Құқық

Сыбайлас жемқорлыққа қауқарлы күрес қажет

Сыбайлас жемқорлыққа қауқарлы күрес қажет

Кез келген қоғамның дамуын тежейтін сыбайлас жемқорлықпен күресу - баршаның міндеті. Әсіресе, құқық қорғау қызметкерлерінің арасында жемқорлыққа жол бермеу және алдын алу аса маңызды. Себебі, тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігіне жауапты сала мамандары антына адал болуы тиіс.

Тараз қалалық мәдениет үйінде өткен жиын барысында ҚАЖ қызметкерлері арасында жемқорлық фактісін болдырмау мәселелері кеңінен талқыланды. Басқосуға сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментіне қарасты превенция басқармасы басшысының орынбасары Ербол Бахтыхожаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттінің облыс бойынша департаментінің қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы Қуат Мадиев,  «AMANAT» партиясының Тараз қалалық филиалының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік басқару қоғамдық кеңесінің төрағасы Эльмира Мырза-Ғали, өңірлік Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары әділет подполковнигі Еркін Нұрбаев сондай-ақ аталған департаментке бағынысты түзеу мекемелері мен Тараз қалалық пробация бөлімінің басшы және жеке құрам қызметкерлері қатысты. Жиында сөз алған Еркін Үсенұлы ҚАЖ қызметкерлері арасында жемқорлық дерегін болдырмауды көздейтін кешенді іс-шаралар қолға алынғанын атап өтті. Ол өз сөзінде департамент бастығы әділет полковнигі Нияз Рыспаевтың басшылығымен бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанына кеңінен тоқталды. - ҚАЖ қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлық қылмыстарға және осы тұрғыдағы құқық бұзушылықтарға бой алдырмауы қатаң бақылауда. Күнделікті жұмыс барысында  «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер салада жүзеге асырылуда.  Жалпы, кез-келген қызметкер өз отбасында, әріптетерінің арасында заңға бағыну қажеттігін есінен шығармай, пара алудан бойын аулақ ұстаса, бұл індеттің түбімен жойылатыны анық, - деді Е.Нұрбаев. Жиын соңында  «AMANAT» партиясының мүшесі Эльмира Иниятқызы өңірлік ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары Еркін Үсенұлына кітап сыйға тартты.