Мәдениет

Суретшілер симпозиумы

Суретшілер симпозиумы

Өңірде Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының ұйымдастыруымен «Ұлы дала өркениеті» атты II халықаралық суретшілер симпозиумы басталды.

Симпозиумның басты мақсаты – өткені өнегеге толы Тараз қаласының көрікті жерлерін шетелдік суретшілердің көзімен көру, пайымдау. Бейнелеу өнері арқылы халықтар арасындағы достықты, мәдени және рухани байланыстарды нығайту. Мәдениет және өнер саласындағы, әсіресе бейнелеу өнеріне құштар студенттерге, оқушыларға үлгі-өнеге ретінде олардың эстетикалық тәрбиедегі шығармашылық қабілеттерінің дамуына барынша оң әсер ету. Симпозиумға Оңтүстік Корея, Түркия, Ресей, Латвия, Словакия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстанның танымал суретшілері қатысуда. Сонымен қатар, институт ұстазы, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі Айдархан  Сихаевтың абстракциялық көркем сурет, авангардизм, перформанс, акционизм, видео-арт, инсталляция, поп- арт үлгісіндегі «Руханилық, принцип және ұстаным» тақырыбына арналған жеке көрмесі жұртшылық назарына ұсынылды. – Тарихы терең Тараз топырағы күллі адамзат тарихына ортақ құндылық. Өңірімізде сонау түркілік дәуірге дейінгі және кейінгі, Қазақ хандығының қазығы қағылып, туы тігілген кезеңді, тіпті еліміз тәуелсіздік алған жылдары туралы да толғана сыр шертетін құндылықтар жетерлік. Өз заманында Ұлы Жібек жолының бойында шоғырланып, адамзат өркениетінің алтын қазығы атанған Тараз шаһарының сыры әлі де толық ашылған жоқ. Осы күнге дейін өңіріміздің тағдырлы тарихын отандық ғалымдарымыз зерделеп, өнер иелері өз туындыларын арнап келді. Осы тұста біз шетелдік шеберлердің де көзқарасын қамтуды жөн көрдік. Бұл өз тарихымызды жан-жақты саралап, кешегісі мен келешегін өлмес өнердің көзімен бағдарлап, білген- түйгенімізді өскелең ұрпаққа заманауи тұрғыда жеткізуге мол ықпал етеді деген сенімдеміз, – дейді Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институтының тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры Гүлшат Құлабекова. Тарихи шаһарға төрткүл дүниеден келіп табан тіреген қылқалам шеберлері әуелі «Ақыртас» археологиялық кешеніне, Қарахан мен Айша бибі кесенесіне соғып, аймақтың жәдігерлерімен толыққанды танысып шықты. «Көне Тараз» тарихи этно-мәдени кешеніндегі «Көркемсурет галереясына» арнайы атбасын бұрып, жергілікті суретшілердің туындыларына қанықты. – Біз Қазақстанды, оның ішінде Тараз қаласын сонау Ұлы Жібек жолы тарихынан білеміз. Қаланың өзіндік өркениеті болғанын, өнер туындыларының күллі әлемге танылғанынан хабардармыз. Араға соншама жылдар салып, қаншама дүрбелең соғыстарды бастан кешсе де қайта өркендей түскен, күні бүгінге дейін өміршеңдігін жоғалтпаған, есте жоқ ескі замандарда адамзаттың шамшырағына айналған осы қалаға арнайы келіп, өлмес жәдігерлерді өз көзімізбен көру біз үшін жаңа шығармашылық серпіліс берді. Осы шарадан кейін басқа да мемлекеттерден келген қаламдастарым үлкен әсермен тарихи бағыттағы туындыларды дүниеге әкеледі деген үміттемін», – дейді Корея өнер қауымдастығының мүшесі, туындылары әлемнің 38 елінде мойындалған профессор Клеменс Бунгкун Соу. Басқосу барысында «Қазақстандағы кескіндеме өнері: даму, үрдістері мен проблемалар» тақырыбында дөңгелек үстел өткізіледі. Симпозиум соңында қатысушы суретшілердің туындыларынан көрме ұйымдастырылады. Симпозиумға қатысқан әр суретші өзінің екі туындысын оқу орнына сыйға тартады.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ