Индустрия – экономиканы жаңғыртудың басты бағдары
Индустрия – экономиканы жаңғыртудың басты бағдары
Индустрияландыру – еліміздің экономикасын серпінді дамытып, бәсекеге барынша қабілетті 30 елдің қатарына қосатын бірден-бір және бірегей жол. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жыл сайынғы Жолдауларында индустрияландырудың экономиканы жаңғыртудың басты бағдары болып қалатынын және оның елімізде жалпыұлттық іске айналу керектігін ерекше қадап айтып келеді. Елбасы жуырдағы Жолдауында «Экономиканы дамытуда жаңа сыртқы тәуекелдерді есепке ала отырып, бізге іскерлік, белсенділік пен жұмыспен қамтуды ынталандыру үшін жаңа бастамалар қажет. Жаңа Экономикалық Саясаттың Тұғыры мен бүгін жарияланғалы отырған Инфрақұрылымдық дамудың жоспары болады. Ол бес жылға есептелген және қатысуға 100-ден астам шетелдік компаниялар ниет білдіріп отырған ҮИИДБ-ны жүзеге асырудың Екінші бесжылдығына сәйкес келеді. Жалпы инвестициялық портфель 6 триллион теңгені құрайды, мемлекеттің үлесі 15 пайыз», – деп ерекше атап көрсетті.
Фәрида Жүнісова, «Әулиеата Феникс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры.
Демек, әлемде қаржы дағдарысы өршіп тұрғанына қарамастан, Елбасының сарабдал саясатының нәтижесінде елімізде орасан жобаларды жүзеге асыруда іркіліс болмайды деген сөз. Бұл бағытта облысымызда да ауыз толтырып айтарлықтай игілікті істер қолға алынып, жүзеге асырылуда. Мұның өзі ішкі және сыртқы нарықты бәсекеге қабілетті сапалы тауарлармен толықтыруға кең жол ашуда. Бүгінде еліміздің Үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында облысымыздың аумағында жалпы құны 596 миллиард теңгені құрайтын 41 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Олар толық қуатында жұмыс істегенде 8,3 мың жаңа жұмыс орындары ашылады. Бағдарламаны іске асыру қолға алынғалы бері облыста Индустрияландыру картасына енгізілген 41 жобаның 30-ға жуығы ел игілігіне беріліп, жаңадан 4 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Индустрияландыру картасына енгізілген осындай нысанның бірі – Байзақ ауданындағы Мырзатай ауылдық округіндегі жылына 3500 тонна бройлер етін өндіретін «Әулиеата Феникс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Құс фабрикасын қайта жарақтандыру» жобасы. Өндіріс орны іске қосылған кезде облыстың ішкі нарығындағы құс етіне деген сұраныстың 60 пайызын өтейтін болады. Мен ұзақ уақыттан бері кәсіпкерлікпен айналысып келемін. Халқымызда: «Сауда түбі – борыш, шаруа түбі – кеніш» деген сөз текке айтылмаса керек. Алыпсатарлықпен алысқа бара алмайсың. Өндірісін өркендеткен ел ғана өркениет көшіне ілесе алады. Өтімтал өнім өндіру үшін әуелі нарықты мұқият зерттедік. 2012 жылы Байзақ ауданының Мырзатай ауылдық округіндегі бұрынғы қирап, қаңқасы қалған құс фабрикасын сатып алдық. Сөйтіп, 2013 жылдың соңында ет бағытындағы бройлер тауығын өсіретін фабрика салуды бастадық. Әуелі кәсіпорынның ауласын қоршап, тауықханалар соғып, төбесін жаптық. Әлбетте, алып құрылысты салып, пайдалануға беру үшін қыруар қаражат керек. Қолға алған ісімізді баянды ету үшін мемлекет көмегіне сүйендік. Біз – кәсіпкерлердің елімізде осы саланы өркендетуге үлкен қолдау, көмек көрсетіп жүрген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа деген алғысымыз шексіз. Президенттің бастамасымен шағын және орта бизнесті өркендетуге орасан әкелік қамқорлық көрсетілуде. Мемлекет өз ісін ашып, өнім өндіремін деген азаматтарға үлкен қаржылай қолдау жасауда. Елбасының тікелей тапсырмасымен биыл кәсіпкерлік субъектілеріне жыл аяғына дейін мораторий жарияланды. Бүгінде біз салып жатқан жоба Аймақтық Үйлестіру кеңесінде қолдауға ие болды. Нысанның жобалық-сметалық құны – 2 миллиард теңге. Қазір бізге несиені «ҚазАгроҚаржы» АҚ 6 пайыздық өсіммен беруде. «Бизнестің жол картасы-2020» шын мәнісінде ТМД-да баламасы жоқ бағдарлама. Оның аясында бізге берілген 547 миллион теңгеге өндірістік инфрақұрылымды жүргізуде үлкен шаруа еңсерілуде. Бұл қаржыға осында су, электр және газ жүйесі тартылды. Бағдарлама шеңберінде тазарту құрылғысы салынады. Өндірістік шығындарды азайту және өнімнің өзіндік құнын төмендету үшін өзімізде құрама жем әзірлейтін цех салынды. Онда сағатына 5 тонна құрама жем шығарылады. Өзімізден артылған өнімді сыртқа сатамыз. Қазір құрылыс жүргізумен 100-ге жуық азаматтар айналысуда. Қазірге дейін жоспарланған жұмыстың 70 пайызы жүзеге асырылды. Заманауи үлгідегі жабдықтар Голландиядан жеткізіледі. Ол іске қосылғанда қалдықсыз технологиямен жұмыс істейміз. Құстың ішек-қарны, жүні кәдеге асырылып, ұн өндіріледі. Ұн азық ретінде тауықтарға беріледі. Саңғырығынан органикалық тыңайтқыш шығарылады. Фабриканы келесі жылы жаз айларында іске қосу көзделуде. Ол толық қуатында істегенде жаңадан 100-ден астам жұмыс орны ашылады. Жұмысқа оның маңында орналасқан Мырзатай, Дихан, Еңбек және Жетібай ауылдарының азаматтары тартылады. Құс фабрикасының аумағы 500 гектарға жуық аумақты алып жатыр. Мұның өзі бізге келешекте өндіріс қуаты мен өнім өндіруді арттыруға үлкен мүмкіндік береді. Кәсіпорын жобалық қуатын игергеннен кейін біраз уақыттан соң оны кеңейтіп, жылына 20 мың тонна құс етін өндіретін боламыз. Мұның өзі облысымыздың тағамның осы түріне деген ішкі нарықтағы сұранысын толық қамтамасыз ете алады. Бізге қазірдің өзінде еліміздің бірқатар қалаларынан және Ресейдің кәсіпкерлері бройлер етін сатып алуға қызығушылық танытуда. Ал біздің басты мақсатымыз – әуелі облыстағы ішкі нарықты қамтамасыз ету болып табылады.
Байзақ ауданы.