Суретшілер симпозиумы мәресіне жетті
Суретшілер симпозиумы мәресіне жетті
Оған Түркия, Оңтүстік Корея, Словакия, Латвия, Ресей, Әзірбайжан, Өзбекстан мен Қырғыз мемлекеттерінің және Қазақстанның танымал суретшілері мен өнер майталмандары қатысты. Симпозиумның мақсаты – бейнелеу өнері арқылы халықтар арасындағы достықты, мәдени және рухани байланыстарды нығайту, суретшілердің өзара шығармашылық тәжірибелерімен алмасу мүмкіндігін және студент жастардың шығармашылық қабілеттерінің дамуына ықпал ету. Іс-шарада жоғарыда аталған институттың бастапқы әскери дайындық және шығармашылық мамандар кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, облыстық Суретшілер одағының төрағасы Айдархан Сихаев көрмеге қойылған суреттерге жеке- жеке тоқталды. Алдымен сөз алған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сара Мәдиева симпозиумның жоғарғы дәрежеде өткенін ерекше атап өтті. – Екі мың жылдық тарихы бар, Ұлы Жібек жолының жауһары атанған Тараз қаласындағы бүгінгі өткізіліп отырған іс-шарадан керемет әсер алдым. Әсіресе суретшілердің салған «Соңғы сәуле», «Шығыс базары» аталатын туындылар менің көңілімнен шықты, – деген Сара Қабылбекқызы ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді. Сонымен қатар басқарма атынан Айдархан Әшімханұлын Алғысхатпен марапаттады. Өз кезегінде институт ректоры Марат Баяндин білімгерлердің шығармашылық қабілеттерін дамытуға арналған мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да ұдайы ұйымдасырылып отыратынын айтып, шараға қатысқан қатысушыларға Алғысхаттар, ақшалай және бағалы сыйлықтар табыстады.
Тараз қаласы