Жаңалықтар

Ардагерлерді Жеңіс мерекесімен құттықтады

Ардагерлерді Жеңіс мерекесімен құттықтады

Жеңіс күніне орай жамбылдық басшылар соғыс ардагерлерін арнайы құттықтады. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров тараздық Виктор Долгонавтың шаңырағына барып мерекесімен құттықтап, ізге тілегін жеткізді. Майдангер 1926 жылы туған. 1945 жылы соғысқа шақырылған. Ол соғысқа дейін Кемерово облысы Ленинск-Кузнецск  қаласындағы соғыс зауытында жұмыс істеген. Соғыс  аяқталғаннан кейін  ішкі істер органдарында, Жамбыл қаласындағы №37239 әскери бөлімінде және суперфосфат зауытында қызмет еткен. «II дәрежелі Отан соғысы орденімен», «Маршал Жуков»  және «Германияны жеңгені үшін» мерекелік медальдармен марапатталған. Ал, облыс әкімінің орынбасары Ерболат Ибрайханов ардагер Шалданбай Шанбаевты құттықтап барды. Қарияға ыстық ықыласын білдіріп, жеткізді. Ш. Шанбаев 1924 жылы Луговой (қазіргі Т.Рысқұлов) ауданының Жаңатұрмыс аулында дүниеге келген. 1942 жылы әскерге шақырылған майдангер соғыстың соңына дейін ішкі істер әскерлерінің 227 полкі құрамында болып, соғыс  біткен соң да әскер қатарында қалған. Ол 1949 жылы елге оралып, трактор бригадасының бригадирі, санақшы ретінде еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққанға дейін «Жаңатұрмыс» колхозында есепші, бас есепшінің көмекшісі  болған. «II  дәрежелі Отан соғысы» орденімен және «Маршал Жуков» мерекелік медальдермен марапатталған. Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек тараздық ардагер Григорий Нещеретновті, облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсінбаев ардагер Базарбай Бурбаевты, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков ардагер Иван Макеевті мерекесімен құттықтады. Өз кезегінде майдангерлер де қиын кездегі естеліктерімен бөлісіп, елдің амандығын тілеп, жас ұрпақты бүгінгі бейбіт күннің бағасын білуге шақырды. Айта кетейік, осы секілді ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсетіп, Жеңіс мерекесімен құттықтау шаралары аудандарда да өз жалғасын табуда.

Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі