Жаңалықтар

Соғыстың соңғы солдаттары

Соғыстың соңғы солдаттары

Биыл Ұлы Жеңіске 78 жыл. Отанның бейбітшілігі, ұрпақтардың тыныштығы жолында жаумен шайқасып, ерлік көрсеткен ерлерге мың тағзым. «... Көрдің бе оның көкесін, соғыстан қайтқан солдаттар» деп ақын Сырбай Мәуленов жырлағандай, сұм соғыстың қайғысы да, қасіреті де аз болған жоқ. Жат жерден топырақ бұйырған жауынгерлер де аз емес. Сол жылдары жамбылдық 52 мың азамат майданнан аман оралса, бұл күнде 16 ғана ардагер қалған. Соғыстың соңғы солдаттары да сиреп барады. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Жеңіс күні мерекесіне орай Тараз қаласындағы бірқатар майдангерлердің шаңырағына барып, арнайы құттықтады.

Облыс басшысы Нұржан Молдиярұлы әуелі қарт журналист, соғыс ардагері Мүтәліп Ережепбайұлының шаңырағында болып, майдангерге құрмет көрсетті. «Оңтүстік» өңірлік әскери қолбасшылығының әскери оркестрі арнайы музыка ойнап, жас сарбаздар соғыс ардагерінің алдынан сап түзеп, жүріп өтті. Мүтәліп қария қазір 97 жаста. Майдангер өз сөзінде өңір басшысына 1944 жылы қазан айында Кеңес әскері қатарына шақырылып, соғыстың шешуші ұрыстарына белсене араласып, соғыстан соң Брест қамалын қалпына келтіруге қатысқанын айтып берді. «Енді ондай алапат болмасын. Жас ұрпақ бейбіт заманда ғұмыр кешіп, өсіп-өнсін. Елімізде тыныштық болсын», деді майдангер. Мүтәліп Ережепбайұлы ғасыр жасқа жақындаса да, қолынан домбырасы мен қаламын тастамаған, өмірден көргені көп қария. Қазақтың қоңыр домбырасымен қонақтарға күй тартып берді. Соғыстан кейінгі жылдары Талас аудандық газетінің бас редакторы, кеңшарда партия комитетінің хатшысы қызметтерін атқарған ақсақалдың айтары көп. Бірнеше орден-медальдары бар. Осы күнге дейін бірнеше жыр жинақтарын және естелік кітаптар жазған. Жолдасы Тынышбала екеуі алты ұл-қыз тәрбиелеп, олардан бірнеше немере-шөбере сүйіп отыр. Осы орайда Нұржан Нұржігітов те ақсақалға: «Ата, майданда ел қорғаған, бейбіт күнде партия және баспасөз қызметінде тер төккен ерен еңбегіңіз үшін сізге рақмет», деді. Мұнан соң облыс басшысы Нұржан Молдиярұлы майдангер Владимир Колесниченконың да отбасында болды. Ол 1926 жылы Украинада дүниеге келген. 1944 жылы майданға алынып, пулеметші ретінде Эстония, Литва, Польша жерлеріндегі ұрыстарға қатысқан. Ерлігі ескеріліп ІІ дәрежелі «Отан соғысы», ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, «Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған. «Ағам Василий де сол сұрапыл күндерде майданға аттанды. Екеуміз де соғыстан аман оралдық. Ағамның 1942 жылы соғыстан жазған хаты сақталған. Майданда Сталиннен марапат алдым» десе, майдангердің қызы Елена әкесі соғыстан әкелген қасығын майданнан келген жәдігер ретінде 78 жыл сақтап жүргендерін айтты. Майдангер сұрапыл соғыс жылдарынан сыр шертіп, жас ұрпаққа бейбіт өмір тіледі. Әскерилер ән салып, жас сарбаздар сап түзеп жүріп өтіп, майдангерге құрмет көрсетті. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов майдангерлерге амандық тілеп, соғыс даласындағы Отан қорғау жолындағы ерліктері және бейбіт өмірдегі еңбектері үшін алғыс білдірді.  

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы