Экономика

Құс фабрикасының қарышты қадамы

Құс фабрикасының қарышты қадамы

Уақытында «Әулие-Ата Феникс» құс фабрикасы ішкі нарықты қамтып қана қоймай, алыс-жақын шет мемлекеттерге құс етін экспортқа шығарады деп кісі баласы ойламағаны анық. Тіпті жұрт «қаңқасы ғана қалған ғимаратты серіктестік басшысы қайтеді?» деп күмәнданған да болатын. Алайда, фабриканың бүгінгі иесі Фарида Жүнісова қолға алған ісін жарты жолда тастап кеткен жоқ. Тәуекел етті, мықтап бел буды. Қысқасы, Байзақ ауданына қарасты Мырзатай ауылдық округіндегі ескі тоз-тозы шыққан нысандарды кәдесіне жаратты.

Ақиқатында іскер әйел алған бетінен қайтпады. Кәсіпорынды аяққа тұрғызып, жұмысын жандандыру үшін тәуекелге бел буды. Ізденістің ізіне түскен Фарида Жүнісова құс фабрикасының жұмысын жүйелеудің жолын іздеді. Қаржы табу жолдарын қарастырды. Нәтижесінде Аграрлық несие корпорациясынан жеңілдетілген несие алудың жолын тапты. Осылайша тынысы тарылған фабриканы жаңаша түрлендіруге бар күш- жігерін жұмсады. Расында да құс фабрикасы аты айтып тұрғандай, феникс құсы сияқты қайта түлеп, 2016 жылы қайта құрылды. Бизнеске бет бұрған адам үшін тірліктің көзін табу оңайға соқпайтыны әлімсақтан аян ғой. Ол қаңқасы қалған ғимаратты қалпына келтіргеннен кейін құс фабрикасын заманауи техникамен жабдықтауға айрықша ден қойды. Түсіне білген адам үшін бұл да оңай шаруа емес екені айдай ақиқат. Қомақты қаражат керек. Қаражат көзін іздеген басшы Аграрлық несие корпорациясына жүгінген. – 2018 жылы «Агроэкспорт» бағдарламасы аясында 658,8 миллион теңге несие рәсімдедік. Сол қаражат арқылы Нидерланды елінен құс өсіруге қажетті заманауи құрал-жабдықтар мен ауыл шаруашылығына қажетті техниканы сатып алған болатынбыз. Өнім қуатын арттыру үшін соңғы үлгідегі жабдықтардың қажет екені талас тудырмайды. Қысқасы, алған техникамыз өнімімізді еселеуге мол септігін тигізді. Бұдан бұрын жылына 5 мың тонна құс етін өндіріп келсек, технологияны жаңартқаннан кейін ет өндірісін 7 мың тоннаға дейін жеткізетін мүмкіндік туды. Осылайша жұмысымыз алға жылжи түсті, – дейді «Әулиеа-Ата Феникс» ЖШС директорының көмекшісі Ілияс Дүйсен өткен шаққа көз жүгіртіп. Ілияс Дүйсеннің айтуынша, құс фабрикасының жалпы аумағы 536 гектар аумақты алып жатыр, оның 150 гектары жекеменшік болса, қалған бөлігі 49 жылға жалға алынған. Бүгінде мұнда 18 құс өсіру фабрикасы жұмыс істеп тұр. Ал кәсіпорын тауық етінен өндірілетін 37 түрлі өнім шығарады. Мұнда жылына үш миллионға жуық құс сойылады. Балапандарға азық ретінде бидай мен жүгері беріледі. Олардың салмағын екі килограмнан асырмайды. Өйткені, халықаралық стандарттың талабын орындау керек. Онсыз болмайды. Серіктестік директорының көмекшісі келтірген дерекке сенсек, «Әулие-Ата Феникс» ЖШС тауық етін тек ішкі нарыққа өткеріп отырған жоқ. Өткен жылы көршілес Қырғыз Республикасы мен Ресей Федерациясына экспортқа 400 тонна өнім өткеріліпті. Бұл шамамен жалпы өнімнің бес пайызына жуық. Әйткенмен, өнімді өзге мемлекеттерге жөнелткеннен гөрі, ішкі нарықты қамтыған тиімді көрінеді. Ал экспортқа шыққан өнім үшін қосымша құн салығы төленеді. Қолдау бар жерде жұмыстың жандана түсетіні анық. Мемлекеттік демеуді сезінген құс фабрикасының ісі алға басқан. Нақтырақ айтар болсақ, ішкі нарық пен экспортқа өнім шығаруды жолға қойған серіктестіктің қаржылық жағдайы мен әлеуеті бұл күндері арта түскен. Жұмысты қалыпты ырғаққа түсірген кәсіпорын басшылары жұмысшылардың жағдайын жақсартуды қаперден шығармаған. Құс фабрикасында қазіргі таңда 247 адам еңбек етіп жүр. Ілияс Дүйсеннің сөзіне сенсек, олардың басым бөлігі жергілікті тұрғындар екен. Мұнда еңбек етіп жатқан жергілікті тұрғындардың орташа жалақысы 149 мың теңгені құрайды. Құс фабрикасының қожайыны кәсіпорынның әлеуетін арттыру жолында аянбай еңбек етіп жатыр. Әуелде 12 құс өсіру қорасы болса, жеңілдетілген несие алғаннан кейін қоралардың саны 18-ге жеткен. Енді қора-жайдың санын 24-ке арттырудың жолын қарастырып отыр. Алға қойған мақсатқа жету үшін Аграрлық несие корпорациясынан 1 миллиардтан астам қаржыны несие ретінде рәсімдеуге бел буған. Әрине, бұл да бір тәуекел. Әйткенмен, фабрикада өндірілетін құс етіне сұраныс жоғары екенін ескерсек, бұл тәуекелдің өтеуі бар. Серіктестік басшысы несиеге қаржы рәсімдеу арқылы жаңа ғимарат салып, шетелден уақыт сұранысына сай құрал- жабдық сатып алмақшы. «Алдағы уақытта құс еті өнімінің көлемін 12 мың тоннаға жеткізсек деген ниетіміз бар. Сол үшін де Аграрлық несие корпорациясынан несие рәсімдеуге бел буып отырмыз. Бізге қажетті қаражат қолымызға тисе, бірінші кезекте техникалық базаны күшейтуге ден қоймақпыз. Корпорация арқылы несие алудың өзіндік артықшылықтары көп екенін әңгімеге арқау еткеннің артықтығы жоқ. Нақты айтар болсақ, екі жылға дейін алған несиені өтеуден босатады. Әйткенмен, бізге бір жылдың өзі жеткілікті болды. Әуелде сондай қадамға барғанбыз. Шынын айтсақ, мұндай жеңілдік орта бизнеспен айналысып отырған серіктестіктер үшін өте қолайлы екені даусыз. Берілген демалыс жұмысты қалыпқа келтіріп, ширығып алу үшін әбден жеткілікті десем артық айтпағандық шығар. Одан кейін тоқсан сайын алты пайыз үстемемен берілген несиені уақтылы өтей бересің. Бұл енді жұмысы алға қойылған кәсіпорындар үшін қиын емес. Осындайда бірнеше жыл бұрын 658,8 миллион теңге несие жеткілікті болды. Енді «тауықханалардың санын тағы да алтауға арттыру үшін неге 1 миллиард теңге қаржы сұрап отырсыздар?» деген заңды сауал туындайтыны сөзсіз. Бірден айтайын, инфляцияның орта бизнеске де айтарлықтай әсер етіп жатқаны белгілі. Қажетті құрылғылардың барлығы да бүгінгі таңда 2-3 есеге қымбаттап кетті. Әлемдік тенденцияға ешкім қарсы тұра алмайды. Сол себепті қомақты қаражат керек болып тұр», – дейді І.Дүйсен жағдайды түсіндіріп. Қалай алып қарасақ та, «Әулие-Ата Феникс» ЖШС-ның әлеуеті жылдар өткен сайын арта түскені еш күмән тудырмайды. Ішкі нарықты тауық етімен қамтамасыз етіп отырған фабриканың өніміне деген сұраныс жоғары.  

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Байзақ ауданы