- Advertisement -

«Қарызсыз қоғам» жобасы қаржылық сауаттылықты арттырады

57

- Advertisement -

Бүгінде елімізде несиесін өтей алмай жүргендердің қарасы қалың. Банктерге берешегі барлар мен борышкерлер тізімінде тұрғандардың ішінде ауыл тұрғындары көп. Оның басты себебін қаржыгерлер халықтың қаржыны тиімді жұмсамауынан дейді. Сондықтан, «Amanat» партиясы «Қарызсыз қоғам» жобасын қолға алды. Жобаның негізгі мақсаты – жеке тұлғалар арасында проблемалық берешегі бар адамдардың қаржылық сауатын арттыру.

Оқу басталғалы екі аптаның ішінде өңірдің 8 ауданында 900-ге жуық азамат қаржылық сауаттылығын арттыру курстарынан сәтті өтті. Жалпы, бұл оқу аймақта 7 ай бойы жүргізіледі. Жоспарға сәйкес, облыста 10 мыңнан аса адамды қамту көзделіп отыр.

Дәл қазіргі уақытта жаңа жоба Байзақ ауданында жүріп жатыр. Ауданның 50-ден астам тұрғыны қаржылық сауаттылығын арттыру курстарынан өтуде.

– Жоба аясында білікті бизнес тренерлер отбасылық қаржыны тиімді жоспарлау туралы пайдалы кеңестерімен бөліседі. Сондай-ақ, банктермен келісімшартқа отырғанда ескеру қажет мәселелерді кеңінен түсіндіреді. Бес күндік курс барысында жобаға қатысушылар бизнес жоспар жазуды меңгеруге де зор мүмкіндік алып отыр. Бұл енді ғана кәсіп бастап отырған азаматтарымыз үшін тиімді. Мамандар бизнес жоспарды үйретіп қана қоймай, бірлесе бастаған жұмыстарын жыл соңына дейін сүйемелдейтін болады. Әрине, теңгесіне емес, тегін.

Ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге компания бюджетін қалыптастыру тәртібі, салықтың есеп-қисабын ұсынуды және мемлекеттік қолдау бағдарламалары бойынша қаржыландыру шарттары туралы құнды ақпараттар беріледі. Сонымен қатар, жоба қатысушыларымен заңгерлер де жұмыс істеп, кеңес беретін болады. Бұл жоба ешкімнің несиесін жауып бермейді. Дегенмен, қолда бар қаржыны тиімді жұмсап, банк алдындағы берешегі бар азаматтарға қарызынан құтылудың жолдарын айқындап береді, – дейді «Amanat» партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов.

Ауыл тұрғындарын «Ұлы Дала» ауылдық бизнесті дамыту қауымдастығының аймақтағы білікті бизнес тренерлері оқытуда. Бүгінгі күні білгенімен бөлісіп жүрген тренерлер де осыған дейін «Amanat» партиясының бастамасымен біліктілікті арттыру және тәжірибелік дағдыларды қалыптастыру курсынан өткен.

– Жасыратыны жоқ, ауыл тұрғындарының қаржылық сауаттылығы төмен деңгейде. Сондықтан, қолдағы қаржыны тиімді пайдалана алмайды. Осының нәтижесінде олар банктерге берешегі барлар мен борышкерлер тізімін толықтыруда.

Жоба аясында біз отбасылық қаржыны тиімді жұмсау жоспарларын, банктермен келісімшартқа отырғанда ескеру қажет мәселелерді кеңінен түсіндіреміз. Сондай-ақ, курс барысында бизнес-жоспар жазуды үйрететін боламыз. Бұдан өзге, жыл соңына дейін олардың бастамасын сүйемелдейміз. Оқыту барысында заңгерлер тұрғындармен жұмыс жасап, ауыл халқының мәселелерін шешуде белсенділік танытуда, – дейді «Ұлы Дала» ауылдық бизнесті дамыту қауымдастығының облыс бойынша жетекшісі Айман Ақынбекова.

Шынын айту керек, қазіргі таңда тұрғындар қаржылық сауаттылықты арттыру курстарынан ақылы негізде өтуде. Мамандар әр сағаты үшін айтарлықтай қаржы талап етеді. Ал «Amanat» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы ауыл халқын тегін оқытуда.

Осы орайда, партияның «Аш адамға балық емес, қармақ бер» деген даналық сөзді берік ұстанып отырғанын айта кеткен жөн. Әуел баста жобаның мақсатын толық түсінбеген халық қазір өздері іздеп келіп, жобаға қатысу үшін өтініштерін білдіруде. Солардың бірі – Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылының тұрғыны – Маржанкүл Темірханова.

– Өзім көпбалалы анамын. Күйеуім екінші топтың мүгедегі. Бір басымда 7-8 несие бар. Банк алдындағы берешегім көп. Жасыратыны жоқ, кезінде үй жөндеуден бөлек, балаларды киіндіруге дейін несие алдық. Мұның астарында қаржыны тиімді жұмсамауымның себебі де жатыр. Сондықтан «Amanat» партиясы «Қарызсыз қоғам» жобасы туралы хабардар болған соң оқудан өтпекке ниеттендім. Қазір бизнес тренерлер мен заңгерлерден тиісті кеңестер алу үстіндемін, – дейді тұрғын М.Темірханова.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support