Жаңалықтар

Ұлы мерекені тараздықтар да кең көлемде атап өтті

Ұлы мерекені тараздықтар да кең көлемде атап өтті

9 мамыр – Ұлы Жеңістің 78 жылдығына орай облыс орталығындағы Бауыржан Момышұлы атындағы Жеңіс саябағында мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Сұрапыл соғыста ерлікпен қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым ету мақсатында өткен шараға облыс әкімі Нұржан Нұржігітов пен оның орынбасарлары, барлық деңгейдегі департаменттердің басшылары, ардагерлер және қала тұрғындары қатысты.

Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы әділет полковнигі Нияз Рыспаев бастаған құқық қорғау қызметкерлері де бұл шараның бел ортасынан табылды. Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан бастау алған шарада аймақ басшысы Нұржан Молдиярұлы бұл күн – қасиетті мереке екенін атап өтті. Ал, батырдың немере інісі ардагер журналист Бекет Момынқұл көзі тірі ардагерлерге құрмет көрсету бүгінгі ұрпақтың міндеті екенін жеткізді. Айта кетейік, дәл осы күні облыс әкімі Нұржан Нұржігітов екі жыл бұрын Байзақ ауданында орын алған жарылыс кезінде қайтыс болған Бауыржан Дәуітбаевтың әкесі Талғат Нышанұлына орден табыстады.