- Advertisement -

Дүйсебаевтың рухани дүниесі

220

- Advertisement -

Ардагер журналист Маханбетәлі Дүйсебаевтың Тараздағы «Формат-Принт» баспасынан жарық көрген «Жадымның жаңғырықтары» атты кітабына тарихи-танымдық шығармалары, очерк-суреттемелері мен естеліктері топтастырылған. «Келбет», «Соғыстан қайтқан солдаттар», «Әріптестер», «Курстастар», «Көзқарас», «Барлық жол Қозыбасыға апарады» және «Достар лебізі» бөлімдеріне енгізілген мақалалардың қай-қайсысы да байыпты баяндау, қызықты оқиғаларымен бірден-ақ баурап әкете береді.

Мысалы, «Келбеттегі» «Тағдырды таптап өткен тұлға» қоғам қайраткері, күрескер Жүсіпбек Арыстанов, «Көптің жүрегіндегі тұлға» ұлағатты ұстаз Темірбек Қожакеев, «Қаратаудың қара қобызы» өнерпаз ақын, журналист Мүтәліп Ережепбаев, «Тағдырымда тұрар жаңғырып» қарапайым мектеп мұғалімдері Бораш, Амандос, Пернебек ағайлары туралы. Өмірдің әр кезеңінде өмір сүріп, әр салада жұмыс істегендер. Әрқайсысының басынан кешкендері бір-бір хикаятқа арқау болғандай. Махаң оларды суреттеме аясына сыйдырып, олар туралы оқырманға тамаша баяндаумен тартымды етіп, жеткізе білген. Бұл – қаламгер шеберлігі.

«Соғыстан қайтқан солдаттардағы» әрбір очеркі көңіл тебірентерлік. Махаңның шеберлігі сол, өзі де жаужүрек майдангерлермен бірге жаумен жан алысып, жан берісіп соғысып жүргендей кейіпке енеді де, оқырманды да оқиға ортасына тартып әкетеді. Маханбетәлі – соғыс жеңіспен аяқталса да, оның жарасы әлі жазыла қоймаған, тіпті, кейбір жүректерде тамшылап тұрған жылдардың төлі. Ол есін білгеннен соғыс ардагерлерін көріп, соғыс зардабын тартқандардың зарын естіп өсті. Сондықтан да оның қарт майдангерлер жайлы жазғанының қай-қайсысы да шынайы. Сонысымен құнды.

«Әріптестер», «Курстастар», «Көзқарас» бөлімдеріндегі очерк-суреттемелер мен рецензиялар біздің замандастарымыздың жасампаз істері, олардың өнерде бейнеленуі туралы толғайды.

«Барлық жол Қозыбасыға апарады» бөліміндегі «Тәу етер Тәуелсіздік биігі» атты жазба-суреттеме – жоғары бағалауға лайық тарихи-танымдық еңбек.

Мақаланы оқып отырып облысымыздың жартысына жуық аумағын алып жатқан Мойынқұмның жарты ғасырлық тарихын алдыңыздан өткізіп, ауданды шарлап шыққандай болатыныңыз сөзсіз. Мұндағы жер-су атауларын, өсімдіктер мен жан-жануарлар түрлерін саусақпен санағандай жіктеп-жіліктеп атағанда автордың зерделі зерттеуі мен журналистік ізденісіне тәнті боласыз.

Бұл мақала Қазақ мемлекеттігінің бастауы Қазақ хандығының қалыптасуынан аз-кем мағлұмат бере отырып, Мойынқұм жері тұнып тұрған тарих екенін еске алады.

Арғы-бергі тарихтан сыр тарта келіп, Тәуелсіздік тұсында да тұрлаулы тіршіліктің тіні үзілмей, жалғасын тауып жатқанын, ендігі жерде ата-баба аңсаған тәуелсіздік мәңгі жасай беретінін аңғартады және заман атынан сеніммен айтады.

Журналист – қоғамның қозғаушы күші. Тарих тамырын тап басқан қаламгердің айтуға құқығы бар.

Мақала осыдан 15 жыл бұрын жазылғанымен заман ағымына бүгінгі күн тұрғысынан баға берілген. Оның өміршеңдігі де сонда.

Ардагер журналистің бұл кітабы автордың ғана емес, адамдардың да жадын жаңғыртып, тарихи танымын арттырып, рухани байлық сыйлайды. Бұл жағынан еңбекті «Дүйсебаевтың рухани дүниесі» десек, еш жаңылыспайтын шығармыз.

Біз кітапты оқып шыққанда сондай сезімде болдық, сіз де оқып көріңіз.

 

Болат ЖАППАРҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support