Білім

Бәріне неге мектеп пен мұғалім ғана кінәлі?

Бәріне неге мектеп пен мұғалім ғана кінәлі?

Тәрбие деген жан-жақты жауапкершілікті қажет ететін терең ұғым. «Тәрбие – тал бесіктен басталады» деп жатады. Бірақ қазіргі таңда баланың аяғы шалынып қалса, бір-біріне балағат сөз айтса, тіпті, қаламсабын жоғалтып алса да мектеп кінәлі.Ертеде қазақ бала тәрбиесіне өте қатты мән берген. Атасы немесе әкесі ер баланы қасына ертіп алып, тірлікке араластырған, істің жөнін үйреткен. Тіпті, ауыл жиналыстарына ертіп барған. Ондағы мақсат – бала үлкендердің сөзін естіп, ақсақалдардың шешімін тыңдап, ой түйсін, еңбекке дағдыланып, білімге ұмтылсын дегені. Ал аналарымыз қызғалдақтарын күн көзінен қызғанатын. Үйден алысқа кетуге тыйым салған. Қыз баланың мінезінің қалыптасуына көп көңіл бөлген. Оның бәрі қарапайым болып көрінетін шашты жинап жүру, тырнақты таза ұстау, етегін қымтау секілді қағидалардан басталған. Бүгінгі күннің балаларын өкінішке қарай, ұялы телефон «тәрбиелеп жатыр». Енді қалыптасып келе жатқан бала әлеуметтік желілерден көрген небір видеолармен санасын улауда. Сол жаман қылықты өмірде қайталауға ұмтылады. Сол бұзықтығын мектепте жасап жатқандар да аз емес. Оған кім кінәлі? Бұл жағдайда алдымен мектеп директоры, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, психолог, сынып жетекшісі жауапқа тартылады. Себебі, олар балалармен жұмыс жасайды-мыс.Оқушы мектепте 5-6 сағат уақытқа келгенде білім беріп те, тәрбие беріп те, психологиясымен жұмыс істеп үлгеруі керек. Бірақ, бұл жұмыстардың барлығы бір-біріне кедергісін тигізбеу керектігі тағы бар. Мектеп психологы баламен жұмыс жасау үшін дене шынықтыру, еңбекке баулу пәндерін аңдып жүреді. Одан бөлек, оқушы түн жарымында көшеде көлікпен жүріп апат болса немесе төбелестің астында қалса тағы да мектеп кінәлі. Сол мектептегі сынып жетекші айыпты болады. Сонда ата-ана қай кезде баласы үшін өз мойнына жауапкершілік алады? Кей мектептерде мыңға жуық оқушы болса, соның ішінде бір ғана оқушы аяғын мүлт басса, мектеп директорынан бастап жұмыстан шығады. Баланы екі жақтап әкесі мен анасы тәрбиелей алмағанда жалғыз директор мың баланы 6 сағатта қалай тәрбиелейді? Бұл сұрақ әлі де жауапсыз қала бермек пе? Бұл мұғалімдер немесе мектеп жауапкершіліктен қашып отыр деген сөз емес.

Тәрбие әкенің ақылы, ананың қанымен беріледі. Баланың ақылды, парасатты, әдепті болып өсуі ата-ананың мерейі. Қазақ сөзбен түзеп, көзбен тәрбиелеген ұлы халық қой. Даналығы мен даралығы, тәрбиесі мен өнегесі сөзінде жатыр. Осы болмысымыздан таймасақ жарар еді! Бала тәрбиесіне бәріміз де жауаптымыз. Осыны ата-аналар тарапы қашан түсінер екенбіз?

Самат АРЫН,

Ыбырайым Сүлейменов атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Сарысу ауданы