- Advertisement -

Атың қалды еліңнің жүрегінде

47

- Advertisement -

Ауғанстан жерінде он жылға жалғасқан қырғын соғыстың аяқталғанына 35 жылға аяқ басты. Оған 22 мың қазақстандық, оның ішінде 2 мың жамбылдық жауынгер қатысты. 105 жерлесіміз «Қызыл жұлдыз» орденімен, 1292 адам медальдармен марапатталды. Ауған соғысының ардагері, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаевқа «Халық қаҺарманы» атағы берілді. Кеңес әскері интернационалдық көмегін көрсетті деген осы соғыста бауырым Ыбырай Малдарбеков те шайқасты. Ай мен күннің амандығында басталған соғыстың басынан қолына қару алып, ауған даласына алғашқылардың бірі болып кірді. Небәрі 18 жасында оқ пен оттың ортасына қойып кетті. Соларды жау санайтын дұшмандармен болған қанды қырғын туралы Ыбырайдың жазған хаттары менде әлі сақтаулы тұр.

Отан қорғаушылар күнінде Тараз қаласында Ауған жерінде әскери борышын өтеп, ерлікпен қаза тапқан Ыбырай Малдарбековті еске алуға арналған жиын болып өтті. Бұл жиынның ерекшелігі сол, еліміздің түкпір-түкпірінен Ыбырайдың қарулас, майдандас достарының келуі болды. Жиырмадан астам соғыс ардагері кешегі майдан даласында мерт болған есіл ердің рухына тағзым ету үшін осында бас қосты. Қанды көйлек қаруластар Жеңіс саябағындағы Ауған соғысында мерт болған жауынгерлерге орнатылған ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Бір минут үнсіздікпен сұрапыл соғыста жандарын пида еткен ерлердің ерлігіне тағзым етіп, сонау қиын-қыстау кезеңнің ауыртпалығын, жамбылдық жауынгер Ыбырайдың қайыспас қайсарлығын жан жүректерімен жеткізді.

Әр тараптан жиналған ардагерлер №17 Ғани Мұратбаев атындағы орта мектебінде болып, осы білім ошағының түлегіне арналған бұрышпен танысты. Сол кездері ұстаздық еткен Зәуреш Сәлімбаева шәкірті туралы естеліктер айтты. Зеректігі мен алғырлығы, білім жолындағы ізденістері мен алдағы армандары жайында толғана сөйледі.

Атырау облысынан келген ардагер Көпболды Жалғасбаев бұл соғыстың зардабы мен қасіреті туралы айта келіп, осы мектептен үлкен өмірге жолдама алған Ыбырайдың Ауған жеріндегі арпалысқа толы жорық жолдарын, сан мәрте жасаған ерліктерін тілге тиек етті.

Қырғыз Республикасының Талас қаласынан Таразға атбасын бұрған Андаш Тоқтарбаев үлкен тебіреніспен өткен күндерді еске алды. Осынау қанқұйлы соғыстың бел ортасында болған қанды көйлек достарының арыстанша алысқан батылдығына, оның ішінде бір сапта тізе қосып шайқасқан Ыбырайдың сын сағаттарда сыр бермеген қаһармандығына тоқталды. Жамбылдық досының майдан даласындағы ерліктерін паш етіп, кезекті ұрыста көз алдында жаудың оғынан мерт болғанын, оны қаруластарымен бірге шайқас алаңынан алып шыққанын әңгімеледі.

Тұрар Рысқұлов ауданының тумасы Сәрсен Нақимовтың бұл соғыста көрсеткен ерекше қасиетін айтпай кетпеске болмайды. Бұл ардагер бөлімшедегі қазақ жауынгерлерінің арқа тұтар сүйеніші, қалқаны мен қорғаны болып, жүрекжарды сөзімен, ақыл-парасатымен жігерлендіріп, дем беретін ерекше қабілетімен көрініпті. Оны майдандас достарының аузынан естідік. Сол азаматты осы басқосуда көріп, нағыз алып тұлғалы кешегі жүректі жауынгердің майдандағы сансыз ұрыстан аман шығып, бүгінгі бейбіт өмірдегі тірлігіне де риза болдық. Өз кезегінде соғыс ардагері Сәрсен де іркіліп қалмады. Батырлар секілді қоңыр даусымен байыпты сөйледі. Ұзақ созбай, қысқа қайырды. Елдік пен ерлік туралы әңгімелеп, Ыбырай сынды азаматтар тәрбиелеу жөнінде ой қозғады.

«Жамбыл облысының интернационалист- жауынгерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Керім Ізбасаров, Ыбырайдың әпкесі Баян Әубәкірқызы келген қонақтарға алғыстарын білдіріп, ардагерлердің отбастарына амандық пен жақсылық, аспанымыздың әрдайым ашық болуын тіледі.

Бауырым жайында сөйлеуіме тура келді. Көз алдыма жаны таза, жанары оттай жанған, тұла бойы кіршіксіз пәктіктен жаралған, талабы таудай, мақсаты биік, өмірге өте құштар Ыбырайдың жарқын бейнесі оралды. Жаратқаным аузыма салған сөздерді айтып, шерімді тарқатқым келді.

«Шіркін-ай, бұл соғыстан аман оралғанда, сіздер секілді ортамызда жүрер еді, менің бауырым. Екі жыл ауған жерінде қазақтың атына кір келтірмей, нағыз батырлар секілді шайқасты. Біз ертең рейдке шығамыз, сосын қауіпті сапарға аттанамыз, деп аласапыран күндерін бүкпесіз хатқа түсіретін. Менің жайымды аға, сіз ғана түсінесіз. Басқа ешкімге бұл құрып кеткір соғыс туралы айтпаймын. Бірақ, бірақ… деп іркілетін. Мен осы қырғыннан аман келем бе, жоқ па, білмеймін. Өйткені күн сайын, сағат сайын қасымдағы жауынгер достарым оққа ұшып, қатарымыз сиреп, қаралы күндеріміз көбейіп, тіпті асқынып барады. Бізді кез келген уақытта дабыл қағып, ұрысқа алып кетеді. Келесі хатымды рейдтен келген соң жазамын, деп айқұш-ұйқыш әріптермен асығыс жазған хатын жолдайтын. Мен ағалық ақылымды айтудан жалықпайтынмын. Қандай қырғын кезең болса да, үмітін үздірмеуге, сенімін нығайтуға тырысып бақтым.

Өкінішке қарай, бауырым елге қайтуға тура екі ай қалғанда мерт болды. Алла Тағала әскердегі алпыс күн өмірін аман сақтағанда, туған елінің төрінде алшаң басып жүретін еді. Әттең, ондай күнге жете алмады, сұм соғыс жеткізбеді. Жастық шағы лаулап жанған от пен ажал сепкен оқтың ішінде өткені өкінішті, әрине.

Жаның сенің нұрлы еді, шуақты,
Армандарың биік еді, қуатты.
Болашаққа тым асықтың, бауырым,
Тым биікте қағып едің қанатты.

Айналайын, жан бауырым, арысым,
Алғыр едің, жанып тұрған намысым.
Сен алатын қамалың да көп еді,
Қанатың қайырылды-ау, қыран құсым.

Сұм соғыстың өрті шарпылғанда,
Сын сағаттар алдыңда сан тұрғанда.
Қарап қалмай аттандың, қайран інім,
Қару ұстап Ауғанның даласына.

Жауға шапқан бауырым дарасың ба?
Ерлігіңмен биіктеп барасың ба?
От пен оқтың арасын тіліп өттің,
Қаhарман боп жүректе қаласың ба?

Атың қалды еліңнің жүрегінде,
Ерлігің сақталады ел есінде.
Ең үлкен армандарың артта қалды,
Жүрегім қан жылайды, білесің бе?

Ұлықтайды, елің сені ұмытпайды,
Атың сенің жоғары қалықтайды.
Рухың сенің шат болсын, батыр інім,
Тәңірім о дүниеде жарылқайды», –

Тәңірім о дүниеде жарылқайды», – деген өлең жолдарымен сөзімді аяқтадым. Тәңірден мұндай сұмдықтың болмауын, еліміз бен жеріміздің амандығын, Тәуелсіздіктің мәңгілік болуын тіледім.

 

Мақұлбек БІЛӘЛБЕКҰЛЫ,

ардагер журналист.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support