- Advertisement -

Майдангер ақын

138

- Advertisement -

Майдангер Мүтәліп Ережепбайұлы кейінгі жиырма жылдан астам уақыттан бері Тараз қаласында тұрады. Қазір 97 жаста. Осыдан оншақты жыл бұрын өз аяғымен редакцияларға келіп, әр бөлімдегі журналистермен әзілдесіп, мақала, өлеңдерін ұсынып, әңгімелесіп қайтатын. Майдангерді көріп, біз де бір жасап қалушы едік.

Ұлы Отан соғысының ардагерін облыс орталығындағы 12-шағынаудандағы пәтерінен таптық. Тынышбала апамыз екеуі тұрады. Бұрынғыдай сергек болмаса да, таныды. «Несіпбай көкемді білесіз бе?» деп едім. «Ә-ә, Несіпбайды білем ғой» деді.

Мүтәліп жастай майданға аттанып, Беларусь майданында соғысты. Бірнеше медальді кеудесіне тақты. Ақынжанды сарбаз майданның оқ бораған даласында жүріп, анасына өлеңмен хат жазған сәттері де болды.

«Туған елді көрем, бәлкім көрмеспін,

Ана сендей бола алмайды енді ешкім.

Отанымның тыныштығы жолында,

Жойқын жаумен белдестім, – деген өлең жолдарына толқымау мүмкін емес.

Мүтәліп ақсақал майданнан аман оралған сарбаздың бірі. Бірақ, жетім қалған балалар: «Менің баламды көрдің бе?», «Менің көкем көзіңізге түспеді ме?» деп аман оралғандардан үміттене сұраған жандарға «жоқ» деп жауап қату өте ауыр екен. Аман оралған майдангердің азапқа түсетін жері осы. Олар құдды барлық жауынгерлер бір майданда, бір бөлімшеде жүретіндей үмітпен сұрайды. Сондықтан, осы тұста барлық жауынгердің жауабы: «Көрдім. Сіздің балаңыз үлкен ерлік көрсетті. Алла жазса, келіп те қалады» деп амалсыз өтірік айтатын. Сол өтірікке де талай шерлі жүректер иланды, өздерін жұбатты.

Мүтәліп Ережепбайұлы өзі жақындатқан бейбіт күнде еңбекке де ерте араласып кетті. Аудандық партия комитетінде нұсқаушы, партия комитетінің хатшысы болды. Бес жыл бойы Социалистік Еңбек Ері, Әбдір Сағынтаевпен бірге еңбек етті. Кейіннен 26 жыл бойы аудандық «Талас тынысы» (ол кезде «Ленин жолы») газетінде бас редактордың орынбасары, бас редактор қызметтерін атқарды. Беріректе «Өмірім – өлеңім», «Оқ пен оттан оралғандар», «Жамбыл жолы», «Аңызға айналған ақиқат» атты кітаптар жазды. Үлгілі әулеттің отағасы. Асыл жары Тынышбала екеуі 6 ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан 15 немере, 10 шөбере сүйіп отыр. Талас ауданының Құрметті азаматы.

Мүтәліп қария майдангердің үйінде қазақтың қара домбырасы ілініп тұр. Қолына ұстап керемет бір әсерлі әуенді ойнап берді. Әнге қосылмады. Осыдан 5-6 жыл бұрын домбыраға қосылып ән салушы еді. Қолына газет ұстатып едім, «Aq jol» газетінің бас тақырыбын көзілдіріксіз оқып жатыр. «Көкемнің көз жанары жақсы екен» деп қуанып қалдық. 97 жас дегеніңіз оңай емес. Айтпақшы, осы жасында атамыз Президент және Парламент сайлауларында өз аяғымен барып дауыс берді.

Қайтатын сәтімізде: «Жаратушы жастарға өмір берсін. Еліміз аман болсын! Бейбіт заман болсын» деп бата берді. Өздері соғыс зардабын татқан ұрпақ бейбіт күнді бағалайды, қадірін біледі.

Сіз де аман жүріңіз, соғыстың соңғы солдаты…

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support