Әлеумет

Бүгін «Ұмай» әйелдер ипотекасына өтініш қабылдау басталды

Бүгін «Ұмай» әйелдер ипотекасына өтініш қабылдау басталды

Отбасы банк «Ұмай» бағдарламасына өтінішті 10 мамырдан қабылдайды. Биыл бағдарламаға 15,6 млрд теңге жұмсалады. Бұл қаражатты Азия даму банкі үшінші транш аясында бөліп отыр, деп хабарлайды Отбасы банк. АДБ шарттарына сәйкес, Астана, Алматы, Ақтау және Атырау қалаларына жалпы қарыздың 40%-дан аспайтын бөлігін немесе 200-ге жуық несие бөлу жоспарланған. «Несиенің 60% облыстар мен шағын қалалардың тұрғындарына берілмек. Бұл өңірлердегі қазақстандық әйелдерді қолдау және несиелеуде диспропорцияны болдырмау мақсатында жасалды», делінген хабарламада. Бұл бағдарламагы іске асыруға АДБ бас-аяғы 38 млрд теңге көлемінде қаражат бөліп отыр. 2021 жылы «Ұмай» бағдарламасы басталған кезде, бірінші транш аясында, жалпы көлемі 8,4 млрд теңгеге 954 қазақстандық қыз-келіншек қарыз алған болатын. 2022 жылы 14 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 1 119 бұрымды баспана алып, қоныс тойын тойлады. Бағдарлама бойынша берілетін заемның ең жоғарғы құны 30 млн теңгеге дейін. Пайыздық мөлшерлеме биылғы жылы 14,4% (ЖТСМ – 15,4% бастап) тең, кейін ол 3,5%-5%-ға дейін (ЖТСМ – 3,6% бастап) төмендетіледі. «Ұмай» бағдарламасы бойынша қарыз алу мерзімі – 6 айдан 25 жылға дейін. Бұл ретте тұрғын үй таңдауда шектеулер жоқ, оны алғашқы және екінші нарықтан, соның ішінде үлестік қатысу шарттары бойынша сатып алуға болады. Сондай-ақ «Ұмай» бойынша баспананы жөндеу жұмыстарына да 3,7 млн теңгеге дейінгі мөлшерде қарыз алуға болады. Әлеуетті қарыз алушының ай сайынғы отбасылық табысы 550 000 теңгеден аспаса, ол 15%-дық бастапқы жарнамен несие ала алады. Ал отбасының ортақ кірісі айына 550 001 теңгеден 640 000 теңгеге дейінгі аралықта болса, онда тұрғын үйді 20%-дық алғашқы жарнамен алуға болады.

«Ұмай» бағдарламасы бойынша несиені otbasybank.kz порталында онлайн немесе банк бөлімшелерінде және кеңес беру орталықтарында рәсімдеуге болады.