Ардагер-полицейлер аламаны
Ардагер-полицейлер аламаны
Ішкі істер саласының тастаяққа аңсары ауған ардагерлері арасында облыстық жарыс болып өтті. Додаға отызға жуық ардагер бильярдшылар қатысты. Тастаяқтың қыр-сырын жақсылап меңгерген олар турнирде өздерінің шеберліктерін жан-жақты паш етті. Нәтижесінде ең жас қатысушы Әділ Сариев өзгелерден озық шығып, бірінші орынды иеленді. Ал, екінші орынды турнирдің өткен жылғы жеңімпазы, Тоқсанбай Аманов қанжығасына байласа, үздік үштікті жасы жетпісті алқымдаған Асқар Қуандықов түйіндеді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сый-сыяпат, Құрмет грамоталары табысталды. Сонымен қатар жарыс барысында тамаша ойын үлгісін көрсете білген ең егде ойыншылар Маханбет Арестеев пен Қозбан Сартаевтарға жеңіске деген құштарлығы үшін қаржылай сыйлықтар табысталды. Төрешілер де марапаттан тысқары қалған жоқ. Жарысқа ішкі істер саласының ардагері Оразалы Шералин демеушілік көрсетті.
Өрнекбай Смайылов, облыстық ішкі істер департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы.