- Advertisement -

Мойынқұмда маңызды мәселелер оң шешімін табады

214

- Advertisement -

Өндірісі жанданып, экономикасы артып келе жатқан Мойынқұм ауданында жұмыс сапарымен болған облыс әкімі Нұржан Нұржігітов бірқатар әлеуметтік мекемелердің жұмысымен танысып, нысандардың жай-күйін көрді.

Өңір басшысы барған алғашқы нысан – Ұланбел ауылындағы демеушілер есебінен салынған спорт және балалар ойын алаңшасы. «QazaqGaz барлау және өндіру» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі демеушілігімен салынған алаңша заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған.

Бұдан соң Сарыөзек ауылындағы ауыз су имаратының жұмысымен де танысқан облыс әкімі елді мекендерге таза ауыз су тәулік бойы үздіксіз берілу керектігін ескертті. Сондай-ақ, Нұржан Нұржігітов Сарыөзек пен Құмөзек ауылдарындағы орта мектептер мен медпункттің, балабақшаның да жұмысымен танысты. Білім ошақтарында балаларды құнарлы ыстық тамақпен қамтуға, сапалы білім мен тәрбие беруге айрықша назар аудару керектігін баса айтты.

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Қарабөгет ауылына кіреберістегі автомобиль жолындағы көпірдің апатты жағдайын көріп, оны күрделі жөндеуден өткізу жобасымен танысып, жобалық-сметалық құжаттарын тезірек нақтылауды тапсырды. Қазіргі таңда жобасы мемлекеттік сараптамадан өтіп жатқан көпір алдағы жылы жөнделмек.

Бұдан кейін Айдарлы ауылындағы «Мойынқұм құс» шаруашылығында болған облыс әкіміне кәсіпорынның алдағы жоспары баяндалды. Жылдық қуаты 1,6 миллион дана тауық жұмыртқасын өндіруге арналған фермада қазіргі таңда 600 балапан өсірілуде. Қора- жайларының сыйымдылығы 2000- нан астам тауықты құрайтын шаруашылық етті түйетауықтың елімізде сирек кездесетін түрін өсіруді де қолға алуда. Ферма басшысы Батырхан Тайбағаров алдағы уақытта шаруашылықтың ауқымын кеңейтуге деген ниетін жеткізіп, қосымша базалар соғу үшін қолдау білдіруді сұрады. Нұржан Нұржігітов «Ауыл аманаты» жобасы аясында қолдау тетіктері қарастырылатынын жеткізді. Сонымен қатар, аталған ауылдағы спорт кешенінің құрылысымен танысып, жауаптыларға жұмыстардың сапасы мен мерзімін қатаң бақылауда ұстау, нысанды кестеден кешіктірмей осы жылы тапсыру бойынша нақты міндеттер жүктеді.

Сондай-ақ, облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Ұланбел және Қарабөгет ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті.

Бүгінгі күнге дейін өңірдегі барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен 560 кездесуі өтсе, оның 24-і облыс әкімінің қатысуымен ұйымдастырылған.

Мойынқұм ауданының шалғай ауылдары Ұланбел және Қарабөгет ауылдық округтерінде өткен кездесуге облыстық құқық қорғау органдарының және мемлекеттік кірістер басқармасының басшылық өкілдері де қатысты.

Алғашқы жиын Ұланбел ауылдық округінде өтті. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов өңірдің кешенді даму жоспарына сәйкес 2025 жылдың соңына дейін барлық елді мекенді ауыз су және табиғи газбен қамту мәселесін шешу көзделгенін жеткізді. Сондай-ақ, биыл облыстағы 25 елді мекенге таза ауыз су тартылып жатқанын, Мойынқұм ауданына келер жылы көгілдір отын жеткізу үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде екенін атап өтті.

Басқосу барысында ауылдағы ұялы байланыс пен интернеттің әлсіздігі, мүйізді ірі қара мал арасында тараған аурудың алдын алуға қатысты мәселелерді шешу бойынша тиісті шаралардың жүзеге асатындығы айтылды.

– Кез келген мәселе негізінен жергілікті жерде шешілуі тиіс. Ол үшін тұрғындар мен ауыл әкімі өзара түсінісіп жұмыс істеуі маңызды. Мемлекет өз міндеттемелерін орындайды. Дегенмен, бұл тұрғыда тұрғындардың да ортақ жауапкершілікті сезінуі, жергілікті билікке деген сенімі аса маңызды. Барлық мәселелер кезең-кезеңімен шешіледі, – деді Нұржан Нұржігітов.

Дәл осындай форматтағы кездесу Қарабөгет ауылдық округінде де өтті. Мұнда ауылдықтар жол жөндеу, малдардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу, ағын су және тағы да басқа мәселелерді көтерді.

Барлық сұрақтарға жауаптар берілді.

Аталған ауылдық округ «Ауыл аманаты» жобасының келесі кезеңіне енеді деп жоспарлануда. Кездесулерден кейін облыс әкімі Нұржан Нұржігітов тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады.

 

 Марат ҚҰЛИБАЕВ

Мойынқұм ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support