- Advertisement -

Біз ұмытуға болмайтын естеліктер

115

- Advertisement -

Соғыстың отты жылдарының өрті шарпымаған жүрек, талқандамаған тағдыр қалмағаны сирек. Баршакүл Құлибайқызы соғыс басталған тұста уыздай жас еді. Екі інісі Иманбек пен Иманәлі майданға аттанады да, өзі туған жері Талас топырағының Майтөбе ауылында қалады.

Сол қиын-қыстау кезеңдерді басынан көп кешіргендіктен болар, 70-тен асқан шағында да ол дастарқан басында нан қоқымын алақанымен жинап алып, уыстап жеп қоятын. Жаз бойы аяғына шұлғау орап, керзі етік киіп жүретін. Айтуынша, бұлай киінген адамның аяғын ыстық тартпайтын көрінеді. Сол қиын күндерден қалған әдеті бойынша ескі киімдерін тастамай, оның қиындысынан құрақ құрап, көрпеше тігіп алатын. «Менің құрдастарымның қолынан келмейтіні жоқ, себебі соғыс уақытында ешкім жаңа киім кимеді. Әрқайсысы өзі тігіп киетін. Әкелер соғыста, шешелердің жұмыстан қолы тимейтін, жоқ- жітік, жұпыны ғұмыр кешкен едік», – деп отыратын.

Кешқұрым немерелері әже әңгімесін тыңдау үшін жанына жиналады.

–Ер-азаматтың барлығы соғысқа аттанып кетті. Бала-шаға, жас-кәрі демей, 5-6 жастан асқан бүлдіршіндердің өзін жер жыртуға, басқа да түрлі жұмысқа алып кетіп, өгіздің үстіне отырғызып қоятын. Талай рет арып-ашыған, шаршап- шалдыққан бала қалғып кетіп, жерге құлап түсті. «Бала екен, бар, ұйықтай ғой, шаршапсың» деп айналып-толғанатын уақыт емес. Жұмыс тоқтамау керек. Бірде қайда барып келе жатқаным есімде жоқ, әйтеуір арбамен келе жатырмыз. Естияр дегенінің өзі 14-те. Кенет бір бала орнынан атып тұрып:

«Әкемді алсаң, ал Құдай, шешемді қой,

Шекпен тігіп берсе де, өлмеймін ғой» деп жылап жіберді де, арбадан құлап түсті. Арбаның доңғалағы баланың белінің үстінен жүріп кеткен екен. Бала тіл тартпай кетті… Соғыстан қара қағаз алып аға-әкелерді жоқтап жүргенде, балалардың өлімі тіпті ауыр тиді. Біз сөйтіп, өлім көрген, ойын баласы емес, ойлы бала болып өстік. Соғыс есейтіп жіберді, – дейді Баршакүл ана көзіне жас алып…

Екі інісі де соғыстан аман-есен оралады. Үлкен інісі Иманәлі әскери қызметпен жырақта жүрді де, кіші інісі Иманбек әпкесін іздеп, үйге жиі келетін. Өзі ақкөңіл, кең пейілді кісі асыр салып, ойнап жүрген балаларды қасына жинап алатын.

– Оқ құлақ тұсымнан дызылдап талай ұшты. Ажал жоқ болған соң, тірі қалдық. Әйтпесе қан майданда жұлып кеткен қол, аяқ шашылып қалатын. Бастан құлақ садақа. Аштық жылдарын да көзіммен көрдім. Бірде атам есекте, мен жаяу, үйілген өліктің үстінен өттік. Айналып өтуге есек көтерем. Атамның әлсіздігі соншалық, мені қолымнан тартып, есекке көтеріп мінгізуге шамасы келмеді. Есектің құйрығынан ұстап келе жатырмын. Жығылсам, әлсіздіктен тұра алмай қалатынымды білгендіктен, қатты ұстап алдым. Тау-тау өліктің арасынан бірдеңе қимылдағандай болды. Анықтап қарасам, өлі шешелерінің омырауын еміп жатқан егіз бала екен, – деп аяқтайтын әңгімесін Иманбек ата.

Қанша жыл өтсе де санадан өшпейтін, қайта есіңе түсе беретін әңгімелер болады. Иә, біз ұмытуға болмайтын естеліктер ғой бұл…

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support