Жаңа міндеттер жаңашылдыққа бастайды
Жаңа міндеттер жаңашылдыққа бастайды
Бүгінгі таңда Президент реформалары өз нәтижесін беруде. Конституцияға өзгерістер енгізіліп, Сенат пен Парламент Мәжілісінің міндеттері артты. Бұл жыл еліміздің саяси өміріне көптеген өзгерістерімен, жаңа бастамаларымен келер күнге құлшындырып отырғаны рас. Тәуелсіздіктің 31 жылы артта қалды. Енді Қазақ елі Жаңа Қазақстан құруға бет алды. Оның ұраны – ашықтық. Дегенмен де, уақыт өткен сайын ненің тиімді, ненің қажетсіз екені айқындала береді. Бұған дейін қажет болған дүниені жасасақ, енді одан да артығын жүзеге асыру керек. Міне, сондықтан да саяси өзгерістер жасалып жатыр. Қасым-Жомарт Кемелұлының әділдік құру үшін жасалып жатқан бастамалары да білімділігін аңғартады. Жасалған істің бәрі де елдің келешегі үшін. Келер күн үшін бүгін қамданғанның ұтылмасы ақиқат. Болашақ үшін мемлекеттік тіл дәрежесіндегі ана тілімізге де көңіл бөлінуде. Кезінде кеңес өкіметі тұсында орыс тілін білмесең, күн көру қиын еді. Біз сол сынақтан да өттік, шүкір. Ал, бейбіт өмірдің өзінің құны қандай?! Көрші елдермен достықта халықтың бейбіт өмірінің қаймағын бұзбай отырудың өзіне де үлкен парасаттылық керек-ақ. Біз өткен тарихымыздан көп сабақ алдық. Тәуелсіздіктің өткен отыз жылында да аз жұмыс атқарылған жоқ. Жаңа Қазақстан құру арқылы елдің әл-ауқатын, әлеуметтік-экономикасын арттыру ел Президентінің басты мақсатына айналып отыр. Мемлекет басшысы халықтың игілігіне негізделген бағдарламаларды, реформаларды жасады. Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасында да, сайлаудан кейінгі салтанатты ұлықтау рәсіміндегі сөзінде де елдің жағдайын жақсарту, әсіресе ауылдарды көркейтуді баса айтып, «Біз әділетті мемлекет, әділетті Қазақстан құрамыз» деді. Ел мүддесі бәрінен биік екеніне тоқталып, мемлекеттік қызметкерлердің, жалпы халыққа қызмет ететін тұлғалардың өз міндеттерін адал атқаруы – біздің басты қағидамыз екенін айтты. Ұтымды тапсырмалар берілді, мемлекеттік бағдарламалардың қалай жүргізілетіні де анықталды. Енді солардың өз мақсатында жұмыс істеуін үкімет пен жергілікті билік жүзеге асыруы керек. Сонда ғана әділетті Қазақстан құрамыз. Қабылданған бағдарламалардың, реформалардың жүйелі түрде жүргізілуін де бақылап, қадағалау қажет. Міне, сонда ғана жұмыс нәтижелі болмақ. Жаңа бастамалардан халық та тың нәтиже күтетіні белгілі. Экономикалық белсенділікті қолдау, азаматтарды жұмыспен қамту, қала мен дала айырмашылығын азайту, өндіріс пен өнеркәсіп салаларын өркендету, ауыл шаруашылығын дамыту, жер қатынастарының рөлін арттыру, Жер Кодексіне түзетулер енгізу, төрт түлік мал жайылымдары мәселесін шешу, су ресурстарын сақтау және тиімді пайдалану, халықтың тұрмыс сапасына ықпал ететін өте маңызды салалар. Сондай-ақ экология, денсаулық сақтау, білім салаларын сапалы деңгейде дамыту бағытында бірқатар шаралар қабылданды. Ең басты құрал – халықпен байланысты нығайту болып табылады. Мемлекетімізде мемлекеттік органдардың әрбір шешімі, әрбір әрекеті экономиканы дамытуға және халықтың игілігіне арналуы қажеттігін өз назарында ұстаған Мемлекет басшысы қоғам мүшелерінің келешекке деген оңды көзқарасын қалыптастыру бағытында да бір-біртіндеп саяси-әлеуметтік эксперименттер жасауға жүрексінбеді. Осы орайда еліміздің түкпір-түкпірінде ішінара ауыл әкімдерін сайлау да ойдағыдай көрсеткішпен өтті. Оған біздің Жуалы ауданының тұрғындары да сайлаушы ретінде белсенді үлес қосты. Сөйтіп, менің жуалылық сайлаушыларын Көкбастау мен Жетітөбе ауылдық округінде өз таңдауларын жасап, халық өздері сенім артқан әкімдерді сайлап алды. Өз басым Президентіміздің ұсынған кең көлемдегі бағдарламаларымен саяси жаңғыртулар орын алуда деп санаймын. Олардың ең ірі көлемдегі бағыттарының жүзеге асырылуына түкпір-түкпірдегі қазақстандықтар түгел араласты. Үштен екісі жаңғыртылып, халық талқысына салынып, жаңа сипатқа ие болған Конституция бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданды. Бұдан былай жеті жылдық мерзімге бір-ақ рет үміткер боп түсе алатын Президенттің сайлауы өтті. Сенат депутаттары ішінара сайланды. Аймақ басшылары таңдалды. Ал биыл 19 наурызда партиялық тізім мен бірмандатты округтер бойынша тәуелсіз мемлекетімізде тұңғыш рет аралас можаритарлық жүйемен ҚР Парламенті Мәжілісі мен Мәслихаттардың депутаттары сайланды. Енді халық сенген өкілдерге алда тек «Мықты Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласымен мемлекет ісін жүйелі жүргізу, ел үдесінен шығу, қоғам мүддесін көздің қарашығындай қорғау міндеті тұр. Өйткені, Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында атап көрсетілгендей, бұл тұжырым – қоғамымыздың мызғымас тұғыры, жалпыұлттық ынтымақты және билік пен қоғамның серіктестігін нығайта түсетін, келешек жеті жылымыздағы даму бағдарымыз бәріміз және әрқайсымыз үшін әділетті болады деп сенім артып отырған Қазақстан халқының берік ұстанымы деп білемін.
Керімқұл БЕГАЛИЕВ,
облыстық мәслихат депутаты.