Білім

Ұстаздық еткен жалықпай...

Ұстаздық еткен жалықпай...

Бүгін Кеңестік кезеңде және тәуелсіздік жылдары Жамбыл облысына қарасты Жуалы және Талас аудандарының білім беру, оқу-ағарту салаларының дамуына саналы ғұмырының елеулі бөлігін арнаған, ауданның Құрметті азаматы, Талас ауданының Құрметті ардагері, ұстаз – Тілеуқабыл Наралиевтің өнегелі өмірі жайында ой толғағанды жөн көріп отырмыз.

Ұстаздық ету, саналы шәкірт тәрбиелеу, сол арқылы тұтас ұлттың руханиятына үлес қосу – адам өміріндегі абыройлы міндеттердің бірі. Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы мемлекеттік педагогикалық институтты математика мамандығы бойынша үздік тәмамдаған Тілеуқабыл Наралыұлының ұстаздық өмір жолы қатардағы мұғалімнен басталып, директорлық басшылық қызметке дейінгі сатылардан тұрады. Балалық шағы қиын-қыстау, сұрапыл соғыс жылдарына тұспа-тұс келген азаматтардың алды қазір сексеннен асып қалғаны белгілі. Тілеуқабыл Наралыұлы да сонау 1943 жылы Самсоновка (қазіргі Күреңбел) ауылында дүние есігін ашты. Әкесі Наралы Ұлы Отан соғысына аттанып, содан қайтып оралмаған. Ал, анасы Седепкүл жесір қалып, ұлдары Дүйсеналы мен Тілеуқабылды ел қатарына қосты. Биыл мерейлі 80 жасқа толғалы отырған Тілеуқабыл ақсақал ата-аналарының еңбегін, сонау соғыс жылдарындағы көрген қиындықтарын әлі ұмыта қойған жоқ. Бала Тілеуқабыл да өзі қатарлас балалармен бірге ауылдағы бұрынғы Төңкеріс бастауыш мектебінің табалдырығын аттап, 1962 жылы ауданға қарасты Қарабастау ауылындағы Билікөл орта мектебін күміс медальмен бітіреді. Арман қуған албырт жас сол жылы Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы мемлекеттік педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түседі. Оқып жүріп әскер қатарына шақырылған ол азаматтық борышын төрт жыл Балтық әскери теңіз флотында курсанттар дайындайтын мектептен өтіп, Ленинград облысының Ломоносов қаласында өтейді. 1965 жылы Ленинград қаласында Коммунистік партия қатарына өтеді. Оның әскерде және институт қабырғасында оқып жүргенде бокстан жеткен жетістіктері де жетерлік. Бала кезде көрген қиындықтары оны шыңдай түскендей. «Жақсы жар – жарты бақыт» демекші, Тілекең Қызылорда қаласында педагогикалық институтта білім ала жүріп, осында бұрынғы Талдықорған облысының бойжеткені Күлпашпен танысып, табысады. Екеуі бір топта оқи жүріп, көңіл жарастырған екен. 1970 жылы аудандық оқу бөлімі жоғары оқу орнын үздік бітіріп келген ерлі-зайыпты жас мұғалімдерді жолдамамен Петровка селосындағы А.Пушкин атындағы орта мектепке математика пәнінің мұғалімі етіп жібереді. Олардың осы ауылдағы мектепте мұғалімдік еткен қызықты жастық жылдары өз алдына ұзақ әңгіме. Текті атаның ұрпағы ұстаздық қырын барынша дамытып, оқу бөлімі басшылығының көзіне түседі. Сөйтіп 1972 жылы аудандық оқу бөлімі ұстаз Тілеуқабыл Наралиевті Алексеевка селосындағы М.Лермонтов атындағы орта мектепке директор етіп тағайындайды. – Мен бұл мектепті 1977 жылдың тамыз айына дейін басқардым. Сол тұста шаруашылықтың есебінен екі қабаттан тұратын жаңа ғимараты салынды. Оқу үдерісінде де тындырымды шаруалар атқарылды. Бір сөзбен айтқанда, мұндағы жұмысым жемісті болды. Одан соң бір жылға жуық аудандық оқу бөлімінде әдіскер, әдістемелік кабинеттің меңгерушісі қызметінен кейін директорлық қызметке қайтадан кірістім, – дейді Тілеуқабыл Наралыұлы ұстаздық еткен жылдарын еске алып. Тілекең 1979-1984 жылдары өзі алғашқы еңбек жолын бастаған Қарасаз ауылындағы А.Пушкин атындағы орта мектепке басшылық жасайды. Онда кабинеттердің жабдықталуы, оқушыларға әскери-патриоттық тәрбие берудегі ұжымның еңбегі ескеріліп, облыстық байқауда үздік орынға ие болады. Өзі де мектеп директоры ретінде де бірқатар облыстық байқауларға қатысып, бірнеше дүркін жүлделі орындарға ие болған. Айта берсе, осы жылдар аралығында ауданның оқу-ағарту саласында есімдері «алтын әріптермен» жазылып қалған талай жақсы-жайсаң азаматтармен, ақыл айтар абзал ағалармен сыйлас, дәмдес, қызметтес болғанын сағынышпен еске алады. Бастауыш сыныпта, одан кейін де тәлім берген ұлағатты ұстаздарының әзиз рухтарына тағзым етуді де ардагер ұстаз басты парыздарының бірі санайды. Жақсы ұстаздан жұққан осынау жақсы қасиеттер оны биіктерге жетелегені анық. Иә, олардың қатарында ауданның білім және оқу-ағарту салаларына елеулі еңбек сіңіріп, саналы ғұмырларын ұстаздық жолға арнаған санаулы азаматтардан – Қуат Иманбеков, Сәбит Манашев, Сайлаухан Слямханов, Күлпан Бекайдарова, Әсия Сағындықова, Тұралы Әзімов, Бөден Үмбетәлиев, Байжан Төреханов, Серғазы Алтаев, Асубай Қозыбеков, Ерсайын Әлжанов, тағы басқа шоқтығы биік азаматтардың болғаны үлкен мақтаныш. Ұстаздық жолды таңдап, осы жолда барын салған жаны таза, асыл азамат Тілеуқабыл Наралыұлы одан кейінгі жылдары аудандағы Т.Рысқұлов, С.Сейфуллин атындағы орта мектептерде директорлық қызметін абыроймен жалғастырады. Ұйымдастырушылық қыры ашылып, саладағы тәжірибесі әбден толысқан ұлағатты ұстаз 1996 жылдан Талас ауданының орталығы Қаратау қаласындағы бірқатар білім ошақтарында ұстаздық етіп, одан соң Майтөбе ауылындағы А.Дәулетбеков атындағы орта мектепте директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін жемісті атқарып, зейнет демалысына шығады. Тілекең Талас ауданында аттай 12 жыл жемісті жұмыс істеді. Өзі жақсы кісіге бір кісілік орын қай жерден де табылады. Жақсы азамат қайда жүрсе де жақсылығынан танбақ емес. Талас ауданында да білім саласында елеулі із қалдырған Тілекеңдей азаматты таластық айтулы ақын Нарша Қашағанов жырға қосып, асыл қасиеттерін өлең жолдарымен дәріптеді. Қырық жылдан астам уақыт ұстаздық еткен бұл отбасының түтіні түзу ұшты. Тілеуқабылдай асыл азаматқа адал жар болған Күлпаш апай дүниеге екі ұл, бес қыз әкелді. Олардан қазір немере мен шөберелер тарап, атасының көз қуанышына айналып отыр. Үлкен ұлы Нұркен, қыздары Жанар мен Жанна ата-аналарының жолын қуып, ұстаздық жолды таңдады. Қазіргі таңда Нұркен мен Жанар Нұрлыкент ауылындағы М.Ломоносов атындағы орта мектепте ұстаздық етіп жүрсе, ал үлкен қызы Жанна Түктібай ауылындағы «Балақай» балабақшасының меңгерушісі. Басқа балалары да өмірден өз орындарын тапқан. Жалпы, Наралиевтер отбасын жуалылық жұртшылық ұстаздар әулеті деп таниды. Жанына бататыны жұбайы, Күлпаш Елубаеваның ерте дүниеден өтіп кеткені. Имандылықты алға ұстаған асыл азаматтың 2012 жылы қасиетті Меккеге сапар шегіп, қажылық парызын өтеп қайтқанын, сол жылы ауданда Батырбек датқа Рысбекұлы кесенесінің құрылысына алғашқылардың бірі болып 100 мың теңге қаржы аударғанын, одан бөлек, «Б.Момышұлы атындағы қайырымдылық қорына» және «Д.Қонаев» қорының Талас аудандық бөлімшесіне, сонымен бірге жарылыстан зардап шеккен Арыс қаласының жұртшылығына қолдау ретінде де аталған қорға қомақты қаржы-қаражат аударып, сауапты істерге өзінің мол үлесін қосып келе жатқанын атап өткен жөн. Одан бөлек, Талас ауданындағы «Асар» жобасына сондай-ақ, өзі тұратын Нұрлыкент ауылындағы мешіт құрылысына да қомақты қаражат аударуы да имандылықтың белгісі емес пе? «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп дана Абай өсиет еткендей, сексеннің сеңгіріне иек артқан үлгілі педагог, ауданның оқу-ағарту саласына мол үлес қосқан ардагер ұстаз – Тілеуқабыл Наралиевтің ұстаздық еткен жылдардағы тынымсыз әрі жемісті еңбегі мемлекет тарапынан ескерусіз қалған емес.  

Нұржан МАНАСҰЛЫ,

журналист.

Жуалы ауданы