелі шақта барлық, тағы да қайталап айтамыз, барлық деңгейдегі мемлекеттік қызметшінің бейнесін тек қана өз ісіне деген адалдық ашады. Ал, адалдық халық күтіп отырған ең басты құндылық болары сөзсіз.

 

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support