Экономика

Даму деңгейіміздің көрсеткіші

Даму деңгейіміздің көрсеткіші

14Дүйсенбек Қойжанов, «Қазақ автожол» РМК Жамбыл облыстық филиалының директоры.

«Жол – мемлекет­тің бет-бейнесі». Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев темір және автомобиль жолдарының маңызына осындай баға берді. Елбасы жуырдағы Жолдауында «Елдің өркенін білгің келсе, жолына қара» деген қағида қалыптасқан. Барыс-келіс пен алыс-берісте жол қатынасы айрықша маңызға ие. Көне замандарда ірі қалаларымыздың көбі Ұлы Жібек жолын жағалай қоныс тепкен. Қазір де қайнаған тіршілік күре жолдардың бойында. Жол – шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің көзі», – деп ерекше атап өтті. Кез-келген мемлекеттің әлеуеті мен даму деңгейі жолдарының жағдайынан да айқын аңғарылады. Еліміздің экономикасы қарыштап өркендеуіне байланысты бұл салаға жыл сайын қыруар қаражат бөлінуде. Соның нәтижесінде еліміз, оның ішінде облысымызда бұрынғылары қайта қалпына келтірілуімен қатар, жаңа халықаралық стандарттарға сәйкес жолдар салынуда. Осыдан он жыл бұрын өңірдегі республикалық маңызы бар автомобиль жолының ұзындығы 847 шақырымды құраса, қазір ол 1082,7 шақырымға жетті. Облысымызда ғасырдың ғаламат жобасы аталған «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көліктік дәлізінің құрылысы келесі жылдың соңында толық аяқталатын болады. Жоба аясында аймақта 495,3 шақырым жол жаңартылады. «Қазақ автожол» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл облыстық филиалы облыс аумағындағы 1024 шақырым республикалық мәндегі автомобиль жолын ағымдағы жөндеу, қайта күтіп ұстау және көгеріштендірумен шұғылданады. Филиалға қарасты Қордай, Меркі, Ақсүйек, Тараз қаласы және Шудағы жол пайдалану бөлімдері бүгінде республикалық мәндегі 1024 шақырым жолға қызмет көрсетеді. Бүгінде кәсіпорында 152 адам жұмыс істейді. Жолшылар өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарап, жоғары тиімділікпен еңбек етуге күш салуда. Соның нәтижесінде, үстіміздегі жылы шұңқыр жөндеу жөніндегі жоспар – 102, жол белгілерін ауыстыру – 101,8, панно ауыстыру мен орнату – 100, белгі беру бағаналарын орнату – 127,7, қоршау жөндеу – 145,1, шақырым көрсетілімдерін қою – 100, автопавильондарды жөндеу – 100 және жарылған жерлерге битум құю 100 пайызға орындалды. Осы мерзімде 700 миллионға жуық теңгенің жұмысы игерілді. Инновация – бәсекеге қабілеттілік кепілі. Сондықтан да біз қолда бар техниканы жаңартып отыруға ерекше көңіл бөлеміз. Қазір бізде техниканың саны 65 бірлікке жетті. Олардың 70 пайызы – жаңа. Кәсіпорында соңғы үш жылда жаңа – 12, биыл тағы да 7 бірлік техника сатып алынды. Статистикаға жүгінсек, еліміздегі жол-көлік оқиғаларының 30 пайызы жолдың сапасыздығынан орын алады екен. Осыны жақсы түсінген мамандарымыз өздерінің міндеттеріне ұдайы жауапкершілікпен қарауға күш салады. 2014-2015 жылдардағы қыс мезгіліне тиянақты әзірлік жүргізілді. Биыл тайғаққа қарсы себілетін 18210 текше метр құм, 526 тонна дизель отыны және 132 мың литр бензин дайындалды. Бұл – белгіленген тапсырмадан біршама көп. Асуларға және қауіпті аумақтарға қиыршық құмның қажетті мөлшері жеткізілген. Филиалда білікті мамандар даярлау дұрыс жолға қойылған. Жаңадан жұмысқа орналас­қан жастар тәжірибелі механизаторларға бекітіледі. Бір жылдан кейін олар білікті маман болып шығады. Кәсіпорында жастарды кәсіптеріне баулуда бас инженер Әбдірахман Айтжанов, Қордай, Шу және Меркі жол пайдалану бөлімінің басшылары Еділ Жомартов, Ерғали Әбішев және бас инженер Жанұзақ Таникеев үлкен үлес қосып келеді. Байырғы жолшы Шоқан Тілеубаев, Жаңалық Көкешбаев, Рүстем Шарбасов, жүргізушілер Ержан Бөлекбаев, Аманжол Сәлдебаев, Ғалымжан Әтеев және Абай Танкеев өз міндеттеріне әркез жауапкершілікпен қарайды. Мұның өзі бізге ірі жұмыс ауқымын еңсеруге игі ықпалын тигізуде. Бүгінде мамандарымыздың бар күш-жігері республикалық мәндегі автомобиль жолын қардан тазарту, тайғақ тұстарға құм себуге жұмылдырылуда. Асуларда кезекшілік ұйымдастырылып, жолдың жағдайы тұрақты қадағалануда. Мұның өзі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге игі ықпалын тигізуде.