Мемлекет қолдауымен түлеуде
Мемлекет қолдауымен түлеуде
Ауыл шаруашылығын дамыту Мемлекет басшысының назарынан тыс қалған емес. «Біздің... ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламамыз жалғаса береді. Бұл туралы алдағы жылы Үкіметтің алғашқы кеңейтілген отырысында нақты әңгіме қозғайтын боламыз», деп атап көрсетті Елбасы Қазақстан халқына биылғы Жолдауында. Жыл болса аяқталуға жақын. Нәтиже қандай? Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Бақыт Қазанбасов осы мәселе жөнінде әңгіме қозғайды.
– Ауданымыз негізінен егін және мал шаруашылығымен шұғылданады. Биыл 5200 гектар жерге күздік бидай себілді. Күзгі жиын-терін науқанында 683 гектар картоптың әр гектарынан 217 центнерден өнім алынып, жалпы түсімі 14821 тоннаны құраса, 385 гектар бақша дақылдарынан 9587 тонна өнім жиналып, әр гектардан 249 центнерден айналды. 5116 гектар майлы дақылдың әр гектарынан 7 центнерден өнім алынып, түсім 3582 тоннаны құрады. – Әңгіме арнасын мал шаруашылығына бұрсақ... – Ауданымызда 36704 бас мүйізді ірі қара, 212050 бас қой-ешкі, 2450 бас жылқы, 50 бас түйе, 7550 шошқа, 101004 үй құсы бар. Бүгінгі күнге 33865 тонна сүт, 5731,5 тонна ет, 5902 мың дана жұмыртқа өндіріліп, 368 тонна жүн қырқылды. Алынған төлге келсек, әр жүз сиырдан – 97 бұзау, қой-ешкіден – 98 қозы-лақ, биеден – 82 құлын, түйеден – 17 бота, шошқадан 1438 торай өргіздік. – Ауданда асыл тұқымды шаруашылықтар бар шығар? – Әрине, 2013 жылы олардың саны 9 болса, биыл 21-ге жетіп отыр. – Субсидиялау жағы қалай? – Үкіметтің қолдауы асыл тұқымды шаруашылықтардың алға жылжуына көп септігін тигізіп отыр. Мал өнімдерін сатқаны үшін оларға 2013 жылы – 80,4 миллион, 2014 жылы 146,7 миллион теңге субсидия берілді. Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту үшін шаруашылықтар 2013 жылы – 62,1 миллион, биыл 119,5 миллион теңге субсидия алды. – Жылдан-жылға халықтың жағдайы жақсарып келеді. Апта сайын өтетін ауылшаруашылығы тауарлары жәрмеңкесі қалалықтар дастарханын асқа толтыруда. – Оныңыз рас. Облыс әкімінің ұйымдастыруымен Астана, Алматы, Тараз қалаларында өткен жәрмеңкеден біздің тауар өндірушілер де қалыс қалған жоқ. Ет, сүт өнімдері, картоп, қызанақ, қырыққабат, жалпы не керектің барлығын әр аптаның сенбісінде облыс орталығында өткен жәрмеңкеде сатылды. Бағасы – қолжетімді, сапасы – көңілге қонымды. – Малды есепке алу, яғни, бірдейлендіру жұмысы қалай жүргізілуде? – Бірдейлендіру жұмысы он айдың қорытындысы бойынша 100 пайызға орындалды. Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан 1 қарашасына дейінгі аралықта бірдейлендіру базасына 19577 бас мүйізді ірі қара енгізілсе, 8257 бас есептен шыққан. Барлық мал осылайша дер кезінде есепке алынып бірдейленеді. Бірдейлендіру жұмысы жыл бойы тоқтамақ емес. Қазір әр ауылдық округте мал дәрігері бар. Олардың бәріне «Нива» жеңіл автокөлігі, компьютер берілген. – Мал бордақылау алаңдары мен сүт фермаларының жұмысына тоқталсаңыз. – «Тимофеев» фермерлік шаруа қожалығы сүт көлемін 669 мың литрге жеткізуді, одан 1061 килограмм сары май, 3550 килограмм қатты ірімшік, 5050 килограмм чечел алуды мақсат етіп, израильдік «TEZZA» компаниясымен құны 153 мың АҚШ долларын құрайтын жаңа сүт өндіру жүйесін жүргізуге келісім жасасты. Несие алу үшін барлық құжаттар «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның қарауына 10 пайызбен (7 пайызы субсидияланды), 15 пайызы алдын ала төлем жасау (22,95 мың АҚШ доллары) кепілдікке құрал-жабдықтары орналастыратын ғимаратты қою шартымен дайындалды. Ауданда 7 мал бордақылау алаңы бар. Сыйымдылығы 820 бас мүйізді ірі қара, 250 бас жылқы, 400 бас қойды құрайды. – Мұндайда жемшөп көп мәселені шешеді ғой. Малшылардың қысқы маусымға дайындығы қандай? – Ерте көктемнен мал азығын дайындауға кіріскен шаруашылықтар, жеке тұрғындар межеленген 95480 тонна орнына 98079 тонна құнарлы шөп дайындады. Мойынқұм өңірінде 10 ауылдық округтен 67 шаруа қожалығы малын қыстатпақ. Бәрі де қыс маусымына тастүйін дайын. Әр қыстау басына 60 тоннаға жуық шөп жеткізілді. Қора-қопсылары бүтін, жылы әрі таза. Отын-сумен толық қамтылған. Азық-түліктері де бар. Адамға да, малға да барлық жағдай жасалған. – Шешімін таппай келе жатқан мәселелер де бар шығар? – Әрине, бар ғой. Көптен көкейімде жүрген екі мәселе бар. Біріншісі, малшылардың көбісінде мылтық жоқ. Аш қасқырлар Мойынқұм өңірінде босып жүр. Біздің малшылар мекен ететін шеңберде ұялы телефон тартпайды. Жаман айтпай жақсы жоқ, шалғайдағы өңірде өрт шықса немесе малшы қиын жағдайға душар болса, қалай хабарласпақпыз? Осының бір шешімі болса деген ой біздікі. Мұндайда аудандық, облыстық ішкі істер қызметінің және облыстық телекоммуникация торабы басқармасының көмегі ауадай қажет болып тұр. Екінші мәселе – осы. – Әңгімеңізге рахмет!