Саясат

Отбасы сәні - сыйластық

Отбасы сәні - сыйластық

«Нұр Отан» партиясының ХV съезінде қабылданған саяси доктринасында отбасының қоғамның басты құндылықтарын сақтайтын аса маңызды институт болып табылатындығы атап көрсетіліп, ұрпақтар сабақтастығының, жасы үлкендерге құрмет көрсетудің, жасы кішіге қамқор болудың, өзара қолдау жасау дәстүрін орнықтырудың, жас ұрпақтың бойында еңбексүйгіштік пен білімге құштарлық сияқты игі қасиеттерді қалыптастырудың отбасы тәрбиесінен бастау алатындығы айтылған. Нақ сондықтан да партияның облыс аумағындағы филиалдары отбасын нығайту мен оның құндылықтарын және адамгершілікті дәріптеу мәселелерін басты назарда ұстап, әрқилы форматтағы іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Соның бір нақтылы көрінісі ретінде, нұротандықтардың ұйытқы болуымен ағымдағы жылдың 6 желтоқсаны күні еліміздің барлық аумақтарында «Жасөспірім жасындағы (5-7 сынып оқушылары) мектеп оқушыларының ата-аналарына психологиялық көмек» атты республикалық конференцияның өткендігін айтсақ та жеткілікті. Астана қаласындағы Отбасылық тәрбие институтының бастамасы және облыс әкімдігі білім басқармасы мен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының идеологиялық және ақпараттық қолдау көрсетуі негізінде мұндай іс-шара Тараз қаласындағы барлығы он бес мектепте ұйымдастырылды. Аталған басқосуларға партияның облыстық филиалының басшылығы, филиал саяси кеңесінің мүшелері, облыстық және Тараз қалалық мәслихатының депутаттары, облыс әкімдігі білім басқармасы мен Астана қаласындағы Отбасылық тәрбие институтының мамандары, мектеп басшылары, білікті психологтар, ата-аналар қатысты.

Қала мектептерінде өткен конференцияларға қатысушыларға сөз арнаған партия белсенділері отбасын нығайту мен дәстүрлерді сақтау, ең алдымен мемлекеттігіміздің дамуына кепілдік беретіндігіне, жастарды қазақстандық патриотизмнің негізін құрайтын осы құндылықтар рухында тәрбиелеудің республикамыздың табыстылығы мен гүлденуіне ықпал ететіндігіне тоқталды. Психолог-мамандар бала тәрбиесіне қатысты семинар-тренингтер жүргізді. Сондай-ақ, жиындарда жасөспірім балалардың тәрбиесіне арналған бейнероликтер көрсетілді. Соңынан, сала мамандары ата-аналардың тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап қайтарып, олардың бала тәрбиесіне қатысты көптеген мағлұматтар алуына мүмкіндік жасады. Тараз қаласының он бес орта мектебінде өткен конференциялардан кейін партияның облыстық филиалының мәжіліс залында партияның «Бақытты отбасы» жобасы аясында отбасыларында кездесетін қиындықтар мен басқа да өзекті мәселелерге байланысты тақырыптық қоғамдық қабылдау ұйымдастырылды. Онда қоғамдық қабылдауға келген 10 қала тұрғынына ағымдағы жылдың шілде айында ғана Тараз қаласында ашылған отбасылық тәрбие орталығының психолог-маманы Дилльфуза Камалова психологиялық кеңестер берді. Шаңырақ иелерін толғандырып жүрген мәселелерге орай түсінік жұмыстарын жүргізді.

Сапарғали Әлібай, «Ақ жол».